8 247 400 ТЕҢГЕГЕ САТЫЛЫП КЕТКЕН ОРМАН АЛҚАБЫ

0
235

Кешегі экс президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жер телімін қолынан келгендер қоншынан басып иеленді ғой. Қалталысы бар, тамыр-танысы барлар жер алып, жер сатумен айналысты. Сатып алған таулы, ойлы қыраттарды шыр айналдыра қоршап, ауылдағы қарапайым жұрт қолындағы бес-алты тұяғын өргізетін жайылым таппай ұлардай шулады.

Жаңа Қазақстан құрылғалы бері есепсіз-қисапсыз жер иеленгендердің әрі ол жерді игермей, қоршап алғандардан арнайы комиссия құрылып, мемлекет меншігіне кері қайтарылып жатыр. Оның тек қана жайылым жерлер ғана емес, құрылыс нысандарын саламыз деп алған жер телімдері де бар. Сондай жер телімдерінің бірі бүгінде дау-дамайға ұласып тұр.
«Талдықорғандағы 15 га және 45,2 га жер телімі 2006 жылы 28 желтоқсанда жеке қолға өткен. Жалпы ауданы: 60,2 га таза орман. 2012 жылы коттедждік қалашық құрылысына 12,4 га жер ауыстырылған. Соттың көмегімен 2023 жылдың 14 наурызында Талдықорған орманы 224 учаскеге бөлініпті», — деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. «Бақсам бақа екен» демекші, бұл жердің сату тарихы сонау 2006 жылға келіп тіреліп тұр. Қаладағы «Ардагерлер саябағының» аумағындағы жер телімі жекенің қолына 8 247 400 теңгеге сатылған. Ол кезеңде Талдықорған қаласының тізгіні марқұм Сәкен Егінбайұлы Жылқайдаровтың қолында болған. Алматы облысының орталығы 2001 жылы Талдықорғанға көшіп келгенде қаланың көлемі қазіргідей үлкен емес, шағын әрі әлеумет еңсесін енді тіктеп келе жатқан-ды. Сол кезеңде қала басшылығы жерді игеремін деген кәсіп иесін қуана қарсы алып, қала халқының әлеуметтік деңгейін барынша көтеруді жоспарлағаны айдан анық. Бар гәп орманды алқаптың жер телімінің саудаланғанында болып тұр. Енді міне, қаланың көркіне көрік қосып, құсы сайрап, айналасына шуақ төккен әдемі демалыс аймағының күлі көкке ұшайын деп тұр. 60,2 гектар орманды алқапты бар болғаны 8 247 400 теңгеге сатып алған кәсіпкер орман аумағына қалашық саламын деп жұлқынып отырған көрінеді. Мұндағы коттедж қалашығының құрылысы туралы ақпаратты тұпнұсқада ұсынуды жөн көрдік. Қалалық әкімдік Талдықорғанның бүкіл орманын кімге, қаншаға сыйға тартқанын білгіңіз келсе құжатқа үңіліңіз.
«Бұл жер телімі Манликова Равзаға жеке меншікке ауданы 15 га сервистік және инфрақұрылымдық нысандары бар коттедждік қалашық салу үшін беріліпті. Аумақ-тың мекенжайы: «Абай» көшесі, «Ардагерлер саябағы» (Талдықорған қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 28 желтоқсандағы № 38-1555 қаулысы) . Сондай-ақ, Талдықорған қаласы әкімдігінің 2006 жылғы 28 желтоқсандағы №38-1549 қаулысымен Манликова Равзаға дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, ойын-сауық саябағы мен ойын-сауық кешенін салу үшін 45,2 га жер телімі берілген. Толық инфрақұрылымы бар қызмет көрсету объектілері, Чкалова көшесі, «Манликова Равза» ШҚ.
Одан әрі Талдықорған қаласы әкімдігінің 2012 жылғы қыркүйектегі №26-925 қаулысымен «Ардагерлер саябағы» аумағында спорттық-сауықтыру кешенін салу үшін орналасқан 12,4 га жер учаскесінің нысаналы мақсаты белгіленді. Демалыс кешені, ойын-сауық саябағы және толық инфрақұрылымы бар қызмет көрсету нысандары бар ойын-сауық кешені коттедждік қалашық құрылысына ауыстырылды. 2014 жылы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тұсында, 2014 жылғы 31 желтоқсандағы №40-1406 қаулысымен коттедждік қалашық салу үшін «Ардагерлер саябағы» аумағындағы «Чкалова» көшесінің қиылысындағы «Абай» көшесінде орналасқан 35,4 га жер телімінің учаскесі Равза Манликоваға түпкілікті бекітіледі.
2017 жылғы 13 наурыздағы №520 коттедждік қалашық салу үшін жер учаскесін сыйға тарту шартының негізінде Манликова Равза Манликов Қайратқа көлемі 35,4 га жер телімін береді.
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 наурыздағы №3394-22-00-4/630 іс қаулысы негізінде жер учаскесін 224 учаскеге бөлуге және жерге орналастыру жобалары бекітілді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 145-бабының 1-тармағына сәйкес, 2024 жылғы 11 наурыздағы №89-16-20/120-I хаты «ҚР Жер ресурстарын басқару басқармасы» ММ-не жолданды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетiнiң Жетісу облысына жер учаскесiн беру заңдылығына тексеру жүргiзсiн».
Құжатқа үңілсеңіз, жер телімі бір адамның қолынан тағы басқа адамның қолына өткен секілді. Оның үстіне, облыс орталығының геопортал сайтында бәрі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Әрине, әртүрлі болжам жасауға болады. Орман шаруашылығының құзырындағы аймақ қалай жекеге өтіп кеткені үлкен күмән тудырады. «Апам да аң таң, атам да аң таң» дегендей, қаланың ішінен, не аумағынан инфрақұрылымды құрылыс салуға жер құрып қалғандай жайқалып тұрған орманды жекеге сатып жіберу, орманды алқапқа жасалып тұрған қиянат. Егер сатып алған ақы иесі сотта жеңіп шығып, құрылыс салатын болса, орман ағаштары оталады. Бұл табиғатқа балта шапқанмен бірдей. Әрі, орманды жою қаланың экологиясына кері әсерін тигізері даусыз. Оны экобелсенділер әлеуметтік желіге жарыса жазуда. Мәселен, қала тұрғыны Андрей Базелников ағаштарды кесу табиғатқа жасаған қастандық екенін айтады.
«Қай жерге болсын қалашық салып, шаһарды көркейтуге болады, тек бұл жерге емес. Бұл орманның осындай жайқалып өсуіне жарты ғасыр уақыт кетті делік. Ойлаңыз, табиғат-ананың елу жылдық даму үдерісін бір күнде отқа орау қылмыспен пара-пар емес пе? Айналасы аң-құсқа толған жасыл алқапты жоғалту өзі де жылдан жылға экологиясы құрып бара жатқан қалаға қастандық жасаумен бірдей. Ең дұрыс шешім, жерді мемлекетке қайтару. Талдықорғанның тынысына айналған орманды құртуға болмайды. Қайта сақтап қалу үшін мемлекет тарапынан көмектесу шарт», – дейді экобелсенді А.Базелников. Экобелсендінің базынасы орынды, бұны қала халқы да қолдарын көтеріп тұрып қолдайтындары айдан анық. Болары болып, бояуы сіңіп кеткен бұл іске қала әкімі заң аясында қалай тойтарыс бере алады? Жер телімін беру тек 2006 жылмен ғана шектеліп қалмай, бертінге дейін жалғасқан. Құжатта көрсетілгендей, заң шеңберінде былтыр жерді 224 учаскеге бөлу туралы шешім шыққан. Оны жергілікті биліктің байқамады дегеніне кім сенеді? Тек қоғам белсенділері дабыл қаққаннан кейін әрекет етуге көшкен. Жергілікті «taldykorganec.insta» парақшасына таралған ашық ақпараттан кейін қоғам ішінде үлкен резонанс туып, мәселенің мән-жайы жүйеленді.
«Мен әкім ретінде әрі Талдықорған қаласының тұрғыны ретінде бұл құжатқа қарсымын. Обал ғой, қаншама ағаш кесілгелі тұр. Оның үстіне ешқандай инфрақұрылым жоқ. Оны қалай сатқан, сатқан адам не ойланғаны белгісіз. Мұнда канализация, электр, су желісі жоқ. Хутрдың өзіне енді ойластырып жатырмыз. 224 участоктың гост актісі жасалғанымен біз келіспейміз. Олар құрылыс жүргізуге келісім сұрағанда, біз бірден қарсы шықтық. Иесі сотқа жүгінеміз деді, біз бәрібір архитектуралық жоспарды бермейміз дедік. Қандай жағдайда да біз заң аясында қайта саралау жұмысын жүргіземіз. Меніңше, 2006 жылғы жердің егжей-тегжейлі орналасу жоспары (пдп) бүгінгіге сәйкес келмейді. Картада 35 гектар мүлде басқаша орналасқан. Бұл тақырыппен құқық қорғау органдары өздері айналысады», – дейді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Қала әкімінің айтуынша, бұл тығырықтан шығар екі амал бар. Алғашқысы, жеке меншік иесіне берілген құжаттан қайта тексеру барысында қандай да бір шикілік шықса, заңға сүйеніп жерді мемлекет өзіне қайтара алады. Олай болмаған жағдайда әкімшілікке өте қиын болмақ. Себебі, жеке меншік иесін Конституциямыздың өзі қорғайды, одан асырып ешкім айла қолдана алмайды. Ал екіншісі олармен келісімге келу. Яки, қала маңынан құрылыс жүргізуге басқа жер телімін ұсынады.
Дегенмен қазірдің өзінде жердің егжей-тегжейлі орналасу жоспары дұрыс емес екені айтылуда. Архивті қайта қарап, салыстыру жұмыстары жүргізіледі. Қала әкімдігі сәулет-жоспарлау тапсырмасын бәрібір бермейміз деп отыр. Жерді қашықтықтан барлау және жер ресурстарын басқару департаментіне арнайы хат та жолдаған. Ал екінші тараппен келісімге келсе, жерді бөліп-бөліп беруге бейіл. Антикор да бұл істі өз қадағалауына алған екен. Алдағы уақытта істің нақты шешімі шығады. Кезінде саудаға түсіп, бүгінгі күні қала әкімін сарсаңға салып отырған орман алқабы қалай шешіледі? Жер мемлекет меншігіне қайтарыла ма, жоқ па? Болмаса жер иесі мемлекетке қайта сата ма? Егер мемлекетке қайта сатылатын болса, ол қымбатқа түсуі мүмкін. Бұл жер теліміне қатысты мәселеге халық қалаулылары да қалыс қалып отырған жоқ. Жетісу өңірінен сайланған сенаторлар Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Ғабдылкәрімұлы және Мәжіліс депутаттары Болат Керімбек пен Бақытжан Базарбек те бұл істі жеке бақылауларына алып, бассыздыққа жол бермеуге тырысатынын айтуда.
«Әлеуметтік желіде дүрбелең тудырған жер телімі туралы жағымсыз хабар бізді де елең еткізді. Қарап отырсақ, 2006 жылы Талдықорған қаласының әкімдігі Жер кодексінің талаптарын заңсыз бұзу арқылы кәсіпкерге берген. Орманды алқап онсыз да жетіспей жатқан шақта ағаштарды кесу ақылға қонбайтын іс. Халық серуендеп, қариялар бой жазатын аумақты жою табиғатты қорлаумен тең. Жерді мемлекет меншігіне қайта қайтару үшін бар амалды қарастырамыз. Талдықорғандықтардың тілегі орынды. Алдағы уақытта «Жер аманаты» жобасы бойынша тексеріс жүреді. Халықтың өтініші ескерусіз қалмауы шарт», – дейді депутат Бақытжан Базарбеков.
Аталған істе құзырлы органдар жердің жеке меншікке берілуіне қатысты жалпы оның заңдылығын зерделеп, шешімін шығарған соң заң аясында шаралар қабылданады. Әкімдік өз позициясынан ары жылжымаймыз десе, ал жер иесі «күрек менің қолымда» деп қарсылық білдіруде. Қазір бұл жердің нарықтағы бағасы бірнеше есеге өскен. Сондықтан сатып алған ақшаны қайтарып алу кәсіпкерге тиімсіз. Жиырма жылдан кейін ол бағаға Талдықорғанның ортасына он соты жер де ала алмайсыз. Мұны ардагер журналист, қоғам зиялысы Жұмахмет Жайлаубаев та айтып отыр.
«Екі тараптың өтініші орынды. Дегенмен жер иесі кәсіпкер болғандықтан мәселе
уақыт пен қаржыға келіп тіреледі. Егер қалашық соғып, сататын болса, қала ортасындағы үйлер қымбатқа өтеді. Әкімдік басқа жер беретін болса, қаланың сыртынан тауып бере алады. Онда кәсіпкер ұтылып қалғалы тұр. Ал оның жерді қалай сатып алғаны бөлек әңгіме. Талдықорғанның талын кесіп, табиғатын отап тынысы ашылған жанды көрмедік. Халық тілеуі орынды, әкімшілік қайтсе де жерді қайтарып алуы тиіс», – дейді Жұмахмет Жайлаубаев.
Әлі істің нақты нүктесі қойылған жоқ. Үдеріс әлі ұзаққа созылатыны даусыз. Кәсіпкер жерді мемлекетке жиырма есе қымбатқа сатуға құқылы. Оны да ескергеніңіз абзал. Көтерілген мәселе тілшілердің назарында болады.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ