ТӨРТ ТҮЛІГІМ ТӨЛДЕДІ, ШИКІЗАТЫ ӨНБЕДІ
«Түйе боздап, қой қоздап — қора да шу,
Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су» – деп, қазақтық бас ақыны Абай Құнанбайұлы жырлағандай, көкорай көктемге аман сау жеткен шаруалар үшін жылдың төрт мезгілі қарбалас. Диқан қауымы үшін жер жыртып, егін егу шарасы қарқын алса, малшы қауымы үшін көктемгі мал төлдету науқаны басталды.
Биылғы қыс шаруалар қауымына оңайға соқпады. Қардың қалың түсуі, тұяқты малдың тебіндеп жайылуына кесірін тигізіп-ақ бақты. Өткен жылы алдағы қысқа тиянақты дайындалып, жем-шөп қорын молынан жинап алған жетісулық шаруалар қыстың қытымыр мінезінен қанша қиналса да, төрт түлікті көктемге аман-есен жеткізіп, төл науқанына кірісті. Қазақтың «көтеремнің аузы көкке жетсе, көксауда өлмейді» деген аталы сөзі осындайда ойға түседі. Арық-тұрағының аузы көкке ілініп, қоңды малы төлдеп жатыр. Жетісу өңірінің сегіз ауданында қой қоздап, қорадағы шудан құлақ тұнады. Жоңғар қақпасының аузында орналасқан, шығыстағы Алакөл ауданында қыстаудағы малдың бәрінде жем-шөп қорымен, малды суғаратын тоғандар мен құдықтар бар. Шопан қауымы үшін барлық жағдайлар жасалып, мал төлдетуге сақпаншылар да тартылған. Өңірде бүгінгі күнге дейін барлығы 7 233 мал төлдеген. Оның 1 106-сы – ірі қара, 6 121-і – ұсақ мал, қалғаны қыл құйрықтыдан алынған құлын. Қаһарлы қыстан аман сау шыққан ауданның тағы бірі Ұлы Жібек жолының бойындағы Панфилов ауданында қыста мал басының көп шығынға ұшырамағанын айтуда.
– Жаркенттіктер мал қыстату мен төлдету науқанына тыңғылықты әзірленген. Көктемгі төл алу науқанына төрт түліктің бәрі қоңды келді. Науқанға қажет жемшөп қоры жеткілікті екенін, малдың қысқы және көктемгі науқанға жалпы 203,4 мың тонна көпжылдық және табиғи шөп, 23 600 тонна жоңышқа, 28,3 мың тонна сүрлем, 35,1 мың тонна сабан, 15,7 мың тонна пішендеме және 52 мың тонна жүгері жемі дайындалды, – дейді аудан әкімі Марат Сағымбеков. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл көлсір» деген ата-бабаларымыз қой шаруашылығына аса ден қойған. Қазіргі күнде ауданда 152 061 ұсақ мал төлдеуде. 137 672 саулықтың наурыз айының екінші он күндігіне дейін мыңнан астамы төлдеді. Жалпы, төрт түлікті асылдандыру бағытында «Жетісу» аймақтық қой шаруашылығы қауымдастығы шетелдерден асыл тұқымды қошқарлар әкеліп, облыстағы қой тұқымын асылдандыруға жәрлемдесуде. Өткен жылы өңірдегі көптеген жеке шаруа қожалығы аталған қауымдастықтың көмегін пайдаланды. Қауымдастық бұл шаруашылықтарда науқан кезінде техник ұрықтандырушыларын өздері дайындап, ұрықтандыру пунктерін де жабдықтап берді. Нәтиже жақсы, қозылар ірі туады. Биылғы көктемде Жаркент өңірінде қой, ешкіден 60 928 төл, ірі қара 50 977 аналық бастан 14 235 бұзау, 10 165 биеден 236 құлын алынса, түйе 206 аналық әлі боталаған жоқ. Жалпы, маңызды науқанның алғашқы нәтижелері жаман емес дейді аудан әкімі Марат Сағымбеков. Ауданда 13 916 ірі қара, 1 801 жылқы, 20 380 ұсақ мал. Облыстың сегіз ауданында мал төлдету науқаны қарқын алуда. Мәселен, Сарқан ауданындағы Амангелді ауылдық округіндегі Айдар Барлыбаев қой шаруашылығын ата-бабамнан қалған кәсіп дейді. Атасының ақ таяғын қолына алған Айдар сонау тоқырау заманында болашағын мал өсірумен болжаған азамат. Ел «екі қолға бір күрек» таппай қиналғанда кәсібін мал өсірумен бастаған. Жекеменшіктің дәуірі басталғанда 120 ірі қараны бордақылап етін саудалапты. Табыстың әрі кәсіптің көзі малда жатқанын аңғарып, 2006 жылы «Айдар» шаруа қожалығын құрады. Сол жылы тендер арқылы халықаралық банктен 3 миллион теңге ұтып, қажетті құрал-жабдық сатып алған. Шаруашылық құру барысында Алматы қаласындағы ғылыми қызметкерлермен ынтымақтаса жұмыс істеген. Ол 2009 жылы қойдың тұқымын өсіретін асыл тұқымды шаруашылығы мәртебесін алып, содан бері қой шаруашылығын дамытып келеді.
«Еділбай қойы – ет-май өндіру бағытында өсірілетін қылшық жүнді, құйрықты қазақы қой тұқымының бір түрі. Еділбай қойы өсімтал әрі тез ет алады. Осындай қасиетіне қызығып әрі осы өңірде өркен жаюын ойлап, 2007 жылы Семей қаласынан 300 бас «еділбай» тұқымды тоқты, 110 ешкі сатып алдық. Сөйтіп, шаруашылықтың негізі қаланды. Қазір бір отар қойға айналды. Осылайша, мал басын көбейтуге өз тарапымыздан үлес қосып келеміз. Мал бағып отырған шопандарға барлық жағдай жасалып жатыр», – дейді Айдар Барлыбаев. «Қойың тусын егізден, ешкің тусын сегізден» деп тәмсілдейтін қазақтың айтқаны айдай келіп жатыр. Егізіңіз не, ұсақ малдың бесеуден туғанын естіп, көріп жүрміз. Көксу ауданында Ерлан Әлімбаевтың тұсақтары бірден бесеуден қоздаған. Мал иесі қолдан ұрықтандыру тәсілін қолданбай, табиғи жағдайда бір саулықтан бес төл алыпты. Жылт еткен жаңалықты ести сала Ақтекше елді мекенін бетке алдық. Қойшы тәуелсіздік алған кезеңде өзіне тиесілі жерді еншілеп, 2000 жылдардан бастап атакәсіпке ден қойған. Әкесі Болатбек ақсақал да малсақ болыпты. Әкесінің жолын қуып, қой өсірумен айналысқан Ерлан бүгінде 60 шақты мүйізді ірі қара, 60-тан аса қой-ешкі, 40 жылқы бағуда. Қойы бес төл қоздаған азаматтың айтуынша, былтыр Шопан ата тұқымы үшеуден төлдеген.
«Бұған дейін қой басын бес жүзге жеткізгенбіз. Әйелім екеуміздің шамамыз келмеген соң, уақ малдың санын азайттық. Тұқымды асылдандыруға қазір көп шопан қолданып жүрген гиссар тұқымына көштік. Етті тұқым ғой. 2023 жылы бес саулығым үш қозыдан төлдеді. Өткен жылға өкпе жоқ. Берекелі болды, биыл ақ саулық бес қозы қоздады. Биыл да құтты жыл болмақ», – дейді Е.Әлімбаев. Құдай қосқан қосағы Гүлнұр екеуі бес бала тәрбиелеп өсіруде. Өткен жылы қойлары үштен төлдесе биылғы жылы бес қозы тапқан ұсақ малы ырысын арттырып, берекесін кіргізіп-ақ отыр. Кейіпкеріміз қазір төрт түлік асыраудың оңай емесін, қасына көмекшілікке адам таппағанын да жасырмады. Елді мекеннің маңайы тұтас егістік болған соң тау бөктерін паналап жүрген жайы бар. Шопанның көңілін алаңдатып отырған мәселесі өзіне көмектесетін көмекші шопанның жоқтығы, әрі елді мекеннің маңының бәрі егістікке айналуы, біраз шаруаны қиындатқанын айтады. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші ірі қара болсын, ұсақ мал болсын күрмеуі тарқамай, әлі күнге күрделі мәселеге айналған тақырып, ол малдан алынатын жүн терінің өтпеуі, ысырап болуы шопан қауымының көңілін алаңдатуда. Кешегі кеңестік кезеңде тері илеп өнім шығаратын Семейдегі ірі кәсіпорын талан-таражға түскен соң, көзін тапқандар көрші Қытай мен Моңғолия мемлекетіне тасымалдады. Қазір ол да саябырсыды. Табындап сиыр, үйірлеп жылқы, отарлап қой өсіргенімен, одан алынатын шикізат игерілмей қалуда. Бұл да табыстың қайнар көзі еді. Етін жеп, жүні мен терісін далаға тастау обалды. Жағымыз талмай айтып келеміз, үкімет қашан мұны бір жүйеге түсіреді. Әлі көмескі күйінде қалып келеді дейді малсақ қауым. Ия, малшы қауым айтса айтқандай, малшылардың бұл арман тілегі қашан жүзеге асарын бізде дөп басып айта алмаймыз. Терісі мен жүні түгілі мүйізінің өзінен кеңестік кезеңде өнім шығарылған еді. Малың егіз тапса қуанасың, ырысымыз артты дейміз. Бірақ, малдан алынған шикізатты өңдеу, тәуелсіздігіне 40-жылға таяп қалған Қазақстанда мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорын жоқ дегенге таңдай қағып бас шайқайсың. Қазақтың жаны малмен бірге еді ғой! Сонда біздің үкімет ауыл шаруашылығына қашан түбегейлі ден қояды. Мал төлдеп, бестен-үштен қозы беріп, малыңның басына мал қосылып отыр. Ендеше шопан қауымға қашан қамқорлық жасалады. Жекеменшік өз күніңді өзің көр, малдан алған шикізатты да өңдейтін зауытты өздерің салып ал демесе экспортқа шығатын тері мен жүнді өңдейтін өндіріс орнын салатын уақыт әлде қашан туған-ды. Жылдың төрт мезгілінде мал соңында жүрген малшы қауымға Алла күш қуат берсін!
Айтақын Мұхамади