ЗИЯЛЫ ҚАУЫМНЫҢ БАЛАСЫ ҚАЙ ТІЛДЕ ОҚЫП ЖҮР?

0
272

Зиялы қауым жазушылардың, ақындардың балалары қазақ тілін білмесе, әкелерінің төл туындыларын ана тілінде оқи алмаса, қазақ мектебінде оқымаса, «ойбай бізде аралас мектеп көп, қазақтардың өзі балаларын аралас мектепке беріп жүр» деп кімге кінә артамыз?

Өткен 2023 жылы қыркүйек айында «В контакте» желісінде Динара Қыдырбайқызының «Ақын-жазушы балалары» атты мақаласы жарық көрді. Оқыдым, «Қатты састым, бетті бастым» дегеннің кебі болды. Мақаланы оқып отырсаң мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар үлкен мінберлерде қазақтың мүддесін көздеп, шыбын жандары шырылдағанымен өз отбасында ұрпақтарына қазақи тәрбие бере алмағандарын көріп қарның ашады.
Жұбан Молдағалиев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Шерхан Мұртазаның ұрпақтары «ауыр да болса айтайық, қазақ тілді емес көрінеді» дейді мақала авторы Динара Қыдырбайқызы. Апыр-ай, дейсің. Бірақ… ақиқаты осы. Ащы шындық шырылдап тұр. «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп жырлаған Жұбан ақынның,
«Ана тілің арың бұл,
Ұятың болып тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте»
деген Қадыр ақынның, Тұманбайдың балалары қазақ тілді емес дегенге сенгің келмейді. Бірақ, дәлелді айғақ сеніміңді селге ағызып тұр. Сонда Қадыр, Жұбан, Тұманбай ағалар өлеңдерін қазақ оқырмандары үшін жазған болса, кіндігінен өрбіген ұрпақтары неге ана тілінің уызына қанып өспеген? Қара сөздің қаймағын қалқып, үлкен шығармалар жазған Шерхан Мұртаза тәуелсіздік алған жылдары «Жоғары Кеңесте» Мемлекеттік тіл үшін бозторғайдай шырылдағанын қалың бұқара әлі ұмыта қойған жоқ. Жарайды, кеңестік жүйеде балаларын орыс мектептерінде оқытты делік. Тәуелсіздік алғаннан кейін шет тілін меңгерген ақын-жазушылардың балаларына ана тілі – қазақ тілін меңгеруге не кедергі болды? Балаларын қазақыландыруға әкелерінің неге пәрмені жетпеді? Марқұмдар бертінде дүние салды ғой! Жүрегің сыздайды. Мәселен, Жұбан ақынның жұбайының айтуына қарағанда төрт баласы әкелерінің шығармашылығымен жақсы таныс. «Бірақ…. Қадыр атамыздың балаларын қойып, немерелері де орыс тілді деседі. Шерағаңның жалғыз қызы Алма ағылшын тілін шемішкеше шағады. Бірақ, қазақшаға шорқақ. Тұмағаңның жалғыз ұлы Дәурен де қазақшадан гөрі орысшаға жүйрік екен», – дейді мақала авторы Динара Қыдырбайқызы.
Кеңестік кезеңде тек жазушы-ақындар ғана емес, шенді-шекпенділердің біразы балаларын орыс тілінде оқытты. Бүгінде соның жемісін жеп отырмыз. Көбі бұл қылығын «саясаттың қыспағы» деп ақталады.
«Кеңес өкіметі балаларыңды орыс тілінде оқытпасаңдар қызметте өспейсіңдер, шығармаларың кітап болып шықпайды деп қысқан жоқ. Бұл тек қана ақталудың бір жолы ғана. Бар кінәні қазақ мектебінің болмауына жапқан зиялы қауымның, жазушылардың, Сәбит Мұқанов пен Тахауи Ахтановтың балалары да орысқолды болып өсіп, орыстілді болып қала бере ме енді?», – дейді журналист Динара әріптесім. Көтеріп отырған мәселесі қазақ үшін өзекті, мұны да бір адам айту керек қой. Бұл бүгінгі зиялы қауымға жазушылар мен ақындарға ой сала ма, жоқ па, мәселе сонда. Балаларын қай тілде оқытса да құқылы. Бірақ, қазақ тілінде таза сөйлеп, әкелерінің төл шығармаларын оқи алмаса, ұрпағына қазақи тәлім-тәрбие бере алмаған зиялы қауымға үлкен сын. Мейлі ол жазушы, ақын, не мемлекет қайраткері, үлкен лауазымды қызмет атқарсын, бәріне қойылатын талап мемлекеттік тілді білуі тиіс.
Жоғарыда аты аталған жазушы-ақындар отбасы ошақ қасында орысша оқыған балаларына, үйде қазақша сөйлеңдер деп талап қоя алмаған, қадағаламаған. Тізбелеп қарасаң, Қуандық Шаңғытбаев та балаларын орысша оқытыпты. «Бірақ, Қуандық Шаңғытбаевтың қызы Гауһар әкесінің өлеңдерін жатқа оқиды. Өлеңдерін талдағанын көріп, риза болғанымыз бар. Бүгінде әкесінің жоқшысы болып жүрген де сол Гауһар апай. Мемлекеттік тапсырысқа қол жаймай, өзінің қаржысына бес томдығын шығарғаны да біраз жайттан хабар берсе керек», – дейді Динара Қыдырбайқызы мақалада. Зиялы қауымның сүт бетіндегі қаймақтарын тізбелеген, аты-жөндерін атап, түрін түстеген мақала авторы, ел алдында жүрген Сейітжан Омаров, Сапар Байжановтың балалары да мемлекеттік тілден гөрі ресми тілде көбірек білім алғанын, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде талай жыл шәкірт тәрбиелеген Әбілфайыз Ыдырысовтың ұлы Ерланның қазақшасы қай деңгейде екені бәрімізге мәлім дейді.
Әке жолын қуып, қағаз-қалам арқалаған Ғафу Қайырбековтің баласы Бақыт та, Сәуірбек Бақбергеновтің ұлы Қайрат та қазақша жазбайды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қызы Шұға да орысша жазатындардың қатарында екенін айтады. «Ет бұзылса тұз себер, тұз бұзылса не себер» деген осы. Жазған шығармалары қолдан-қолға тимей, есімдері ел аузынан түспеген, жан-тәнімен қазақ қоғамына қара сөздің, қара өлеңнің сөлін сығып берген Сейдахмет Бердіқұлов, Ғабиден Мұстафин, Ақселеу Сейдімбеков, Сайын Мұратбеков, ақын Қасым Аманжолов балаларын орысша оқытқаны, орыс тілді болып өсуі, әкелерінің жолын қуғандар орыс тілінде шығарма жазуы өзекті өртейтін өкініш, әрине.
«Әзілхан Нұршайықовтың қыздары «Махаббат, қызық мол жылдарды», «Ақиқат пен аңызды» түпнұсқадан оқи алмаса, мұны қаламгер үшін трагедия емей, не дерсіз?! «Заман солай болды» деп ақталу жеткіліксіз сияқты. Жарайды Қабдеш Жұмаділов Қытайдан келген шығар, оның балалары сондықтан да қазақша оқып, қазақшаға жүйрік болған шығар, ал ит арқасы қияннан келіп, пәтерден-пәтерге көшіп жүріп те балаларын қазақ мектебінде оқытып, қазақы тәрбие берген Үмбетбай Уайдин қатарлы қаламгерлерді ешкім мәжбүрлеген жоқ еді ғой! Білмейтіндер біле жүрсін, Қабдеш ағамыздың ұлдары да, жалғыз қызы Ерке де қазақшаны қойып, ағылшын тілін де шемішкеше шағады. Екі ұлы Еуропаның екі елінде қызмет етті. Қызы да еуропалық ұйымда қызмет етеді. Бірақ, бүкіл болмыс-бітімімен қазақ. Мұхтар Мағауин мен Төлеген Айбергенов осы қалада тұрып та балаларын қазақша оқытып, қазақы тәрбие бере алады да, Сырбай Мәуленов пен Тельман Жанұзақовтың балалары орыс тілді, орыс қолды болып шығады. Неге? Біз білетін Төлен Әбдік пен Баққожа Мұқайдың балалары қазақшаға судай. Жақсылық Түменбай, Молдахмет Қаназ, Сағат Әшімбаев, Кәдірбек Сегізбаев, Балғабек Қыдырбекұлы бастаған, одан берідегі Серік Әбдірайымұлы, Жақау Дәуренбеков, Дидахмет Әшімхан қостаған жазушылардың балаларына табылған қазақ мектебі басқалардың балаларына табылмай қалғаны біртүрлі «қызық». Соған қарағанда, мәселе мектепте де емес-ау деген ойға қалдық. Бала – адамның айнасы. Кез келген адамның шынайы болмыс-бітімін баласынан көруге болады. Егер кімде-кімнің баласы қазақша оқып, қазақы тәрбие алса, онда ол баланың әкесінің де бар арман-мұраты қазаққа қызмет ету болғаны. Ал егер елдің алдында «қазақ, қазақ!» деп кеуде соғуды шебер меңгеріп алып, үйінде балаларымен «доча, сына» деп сөйлесіп жүргендер болса, оны қалай түсінеміз? Біраз ғұмырын Бейімбет Майлинді зерттеуге арнаған жазушы Тоқтар Бейісқұловтың кәдімгідей ересек болып қалған ұлы редакциямызға келген еді. Әкесінің асына шақыра келіпті. Бірақ, жөн сілтеген екі ауыз қазақшаның өзін «қақпай» тұрғанын көріп, қайран қалыстық», – деп оқырманға, қазақ қоғамына үлкен ой тастаған Динара Қыдырбайқызының өткен жылы жарияланған мақаласы әлі қызуы басылмаған өзекті тақырып.
Бүгінгі билікте отырған шенеуніктер іспетті кешегі зиялы қауымның балалары да орыс тілділер. Олардың көбі мемлекеттік тілден мүлде мақұрым. Ауызекі шатып-бұтып сөйлегендері болмаса, көбі ресми тілде жорғалайды. Ал шет тіліне келгенде алдарына жан салмайды. Қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарайтындар да осылар. Тұма бұлақтың көзі тұнық болу үшін әуелі зиялы қауым өкілдері мінберлерге шығып, мемлекеттік тіл төңірегінде «үйту керек, бүйту керек» деп пәлсапа соқпай, өз кіндіктерінен тараған ұрпақтарының бойына қазақи тәрбиенің дәнегін себу керек. Қазақты қазақ қорғамаса ешкім де келіп, жыртығыңды жамап бермейді. Төл тіліңді төрге шығару үшін, өзегеге өнеге көрсету үшін «өзіңді-өзің жаттай сыйла, сонда жат жанынан түңіледі!» деген тәмсілді бүгінгі көзі тірі зиялы қауымға, төрде отырған төрелерге қаратып айтамыз! Кешегі алаш арыстары, зиялы қауым, ұлт үшін мемлекет құру жолында басын бәйгеге тікті. Бүгінгі зиялылар арасында ұлттың тіліне, діліне дүбарә көзқараспен қарап жүргендің өздері де, балалары да ана тілін шұбарлап жүр. Олардың түрі қазақ болғанымен, жаны қазақ емес. Мемлекеттік жүйеде мемлекеттік тіл, қазақ тілінің ақсап тұрғаны да, зиялылардың зиянынан болып тұр!…

Айтақын БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ