АЗАМАТТЫҚ БАСТАМАЛАРДЫ ДАМЫТУ ЖОБАСЫ

0
245

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты аясында «Жас Ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігі Жетісу облысы, Көксу ауданында «Bastama 2.0» жобасын бастады.

Жобаның мақсаты – жергілікті жерлердегі тұрғындардың қатысу белсенділіктерін арттыру, масылдықтан арылуға, қақтығыстардың оңтайлы шешу жолдарын іздеуге, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған үздік кейстерді анықтау, жобаға қатысушылардың ӨМД (өмірлік маңызды дағдыларын) қалыптастыру. Аталған жоба 2023 жылы Жетісу облысының барлық ауданында жүзеге асырылып, 8 шағын грант беріліп, 8 үздік ауыл тұрғындарын анықтаған еді. Биыл нысаналы топ ретінде Көксу ауданына қарасты Еңбекші ауылдық округы таңдалды. Бұл жобаға барлығы 5 663 000 қаражат бөлінбек.
Жоба бес тармаққа бөлінген. Онда ауыл халқының әлеуметтік ахуалын жақсарту, жастарды ұйымшылдыққа, әрі кәсіпкерлікке баулу, жергілікті жерлердегі тұрғындардың, үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарына қатысу белсенділіктерін арттыруға, масылдықтан арылуға арналған 4 ақпараттық кездесу және семинар-тренинг өткізу жоспарланған. Жоба бойынша 1 сәуірде Еңбекші ауылының тұрғындарымен кездесіп үлгерген бастамашы топ ауылға спорт алаңын салып беру ниеттері барын айтқан. Алайда, ауыл халқы спорт алаңы емес, түрлі шаралар ұйымдастыру кезінде далаға лайықты сахна қажет екенін айтқан. Бұл шамамен 1-2 миллион теңгенің көлемінде болады дейді «Жас ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Дархан Асқанбаев. Сондай-ақ, әлеуметтік салаға байланысты оқыту үрдісі семинар-тренинг өткізу Еңбекші ауылына қарасты Кеңарал, Қаратал және Бесқайнар шағын ауылдарын қосқанда, төрт ауылдың тұрғындарымен кездескенін тілге тиек етті. Мұнда арнайы мамандар барып дәріс өткізетін болады.
«Кездесу барысында жергілікті тұрғындар арасында азаматтық белсенділікті арттыруға және қоғамдық жұмыстарға қатысуға шақыру, тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға және белсенді тұрғындарды ЖК (жеке кәсіпкерлік), ҮЕҰ құруға, бизнес идеяларды құруға шақыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті ашу жолдарын қарастыру, мемлекеттік субсидияларға, гранттарға, жобаларға қатысуға ұсыныс-кеңестер беру, тікелей бағыттарын құрастыру (маршрут). ҮЕҰ мен тұрғындардың өзара белсенді байланысы тақырыбындағы сауалнамалар алу. ҮЕҰ тұрғындарға ашықтық, қолжетімділік нысаналары бойынша каталогтары мен визиткалары ұсынылатын болады» – дейді «Жас ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Дархан Сұңғатұлы.
Жоба қатысушыларына бүгінгі қоғамда болып жатқан қақтығыстардың оңтайлы шешу жолдарын қарастыруға арналған психологиялық семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Негізгі жобада қамтылатын мақсатты топ – тұрғындар, жастар, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар болмақ. Жалпы төрт семинар өткізу жоспарланып, оны тікелей қамтуға – 200 адам тартылады деп күтілуде. Қазірге жобаға қажетті 5 663 000 теңге әлі толықтай аударым жасалмағандықтан, тек ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бағдарлама бойынша мамыр, маусым айларында жоғарыда аты аталған төрт ауылда «Таза көше» акциясы байқау түрінде өткізілетін болады. Мұнда ауыл мәселесін анықтау мақсатында тұрғындар арасында өзі тұрып жатқан елді мекенге қарайласу, ауылды дамытуда үздік кейстер байқауы ұйымдастырылатын болады. Бұл жоба былтыр бірінші мәрте облыс көлемінде өткен. Мәселен, Алакөл және Кербұлақ аудандарында ауыл тұрғындары Алакөл ауданына қарасты Үшарал округінде қоқыс алаңын тазалауды өтінсе, Кербұлақ ауданындағы тұрғындар ауыз су мәселесінің сапасы сын көтермейтінін айтқан. Мұндай түйіткілді мәселелер облыстың сегіз ауданының қай-қайсынан болмасын кездесері анық. Ауыл тазалағы, оның көркеюі, экологиялық мәселелер мен ауыз су сапасы күнтізбеден түспей келе жатқан ауқымды шаруалар. Бұл азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталғандықтан ауыл тазалағы байқауына арқау болып тұр. Себеп, тазалықтың адам денсаулығына да зор әсері барын ауыл тұрғындарына жете түсіндіру.
«Бұл елді мекендерде таза Қазақстан экологиялық акциясы бастау алғанын білесіздер. «Bastama 2.0» жобасы табиғатты аялаудың игі бастамасы. Аталған жоба мол мүмкіндік береді деп күтілуде. Ауыл тұрғындарын қоршаған ортаға, табиғатқа құрметпен, жауапкершілікпен қарауға үндейді. Бұл ауыл жастарына үлкен серпін беріп қана қоймай, үлгі-өнеге болмақ. Адам табиғаттың төл перзенті болып суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүргендіктен туған ауылын аялап ұстауға шақырамыз», – дейді жобаны жүзеге асырушы.
Байқау шарты бойынша жеңімпаздарды марапаттау жобада кеңінен қарастырылған. Мұнда тек көше тазалығы ғана емес, тұрғындардың жеке ауласын да таза ұстау, арықтоғандардың арнасын тазарту, әрі көгалдандырып, көк желекке айналдыруға үндейді. «Таза көшелер» байқауы қоғаммен байланысып, өзара ықпалды әрекеттесуге арналған белсенді жоба.
Ал, «әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жолдары» тақырыбындағы кейстер байқауын өткізудің мазмұны, тұрғындардың идеялық көзқарастары мен сұраныстарын қалыптастыруға бағытталған. Мұнда кәсіп ашқысы келетін ауыл жастарына үлкен қолдау көрсетілмек. Осы жобаның аясында, кәсіпкерлік барысында тұрғындар үздік идеяларына арналған кейстер топтамасын ұсына алады. Әлеуметтік желі арқылы үздік кейстер анықталып, жүлделі сыйлықтармен марапатталады. Жобалар жинақталып, жергілікті атқарушы органдарға ұсыным ретінде таратылмақ. Оған қатысушы ретінде облыс бойынша ауыл тұрғындары тартылады. Жоспарлы жеңімпаздар саны – 3, әр жеңімпазға 50 000 теңгелік сертификат беріліп, қорытынды форумда марапатталады. Бұл ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке баулуға шақыру, оларға қандай мемлекеттік көмектер қажеттігіне қатысты әдістемелік құралдарды ұсыну көзделген. Кәсіп ашып, кәсіптен нәсіп тапқысы келетін ауыл жастары бұл жобаға зор үміт артады деген сенімдеміз. Заман ағымына қарай бейімделіп, алған білімін кәсіппен ұштастырып жатқан жастар көшбасшылық дәрежеге дейін жете алады. Әсіресе, ауыл жастары шаруашылыққа бейім, әрі өндіріс орнын ашқысы келетіндер бар. Сондықтан ауыл тұрғындарына арналған бұл жоба жастардың туған өлкесінде тұрақталып қалуына, кәсіпке икемделіп, игі істер атқаруға бағытталған. Еңбекші ауылдық округінің әкімі Мұрат Қобдалиев та бұл жобаны екі қолын көтеріп қолдап отыр.
«Ауыл жастары «Ауыл аманаты» арқылы несие алып, мал шаруашылығымен айналысқысы келеді. Округ бойынша қазірдің өзінде төрт адам сұраныс жасап тұр. Сәуір немесе мамыр айында түсіндіру жұмыстары басталғанда сұраныс артуы мүмкін. Сондай-ақ, «Bastama 2.0» жобасы бізге екі миллион теңге бөлмек. Оның бір миллионына сахна салсақ, қалған бір миллионына Бесқайнар ауылының мектеп ауласының маңындағы сазды жерді қоршап алсақ деп жоспарлап отырмыз» – дейді ауыл әкімі. Жобаның жалпы бағдарламалық аясы «Өмірлік маңызы бар дағдыларды қалыптастыру» бағытындағы әдістемелік құрал әзірлеу және тарату. Жинақта психологиялық, моральдық этикалық нормалар. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігіне түсініктеме беру, жеке тұлға қалыптасуы жолындағы кеңестер, өзін-өзі басқару, дамыту бойынша қағидалар мен ұсынымдар жинақталып, 400 дана шығарылып мақсатты топтарға таратылатын болады. Жобаның негізгі басымдылығы ауыл жастарын еңбекке баулу, олардың белсенділігін артыруда форумдар өткізу. Форумда ҮЕҰ мүшелері, жергілікті атқарушы органдар, белсенді тұрғындар тартылады. Олар өзара ынтымақтастық құра отырып, тиімді жұмыс істеу механизмдерін ұсынады. Іс-тәжірибе алаңында ҮЕҰ атқарып жатқан жұмыстарына шолу жасау, жергілікті тұрғындардың атқарылған жұмыстар барысында алынған сауалнамалардың қорытындысы әзірленеді. Тұрғындар мен ҮЕҰ өзара әрекеттестігі туралы мониторинг жұмыстары хабарланады. Ақпараттық қамтудың жаңа трансформациясына белсенді ұсынымдар әзірленеді. Сонымен қатар, форум барысында ҮЕҰ облыс аймағындағы карта әзірленіп, мақсат-міндеттері туралы жинақтар тұрғындарға таратылады. Бұл жобадан күтілетін нәтиже біріншіден, ҮЕҰ-лар мен бастамашыл топтарда тұрмайтын, тиісті аумақты басқаруға және дамытуға еңбекке қабілетті жастағы жергілікті қоғамдастық азаматтарының қатысу деңгейін айқындау болмақ. Екінші, жобаны іске асыру аумағын басқаруға және дамытуға қатысу мәселелері туралы азаматтардың хабардарлығын арттыру болса, үшіншіден, жергілікті қоғамдастықтың белсенді қатысуымен кемінде 2 нақты мәселені анықтау және шешу жолдарын қарастыру. Төртіншіден, жергілікті қоғамдастықтың түрлі мәселелерін шешу бойынша кемінде 2 тұрақты бастамашыл топ құру. Бесінші, азаматтардың жергілікті қоғамдастық проблемаларын шешуге қатысуының оң кейстерін (successstory) әзірлеу бағытында жүзеге асырылып жатқан жоба.
«Жобаға кәсіби мамандар тартылып, ауылдарды дамыту үшін барлық іс-шаралар тікелей тұрғындардың қатысуымен өтетін болады. Тікелей қамту – 400 адам, жанама ақпараттық қамту – 5 000 адам. БАҚ, әлеуметтік желі, интернет порталдар арқылы жоба үнемі ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп отыратын болады» – дейді, коммуникациялар брифингінде журналистермен жүздескен «Жас ұрпақ» Жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қалиева Бақыт Асанқызы мен бірлестіктің үйлестірушісі Дархан Сұңғатұлы.
Биыл екінші рет қатарынан өткізіліп отырған «Bastama 2.0» жобасы былтыр Жетісу облысының сегіз ауданында қатар өтіп, үздіктер анықталған болатын. Былтыр тек оқыту-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, шағын сертификаттар мен 1 600 000 теңге көлемінде қаржы үлестірілгенді. Былтырғы жылы екі топқа бөлініп сегіз адам тартылса, биыл Еңбекші ауылдық округінде 10 адам, яғни бес-бестен екі топқа бөлінбек. Жобаның қорытындысы қараша айында Еңбекші ауылдық округінде жеңімпаздар сұрыпталып марапатталатын болады.
Жалпы, Республика бойынша 10 ауылдық округте өтіп жатқан «Bastama» жобасы (2023-2025) үш жылға жоспарланған. Жобаның ауыл тұрғындарына қаншалықты жеміс бергені үш жылдан кейін айқындалады. «Қанатымен су сепкен қарлығаштай» ауыл тұрғындарына бес бағыт бойынша бар болғаны 5 663 000 теңгеге семинар кеңестер өткізу, байқау жариялау, нақты мәселерді шешу, ауыл жастарын масылдықтан арылту т.б. қыруар шаруларды атқаруда жобаны ұтып алған Бақыт Қалиеваның іскерлігі қараша айындағы қорытындыда байқалады.
«Ескіні айтпай, жаңаның жаңғыруы екі талай» дүние. Кешегі кеңестік кезеңнің өзінде «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деп ұрандатқан дәуір болған. Анығын айтқанда ауылдар көркейген. Тіпті қала тектес ауылдар салынып, жастар жалқаулықтан ада болғанды. Бүгінгі қоғамда расында жұмыс жоқ деп масылдыққа бой алдырған жастар ұрлық-қарлыққа, ішімдікке бой алдырып, отбасының берекесін қашырып жүргендер санына жете алмайсың. Ауыл берекесі, болашағы жастардың қолында. Ол үшін ауылдағы әлеуметтік мәселе шешілмей, құры ұрандатқаннан ұтқанымыз шамалы. Соның бір айғағы «Дипломмен ауылға» бағдарламасын айтуға болады. Ауылға барған мұғалімдер мен жас дәрігерлердің барғанынан қайтқаны тез болды. Бірен-сараны тұрақтап қалған шығар. Тағы бір ащы шындық Оңтүстіктен Солтүстікке көшіп барған жастар үйіп-төгіп берген уәделердің көбі құр сөз болып шыққанын, әрі берілген баспаналардың талапқа сай болмай, қыстың көзі қырауда ақпарат құралдарына мұң-зарларын айтып, көгілдір экранның бетін бермей жүргені де жасырын емес-ті. Ауыл бағытына бұрылған бұл жоба үш жыл ішінде көптің көңілінен шығады деп үміттенейік. «Ұйымдастыра білген ұтады» демекші, жергілікті билікпен тізе қосып, ауыл тұрғындарының талап-тілегін жүзе асыруда түрлі шаралар ұйымдастыруға бел байлаған «Bastama 2.0» жобасынан шет қалмай, ауыл тұрғындарының жұдырықтай жұмылып бірге болуына шақырамыз. Беріліп тұрған мүмкіндікті пайдаланып, ауылдың көркейіп, көрікті болуына ауыл тұрғындары мен жастары атсалысса, нұр үстіне, нұр болғаны. Ендеше, іске сәт!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ