БАЗАР БАР, ХАЛЫҚ ЖОҚ!

0
59

Өткен жылдың соңы Талдықорғанда жағымды жаңалықтың көптігімен есте қалды. Соның бірі жаңа базар ашылды дегенде қуанғанымыз әлі есімізде. Қалаға жаңа серпін келеді, сауда мәдениеті өзгереді, бәрі реттеледі деген үміт барша халықта болған. Гауһар ана мен Абай көшесінің қиылысында орналасқан жаңа базар дәл сол кезде көптің көңіліне үміт ұялатқан нысанға айналды. Орыны да жаман емес – айналасы халыққа толы, тіршілік қызған аумақ деген көзқарас та болды. Оның үстіне жаңа автобус бағыттары осы көшемен жүреді деген жаңалық қосылып, «енді бұл жер нағыз сауданың ортасына айналады» деген сенім қалыптасты.

Базардың орны жаман таңдалған жоқ. Керісінше, орналасуы жағынан ұтымды деуге толық негіз бар. Гауһар ана мен Абай көшелерінің қиылысы – тұрғындар тығыз шоғырланған аумақ. Айналасында көпқабатты үйлер, шағын бизнес нысандары, күнделікті тіршілік қайнап жатқан аймақ. Яғни, қағаз жүзінде емес, нақты өмірде де бұл жер сауда үшін сұранысқа ие болуы тиіс еді.
Оған қоса, жаңа базар ашылған тұста тағы бір жағымды жаңалық жұртты қуантқан. Бірінен кейін бірі соңғы іске қосылған үш бірдей автобус бағыты дәл осы Гауһар ана көшесі арқылы өтеді деген ресми ақпарат тарады. Бұл, әсіресе, базарға иек артып отырған кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік болып көрінді. Қоғамдық көлік бар жерде – қозғалыс бар, қозғалыс бар жерде – сауда бар деген қарапайым қағидаға бәрі сенді.
Тек қала тұрғындары ғана емес, шалғай ауылдар үшін де бұл базар да, қоғамдық көліктер де тиімді шешім болуға тиіс еді. Мысалы, Ынтымақ секілді елді мекендердің тұрғындары үшін қала ортасына келіп, бір жерден әрі сауда жасап, әрі қажетті заттарын алып қайту – уақыт пен қаражатты үнемдейтін мүмкіндік болды. Жаңа базар дәл осындай көпір іспетті қызмет атқарады деген үміт болды.
Қысқасы, бастапқы алғышарт-тардың бәрі бар еді. Орны дұрыс, айналасы тіршілікке толы, көлік қатынасы болады делінді, ауыл мен қала арасын байланыстыратын мүмкіндік бар. Мұның бәрі базардың тіршілігін жандандырып, тез арада халыққа сіңісіп кетуіне толық жағдай жасайтындай көрінді. Сол кезде «қалаға жаңа тыныс келеді» деп бәріміз қуанғанымыз рас.
Алайда, арада екі-үш ай өткенде-ақ бұл үміттің орнына басқа шынайы көрініс қалыптасты. Қанша жақсы бастама болғанымен, бүгінгі базардың шынайы ахуалы – бос алаң, сирек сауда, үнсіз отырған кәсіпкерлер. Жап-жаңа нысан болғанымен, тіршілігі әлсіз. Сырт көзге әдемі көрінгенімен, ішкі мазмұны біз күткендей емес. Енді саудагерлер мен біз секілді тұтынушыларда «неге бұлай болды?» деген көкейге қонымды сұрақ туындайды.
Ең алдымен, бұған қоғамдық көлік мәселесі тұсау болып отыр деп айтар едік. Базардың «жүрегі» болуы тиіс автобус бағыттары тұрақты жұмыс істемегенін естідік. №28, 29 бағыттары үлкен үмітпен іске қосылғанымен, көп ұзамай олардың тағдыры белгісіз күйге түсті. Өткен аптаның бейсенбісінен бастап бұл қоғамдық көліктер жүруін тоқтатыпты. Ал ол жайлы ақпаратты халық тек жүргізіушілердің әңгімесінен естіген. Бірі тоқтады деген әңгіме, бірі әкім 8 ай құжаттарына қол қоймай, рұқсатын бермеуіне байланысты деген қауесеттер айтылып жатыр. Ақырында бұл мәселенің жауабын Талдықорған қалалық әкімдігінің баспасөз өкілдерінен сұрадық. Олардың айтуынша, бағыттардың тасымалдаушылар есебінен жүргізіліп, енді ғана конкурсқа шығарылып жатқаны белгілі болды. Қалалық әкімдік өкілдерінің мәліметінше, 4 маусымда конкурс өтіп, содан кейін ғана тасымал жұмысы толық жолға қойылады.
Бірақ бұл аралықта базар тіршілігі тоқтап тұр. Себебі қарапайым, қоғамдық көлік жоқ жерде адам болмайды. Ал адам жоқ жерде сауда жүрмейді. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін заңдылық қой.
Көлік қатынасы дұрыс жолға қойылмаған соң, сатушы да, тұтынушы да бұл жерге тұрақты келе алмайды. Бірі – тауарын өткізе алмай шығынға батып отыр, екіншісі — қолайлы жерден алыстап, уақыт жоғалтқысы келмейді. Әсіресе қолында жүгi бар адам үшін бірнеше аялдама жаяу жүру ұнамсыз іс. Осылайша, жаңа базарға салынған қаржы да, үміт те ақталмай, екі ортада инвестор болған кәсіпкерлер шығынға кіріп жатыр. Олар қазіргі уақытта базардағы сауда болмағасын, тауарын сатып тұрған сатушыдан жалға беру ақысын да ұстамайтынын айтқан.
Ал жағдайдың бұлай шиеленісуі басқа бір мәселені қайта «тірілтіп» жіберді. Ол әрине, бәріміз білетін – жабайы сауда. Қала орталығындағы арбат маңында, көшенің бойында жерге жайып сауда жасайтындар көбейген. Себебі ол жер – халыққа жақын, қолжетімді. Автобус жүрмейтін жаңа базарға бару қиын болған соң, тұтынушы да, сатушы да сол баяғы үйреншікті жерге қайта оралған. Нәтижесінде жаңа, заңды базар бос тұрса, ескі, ретсіз жабайы сауда қыз-қыз қайнап жатыр.
Бұл жерде таңғалатын ештеңе жоқ. Адам әрдайым ыңғайлы, оңтайлы тұсты таңдайды. Ал ыңғайсыздық жасалған жерде жүйе өздігінен жұмыс істемейді.
Оған қоса, инфрақұрылымдағы олқылықтар да мәселені ушықтырып отыр. Аялдама толық жасалмаған — тек белгісі бар. Жаңбырда, желде тұратын жағдай қарастырылмаған. Жол бойындағы сары сызықтар көлік тоқтауға мүмкіндік бермейді. Көлік тұрағы да тар. Тіпті Қарабұлақ бағытындағы газельдердің өзі тұраққа сыймай, қозғалысқа кедергі келтіріп тұр. Мұның бәрі бір-біріне қосылып, базарға келуді одан сайын қиындата түседі. Аты бар да, заты жоқ деген осындай болады.
Осыдан шығатын қорытынды біреу. Мәселе базарда емес, оның бастапқы кезде бұрыс жоспарлануында. Яғни, әу бастан жобаның «тіршілік ету механизмі» толық ойластырылмаған. Қаладағы кәсіпкерлікке жауапты құрылымдар нысан салуға мән бергенімен, оның қалай жұмыс істейтінін, халық қалай келетінін, сауда қалай жүретінін терең есептемеген.
Базар немқұрайлы қарайтын ғимарат емес. Ол – қозғалыс, логистика, сұраныс пен ұсыныстың түйіскен нүктесі. Егер осы тізбектің бір жері бүлінсе, бүкіл жүйе тоқтайды. Қазіргі жағдай – соның айқын дәлелі.
Сондықтан, мәселені тек «уақыт өте шешіледі» деп қалдыруға болмайды. Бұл – нақты шешімді, жүйелі әрекетті қажет ететін жағдай. Әйтпесе, бүгін бос тұрған базар ертең сенімсіз жобалардың символына айналуы әбден мүмкін. Мұндай қателіктің салдарынан, бұрыннан бері Шығыс шағын ауданына бара жатқан тұстағы ғимаратта көненің көзі болып, «заброшка» атанды емес пе?

Гүлнұр БАЙМҰХАН