ЖАРЫҚ, ЖЫЛУ ЖӘНЕ СУ БАҒАСЫ ӨСТІ

0
247

Өткен жылы азық-түліктің бағасы шарықтағанда ұлардай шулаған халық енді коммуналдық төлемдердің бағасы қымбаттағанын естіп қапалы. Онсызда «шықпа жаным, шықпа» деп тапқанын талғажау еткендер тарифтік төлемдерді өскен бағамен төлеуде.

Болар болмас жалақы алатындардың «көрпесі не аяққа, не басына жетпей» қиналатындары анық. Алайда тұтынған жылуға, суға, электр жарығына төлем жасауға міндеттісің. Онсыз күнің қараң болған соң басқа түскен қиындыққа халық әупірім деп көніп келеді. Бұл төлемдерден бөлек, көпқабатты үйде тұратын және жеке тұрғындар, жеке кооператив (КСК-ның да) қызмет бағасы өсуі бек мүмкін. Бұл да жығылғанға жұдырық болып тиері сөзсіз. Мемлекеттік құрылымда қызмет жасайтындардың жалақысы өскенімен жекеменшік секторда жұмыс жасайтындардың жалақысы қаз қалпында қалған. Олардың жалақысына қосылған айлық мөлшері де мардымсыз.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департамент басшысы А.Сағымбеков табиғи монополиялар субъектілерінің 2023 жылға қол жеткізген көрсеткіштерін және 2024 жылға арналған тарифтердің өзгеруі туралы баяндама жасады.
«Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға байланысты 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тарифтерге қатысты Халықтың осал топтары тұрғын үй көмегі тетігі есебінен (әкімдіктер есебінен) тарифтердің өзгеруінен қорғалатын болады, – деді ол.
2023 жылғы Үкімет енгізген өзгерістерге сәйкес, егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын сома отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысының 10 пайызынан асатын болса, тұрғын үй көмегі беріледі. Бұрын бұл көрсеткіш әр өңірге байланысты 2-20 пайыз аралығында болған. Осы ретте әкімдіктер рұқсат етілген шекті деңгейді 10 пайыздан төмендетуге құқылы.

«Мысалы, егер отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысы 100 мың теңгені, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыны 15 мың теңгені (табыстың 10%-дан астамын) құраса, онда азаматтың жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтем алуға құқығы барын айтты. Үкімет бекіткен түзету болашақ тұрғын үй көмегін алушыларды қамтуды кеңейтуге және аз қамтылған азаматтарға қаржылық жүктемені азайтуға бағытталғанын», – атап өтті департамент басшысы.
Мәселен 01.01.2024 жылғы жағдай бойынша «Талдықорған жылу сервис» МКК-ның кәсіпорын бойынша орташа тарифі 12 891,88 теңге/Гкал болса, оған қосымша құн салығы есебін қосыңыз. Яғни, бұрын 11 304,76 теңге төлеп келсеңіз оған 987,12 теңге қосылғанда 12 891,88 теңге шығады. Бұл төлемдер биылғы жылдың қаңтарынан басталады. Демек, 8,30 %-ға өзгеріс болды. Халық үшін орташа тариф бұрын 3 609,78 болса, оған қосымша құн салығы 298,82 теңге қосылғанда 3 902,60 теңге шығады. Бұл жыл басынан бергі жылу жүйесіне қатысты көтерілген баға. Сондай-ақ, «Жетісу су құбыры» МКК-нің сумен жабдықтау қызметіне орташа тарифі 1м3 үшін бұрын 164,68 теңге төлесе, жаңа жылдан бастап бұл тариф 169,05 теңгені құрайды (халық үшін орташа тариф бұрын 74.27 теңге болса, енді 76,16 теңге көтерілді). Су бұру қызметіне орташа еңбек тарифі 1м3 үшін 164,56 теңге қосымша құн салығы есебімен құрайды. Бұрын қолданыста болған тарифтен 4,66 теңгеге немесе 2,90% өзгеріс болды. (халық саны 81,76 теңге/м3, өзгеріс 2,24 теңгеге немесе 2,80%).
Жылу жүйесі, су құбыры және электр жүйелерінде төлемақының өсуі көпшіліктің көңілдерін алаңдатуда. Енді қолданған электр жарығының әр кв сағатына 11,96 теңге төлеудеміз. Былтыр 10,55 тиын төлесек, енді оған қосымша құн салығы 1,41 теңге қосылған. Мәселен, электр желісіне қатысты «Жетісу Энерготрейд» ЖШС кепілді жеткізуші болғандықтан, Жетісу облысының 194 мыңнан астам тұтынушысын электр энергиясымен қамтамасыз етуде. Облыс тұтынушыларын электр энергиясымен үздіксіз жабдықтау үшін бірыңғай сатып алушыдан сатып алу жүргізіледі. Оның үлесі 50,9%-ды құрайды және KEGOC «АҚ және ТАТЭК» АҚ желілері арқылы тасымалданады. Бұл шығындардың 44%-ын құрайды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бірыңғай сатып алушының тарифтері 1кВт\сағ үшін 2,83 теңгеге, сондай-ақ электр қуатының дайындығын қолдау жөніндегі қызметтердің тарифтері 1кВт\сағ үшін 1,08 теңгеге ұлғайған. Сонымен қатар, «KEGOC» АҚ-ның тарифтері 0,33 теңгеге, «ТАТЭК» АҚ-ның тарифтері 2,15 теңгеге өскен. Осыған байланысты «Жетісу Энерготрейд» ЖШС Жетісу облысының уәкілетті органына тарифті көтеруге өтінім берген. Наурыз айынан бастап электр энергиясының шекті бағасы көтерілді. Халық үшін тариф 4,57 теңгеге өсті және 25,47 теңгені құраса, заңды тұлғалар үшін 7,74 теңгеге және 43,12 теңгені құрауда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіретін заңды тұлғалар үшін 6,32 теңгеге өсіп, 35,20 теңгені құраса, бюджеттік ұйымдар үшін 26,90 теңгеге ұлғайды және 1 кВт\сағ үшін 84,94 теңгені құраған. Коммуналдық төлемдердің бағасының көтерілуіне мәжбүрлі түрде барып отырғандарын айтқан электр тарату мекемесі тұтынушылар назарына қосымша шот-хабарламаның талдамасын ұсынуда. Мысалы: бір үйде 2 адам тіркеуде болса, орташа тұтыну көлемі 178 кВт\сағ, электр қуатының жаңа тариф бойынша жалпы сомасы 4 537,24 теңге болады. Осы соманың 50,9% немесе 2 309,46 теңгесі электр энергиясын сатып алуға төленсе, 44,0% немесе 1 996,38 теңгесі электр энергиясын тасымалдауға жұмсалатын шығындар, 5,1% немесе 231,40 теңгесі «Жетісу Энерготрейд» ЖШС компаниясының жабдықтау үстемесін құрай-тынын айтты ақпарат өкілдерімен кездесуде Жетісу облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы А. Сағымбеков.
Баяндамашы аталған табиғи монополиялар субъектілері 2023 жылы жаңартылған жүйелеріне де тоқталып өтті. Мәселен, «Талдықорған жылу сервис» КМК — 2,2 км жылумен жабдықтау желілері; Жылу энергиясын өндіру бойынша қызмет көрсетуге тартылған 25 бірлік жабдық. «ТАТЭК» АҚ-ның — 101,34 км желілері, электр желілері 100 кВ кернеуліктегі №102,103 электр беріліс желісі, (ЭБЖ 110 кВ «Талдықорған-Үштөбе» 18 км) (тарату желілері 6/0,4 кВ, ӘЖ-6 кВ №6703, №6705 КС-167 Текелі қ. 23,5 км) (ӘЖ-10кВ №1, КС-110/35/10/6 кВ №130 «Рудник» Кербұлақ ауданы Рудничный ауылы 11 км) (Талдықорған қ. №155, №156 екі тізбекті ЭБЖ 110кВ 46,2 км) (КЛ-10кВ №20, №54, №55, №56 Талдықорған қ. 2,64 км) желілері жаңартылған.
«ТАТЭК» АҚ инвестициялық бағдарлама бойынша 2023 жылы – 101,34 км желілерін жаңартты: Олардың қатарында, 100кВ кернеуліктегі №102,103 «Талдықорған-Үштөбе» электр беріліс желісінің — 18 км; тарату желілерінің 6/0,4 кВ кернеуліктегі Текелі қ. №167 қосалқы станциясынан тараған №6703, №6705 ұзындығы 23,5 км әуе желілері; Кербұлақ ауданындағы 110/35/10/6 кВ кернеуліктегі № 130 «Рудник» қосалқы станциясынан тараған 10кВ кернеуліктегі 11 км әуе желілері; Талдықорған қаласындағы 110кВ кернеуліктегі №155, №156 екі тізбекті 46,2 км электр беріліс желілері; Талдықорған қаласындағы 10кВ кернеуліктегі № 20, №54, №55, №56 жалпы ұзындығы 2,64 км кабельді желілер; Электр энергиясын беру бойынша қызмет көрсетуге тартылған жабдықтың 72 бірлігі, (110 кВ қосалқы станциялардағы 3 дана май ажыратқышы ауыстырылды, 110кВ кернеуліктегі — 12 дана ток трансформаторы орнатылды, 110 кВ кернеуліктегі 6 дана ток кернеуінің ұлғаюын шектегіш орнатылды, 1 дана қосалқы станциялық басқару пункті, 21 дана релелік қорғау және автоматика жабдықтары), Талдықорған қ. 10кВ кернеуліктегі №2 тарату пунктінің ескірген жабдықтары, құрылғылары жаңартылды. Жүктеменің артуына байланысты жаңа релелік қорғау және автоматика, Вакуумдық ажыратқыштарға көшу 10кВ-13 дана ұяшықтар (КСО2-10), Талдықорған қ. 10кВ кернеуліктегі №4 Тарату пунктінің ескірген жабдықтары мен релелік қорғау және автоматика құрылғыларын жүктеменің ұлғаюына байланысты жаңасына ауыстырылды. 10кВ вакуумдық ажыратқыштарға көшу үшін 16 дана ұяшықтар ауыстыруға қол жеткізілді. 2023 жылы құрылғылардың ұяшықтардың жүктеменің ұлғаюына байланысты тозудың төмендеуіне қолжеткіздік, – дейді А.Сағымбеков. Өткен жылы шығындарды азайтып, 2024 жылы кәсіпорындар бойынша тозу орташа есеппен 1,6% төмендейді деп сала-сала бойынша пайыздық көрсеткіштерге де тоқталды.
Негізгі жабдықтармен коммуналдық желілердің биылғы жылға арналған ағымдағы тозу жағдайы: «ТАТЭК» АҚ-83,2% «Талдықорған жылу сервис» МКК — 64,1 пайыз, – дей келе департамент басшысы келер жылға инвестициялық бағдарламалардың қосымша іс-шараларының сомасын да айтты.
«ТАТЭК» АҚ 1 567 568 мың теңгені құрады. Оның ішінде бекітілген инвестициялық бағдарламада 705 000 мың теңге, қосымша инвестициялық бағдарламада 495 000 мың теңге, меншікті қаражат 367 568 мың теңгені құрады. «Талдықорған жылу сервис» МКК 262 442 мың теңгені, оның ішінде бекітілген инвестициялық бағдарламада 165 622 мың теңге, қосымша инвестициялық бағдарламада 96 820 мың теңге. Суды тарату желілер арқылы беру қызметі бойынша бұрын қолданыстағы тарифтік сметада 1 адамға бекітілген өндірістік персоналдың жалақысы – 135 346,00 мың теңге, қолданыстағы тарифтік сметада 1 адамға — 167 632,00 мың теңге, ол 32 286,55 теңгеге немесе 23,85%-ға өзгерді. Сарқынды суды бұру қызметі бойынша бұрын қолданыстағы тарифтік сметада 1 адамға бекітілген өндірістік персоналдың жалақысы – 131 914,00 мың теңге, қолданыстағы тарифтік сметада 1 адамға – 160 096,00 мың теңге, ол 28 182,14 теңгеге немесе 21,36%-ға өзгерсе, электр энергиясын беру қызметі бойынша бұрын қолданыстағы тарифтік сметада 1 адамға бекітілген өндірістік персоналдың жалақысы – 93 721,00 мың теңге, қолданыстағы тарифтік сметада 1 адамға — 148 144,00 мың теңге, ол 54 423 теңгеге немесе 58,00%-ға, жылумен жабдықтау қызметі бойынша бұрын қолданыстағы тарифтік сметада бекітілген өндірістік персоналдың жалақысы 1 адамға – 145 088,00 мың теңге, қолданыстағы тарифтік сметада 1 адамға – 194 418,00 мың теңге, 49 330 теңгеге немесе 34,00%-ға өзгерді.
Баяндамашының сөзінше, 2024 жылдың 22 ақпанында департамент «қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС бірыңғай сатып алушысының бағасының өзгеруіне байланысты 1-ші наурыздан бастап қолданысқа енгізіліп, Жетісу облысының тұтынушылары үшін шекті бағаларын бекітіпті. Сондай-ақ, энергия жабдықтаушы ұйымдардың шекті тарифтері өскенін атап өтті.

Айтақын БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ