НАСЫБАЙ САТСАҢ ДА, АТСАҢ ДА ЖАЗАЛАНАСЫҢ

0
278

Бүгінгі қоғамдағы жастарды еліктіріп, есінен тандырып тұрған екі зиянды өнім бар. Ол есірткі мен насыбай. Көк шыбықтай солқылдаған жасөспірімдер осы екі өнімге елітіп, болашақтарына балта шауып жүр. Әрі саудалайды, әрі насыбайды атады, есірткіні шегеді, не тамырына егеді. Есірткіге есі кеткендер жайлы сан мақала жаздық. Жас талғамайтын адам баласының санасын улап, жадын өшіретін өнімді саудалаушылар арасында мектеп түлектері мен тіпті мұғалімдердің қылмыстық істері әшкере болуда. Қоғамды алаңдатқан зиянды әрекеттерге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Насыбай» таратушылар үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершіліктің тым төмен екенін Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан болатын.

«Денсаулыққа зиян, әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ», – деген президенттің сынынан кейін Республика бойынша атқа қонған құқық қорғау органдары насыбаймен күреске білек сыбана кірісті. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» демекші, енді емін-еркін насыбай сатуға тыйым салынды. Оны сатқандар да, атқандар да жазасыз қалмайтын болды. Осы насыбай өнімін ер балалар түгілі қыз балалар да ататын болған. Не болса соған әуестіктері артқан жасөспірімдер зиян деп тыйым салған нәрсеге өшігетіні бар. Насыбай, есірткіден бөлек, электронды шылымға құмартты. Насыбай атып, кез-келген жерге қақырып, түкіріп кете беретін жағымыз әдетке үйірсек болды. «Ата-бабамыз атқан» деп алданып жүрген жасөспірімдер ненің зиянды, ненің зиянсыз екенін білмейді емес, біледі. Саудасы өту үшін не болса соны араластырып, насыбай саудалағандардың жұмысы қызып тұрды. Енді насыбайға құмартқандар мен саудалаушылар жасырын әрекетке көшеді. Ол айдан анық нәрсе. Тыйым салынды деп насыбай жасаушылар, әрі саудалаушылар керағар әрекеттерін тоқтата қоймайды. Жасырынбақ ойнағандай құзырлы органдардан жасырып саудасын дөңгелеткендер әлі талай анықтала жатар. Есірткімен күрес кезінде қылмыстың жолын қияды деген полицейлердің өзі есірткіні таратуға дәнекер болып тұтылғанын білеміз. Енді насыбайды саудалаушылар мен тиянақты күресе ме, жоқ әлде жең ұшынан жалғаса ма оны уақыт еншісіне қалдырайық.
«Жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату керек. Жалпы насыбай өндіріп, таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен. Қазір осыған қатысты заңдарға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Онда вейп қана емес, насыбай таратқаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Бұл қадам насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді», – дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдағы сөзінде. Демек насыбайды сатуға да, атуға да толық тыйым салынды. Заң шынымен жүзеге асып, талап қатал сақталса құба-құп. Ал, заң қағаз жүзінде қалып, зиянды өнімдер астыртын саудаланып, оны тұтынушылар қатары сиремесе қайтпекпіз. Нақты дәлел ретінде есірткі өнімін айтуға болады. Бұл зиянды өніммен бүкіл әлем болып күресіп келеміз. Бірақ, жеті басты айдаһардай бір басын шапсаң екінші, үшінші, жетінші басы сопаң етіп шыға келеді. Оны тұтынушылар да, саудалаушылар да жеңіл жаза алмайды. Ауыр жаза арқалайды. Алайда, абақтыдан орала салып, байғырғы қылмысын қайта жасап жүргендер жетерлік. Ал, халық қалаулылары мектеп оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін айтып, парламент мінберінен мәселе де көтерген-ді. Енді, насыбай сатқандарға 25 АЕК немесе 92 500 теңге айыппұл қаралған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу көзделген. Шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сатқаны үшін 25 АЕК немесе 92 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл төленеді. Бұл туралы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде жазылған. Насыбай саудасына бұқара халықтың өзі де қарсы болып тұр. Бұл туралы полиция өкілі Руслан Қаржаспековтың айтуынша, мұның себебін шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораториймен түсіндірді. Сондықтан құқық қорғау органдары сату нүктелерін өздігінен тексере алмаған. Дегенмен полиция насыбайдың заңсыз сатылуы туралы азаматтардың өздері хабарлаған жағдайларды қолданады дейді. Оның айтуынша, 2023 жылы Қазақстанда насыбай сатудың 190-ға жуық фактісі және қоғамдық орындарда заңсыз пайдаланудың 18 мың жағдайы тіркелген. Ішкі істер министрлігі «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында 18-31 наурыз аралығында республикалық жедел-алдын алу іс-шараларын жүзеге асырды. Акцияның алғашқы күні полицияға 28 азаматтан темекі өнімдерін сату және тарату бойынша хабарлама түскен. Сондай-ақ бірінші күні 548 әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде заңсыз сауда жасаудың 241 фактісі, жекелеген қоғамдық орындарда темекі мен темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу бойынша 234 дерек, 21 жасқа толмаған адамдарға темекі мен темекі бұйымдарын сатудың 26 фактісі мен 18 жасқа толмаған жеткіншектердің темекі мен темекі бұйымдарын сатып алуы бойынша 27 дерек тіркелген. Жалпы, насыбай профилактикасына 6 мыңнан астам полиция қызметкері тартылған. Жетісу облысында, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдың 18-і мен 31 наурыз аралығында «Насвай» жедел-профилактикалық іс-шарасына 221 қызметкер жұмылдырылған. Іс-шара кезінде облыс аумағында шегілмейтін темекі өнімдерін сату бойынша 4 дерек, 92 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде: 196 бап бойынша (тауарларды немесе басқа заттарды заңсыз сату), 45, 441 бап бойынша (белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды тұтынуға тыйым салуды бұзу), 37, 441-1 бап бойынша (Көлік құралдарында кәмелетке толмаған адамдар болған кезде темекі бұйымдарын қолдану). 423-1 бап бойынша (темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдардын сату) — 5. Құқық бұзушылыққа жол берілетін себептердің алдын-алу туралы УПИ-мен 13-ұсыным шығарылып, оның ішінде жеке тұлғаларға – 12 және заңды тұлғадан бір адам бар. «Насыбай» өнімдерінің жолын кесу жолында қазақстандық полицейлер күресуде. Министрліктің мәліметінше, насыбайды сатудан бөлек, оны қоғамдық орындарда тұтынуға тыйым салынған. Атап айтқанда, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет нысандары, қоғамдық тамақтану орындары, түнгі клуб, пойыз, ұшақ, әуежай, вокзал мен аялдамаларда тұтынуға болмайды. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер, жұмыс орны, тұрғын үйдің кіреберісі, жанармай құю бекеті, балалар алаңы мен кәмелетке толмаған балалардың көзінше автокөлікте пайдалануға тыйым салынған. Аталған жерлерде тұтынған адамға 15 АЕК-ке, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.Ведомство құқық бұзушылықты үш жолмен анықтауды көздеуде. Біріншісі – полицейлердің өздері анықтайды, оның ішінде бейнежазба камераларының көмегіне жүгіну, екіншісі – мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар ақпаратының көмегі арқылы анықтау, үшіншісі – жеке тұлғалар берген мәлімет пен БАҚ материалдарының көмегі арқылы күреспек. 2015 жылы насыбайға қарсы заң шыққанымен онымен полиция өкілдері толық пәрменде күрескен жоқ. Осыған байланысты не себепті терілмей келгенін де түсіндірді. 2019-2023 жылдары елімізде шағын кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жарияланды. Сондықтан тексеріс жүргізілмеді. Биыл жыл басынан бастап шектеулер алынды деді ІІМ. Насыбайды тұтынған адам міндетті түрде түкіреді. Бұл қоғамдық орындарды ластауға әкеледі. Мұндай әрекетке барғандарды қоғамдық орынды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілік күтіп тұр. Ол 5 АЕК айыппұл, қайталанса 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуді көздейді. Бұдан бөлек, Қазақстанда насыбай сатушыларды қылмыстық кодекс шеңберінде жауапқа тарту мәселесі көтеріліп жатыр. Қазір тиісті заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілген. Сондай-ақ вейб сатушыларға да жаза күшеймек. Қазақстанда қанша адамның насыбай тұтынатыны туралы нақты ақпарат жоқ. Бұл өнімнің адам денсаулығына аса зиян екенін дәрігер мамандар да айтуда. Насыбайға тәуелділік бауыр циррозы мен гепатит ауруын тудырады. Оның құрамында түрлі зиянды қоспалар бар. Ол адамның ұйқысы мен психикасының бұзылуына әкеп соғады дейді. Енді насыбаймен күрес мемлекеттік деңгейде бақылауға алынды.

А. БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ