СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДА ҚАЗАҚ ТIЛIНДЕ 10 МАЙДАНДЫҚ БАСЫЛЫМ ЖАРЫҚ КӨРIП ТҰРҒАН

0
62

Журналист деген халықтың ақпаратқа аштығын, дәлірек айтсақ, ізденуін бөрінің азық іздегеніне ұқсатамын. Күнделікті жергілікті жаңалықтан басқа төңіректі шолу, төрткүл дүниенің оқиғалары, өткен күндердің тарихы… қысқасы, ойда маза жоқ. Жеңіс күні қарсаңында «Ұлы Отан соғысы кезіндегі оқ пен оттың ортасында жүрген әріптестеріміз туралы ғаламторда не жазылды екен?» — деп шолып шыққанда бүгінгі жас журналистерге үлгі боларлық талай дүниені кездестірдім. Соғыстағы журналистердің ерлігіне таңқалдым. Қан майдандағы жауынгерлердің ерлігін ұлт тілінде жариялайтын газет шығарып, олардың ерлігіне рухани демеу беріп жатқан Кеңес одағының ұлттық идеологиясына таңқалдым.

Біріншіден – жауды жеңу керек, екіншіден – майданда жауынгерлермен бірге жүріп, сол жаумен шайқасып жатқан жауынгерлердің ерлігін жазып, оларды рухтандыру – басты мақсат болған.
Қазақ тілінде майданда шығып тұрған қазақша газеттер туралы «Түркістан кз.» сайтында тарих ғылымдарының докторы Тілеубай Көлбаев: «Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО Қарулы Күштерiнде 4 орталық, 19 майдандық және флоттық, 103 армиялық газет, ал ұлттар тiлiнде 50 газет шығып тұрды. Оның iшiнде қазақ тiлiнде 10 майдандық, 3 дивизиялық, 1 округтiк газет жарық көрдi. Олар- «Қызыл әскер ақиқаты», «Қызыл Армия», «Жауға қарсы аттан», «Отанды қорғауда», «Суворовшы», «Қызыл Армия», «Майдан ақиқаты», «Отан намысы үшiн», «Отан күзетiнде», «Отан үшiн ұрысқа», «Дабыл», «Сталин туы», «Фрунзешi» және басқалар — десе. «Жас қазақ кз.» сайтында ЕҰУ әскери кафедрасының оқытушысы, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері Әбубәкір Смайылов «Қазақ әскери журналистикасы» деген мақаласындағы зерттеуінде: «1918-1941 жылдары алдымен Түркістан, кейін Орта Азия округінде 50-ден астам орталық, майдандық, дивизиялық (бригадалық), ұлттық басылымдар шығып тұрғанын жаза отырып, «Әскери журналистиканың Ұлы Отан соғысы кезінде атқарған рөлі мен Жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз. Майдан газеттері әдебиетке қаруы да, қаламы да шыңдалған талай майталман жазушыларды берді. Әскери журналистиканың «шинелінен» қазақтың Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Сәрсен Аманжолов т.б. ақын-жазушылары мен тілші ғалымдары шықты. Башқұрттың бас жазушысы Мұстай Кәрім мен қазақтың ақиық ақыны Әбу Сәрсенбаевтың соғыс кезінде бір газетте қызмет жасағанын бүгінде біреу білер, біреу білмес», — деп тұжырымдайды.

«СТАЛИН ҮШІН АЛҒА» ГАЗЕТІ

Мемлекеттiк Қорғаныс комитетiнiң бұйрығы бойынша, басқа республикалар сияқты Қазақстанда да бiрнеше ұлттық бригадалар құрылды. Солардың бiрi — 1941 жылы 5 желтоқсанда Алматыда құрылған 100-шi дербес қазақтың атқыштар бригадасы. Бригаданың «Сталин үшiн алға» газетiнiң редакторы капитан Қасым Шәрiпов едi. Ол соғыстан кейiн ұзақ жылдар «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң (қазiргi «Егемен Қазақстан») редакторы, ҚазТАГ-тың директоры болды. Оның 100-бригадада бiрге болған жауынгер жолдастары жайында «Қатардағы қаһарман» және «Қаруластар» деген екi кiтабы жарық көрдi.
Үшiншi батареядағы взвод командирi, кiшi-лейтенант Қажым Көшековтi бүкiл бригада жауынгерлерi бiлетiн. Ол Алматыда Коммунистiк журналистика институтын ойдағыдай бiтiрген, республикалық «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш») газетiнiң редакторы болған. Ол бұрын қаламымен қайрат көрсетсе, ендi қаруымен ерлiк танытты. Командир Көшеков жаумен шайқаста қаза тапты. Құлаған жерiнен қайта көтерiле алмай, зеңбiректiң қалқанына әрең сүйенiп отырып «Жiгiттер, алға!»… дедi. Бұл оның соңғы сөзi едi. Көшековтың қаза табуы бүкiл бригаданы күйзелттi…
Майдандық газетте Әзiлхан Нұршайықовтың «Өсиет» деген өлеңi басылды. Онда «Қызыл Жұлдыз» орденiнiң кавалерi Көшеков Қажымның «Алға қарыс бассаң да, сүйем кейiн шегiнбе! Әдет жоқ ондай тегiнде» деген өсиетi басылды. Содан берi Көшековтың қансырап жатып, жауынгерлерге айтқан үш жол өсиетi газеттiң шекесiнен — шпигелiнен түспейтiн болды. Бұл өсиет сөз бригаданың қазақ халқының хатына жазған жауабына да жазылды.
1943 жылдың 5 мамырында «Баспасөз күнiне» арналған жиналыс өттi. Жиналыста ең белсендi әскери тiлшiлерге, үздiк редакторларға құрама командирiнiң арнаулы бұйрығымен алғыс жарияланды. Алғыс алғандардың iшiнде сержант Әзiлхан Нұршайықов, сержант Мәншүк Мәметова, аға сержант Мырзағали Үсаев, кiшi сержант Мағауия Қалиев, жауынгер Бейсенбек Мұстафин, старшина Сабыр Баймұратов, лейтенант Қаби Нұрмағамбетов, капитан Шазада Әтеева болды. Бұл тiзiмде ең алдымен сержант Нұршайықов есiмiнiң аталуы өте орынды деп есептелдi.
Сержант Нұршайықов тек тiлшi ғана емес, қатаң тәртiп ұстайтын зеңбiрек командирi екен. Сондықтан ол Қорғаныс халық комиссариатының бұйрығы бойынша бригада жауынгерлерiнiң iшiнде бiрiншi болып «Қызыл Армия үздiгi» белгiсiмен наградталған.
1943 жылғы көктемде редакцияға Жамбылдың «Балама хат» деген өлеңi түседi. Бiр жерiнде ақынның майдандағы Алғадай деген ұлының аты аталды. Тегiнде өлең Алғадайға ғана емес, майдандағы барлық қазақ жауынгерлерiне арналған. Өлең бригада газетiне басылды. Әскери құрама басшылығы Жамбылға хат арқылы жауап беру керек деп ұйғарды. «Хат өлеңмен жазылсын, мұны бригада ақыны Әзiлхан Нұршайықов жазатын болсын» деген шешiм қабылданды. Өзiне жүктелген жауапты тапсырманы Нұршайықов үш күнде орындап шығады. «Атамыз Жамбыл ақынға» деген ұзақ өлеңде жаяу әскер Қарабек Бұрышевтың, артиллерис- тер Әбдiрахман Баймурзин мен Мырзаби Ерназаровтың, бригада мергенi Ыбырайым Сүлейменовтың және басқалардың ерлiктерi баян- далды. Хаттың ең соңында осы ерлердiң есiмдерiн Жамбылдың өз жырына қосуын тiлек етiп, аяғын былай аяқтаған:
Сұм фашистi, атажан,
Қарыс сүйем iлгерi,
Бастырмаймыз, жеңемiз!
Сiз арқылы халыққа
Осылай серт беремiз!
Қош болыңыз қарт ата,
Ұсындық, мiне, қолымыз!
Талай жылдар тағы да
Сау-сәлемет болыңыз.
Ұлдарыңның жеңiсiн,
Көзiңiзбен көрiңiз.
Асыл сөзбен ерлердi
Елге жырлап берiңiз!
Хатқа 100-атқыштар бригадасының командирлерi мен жауангерлерiнiң, саяси қызметкерлерiнiң атынан 25 адамның қолы қойылып, Қазақстанға жiберiлдi. Екi айдан соң Жамбылдың «Жүз жасаған жүректен» деген өлеңi келiп, ол бригадалық газетте жарияланды.

«ЖАУҒА ҚАРСЫ АТТАН!» ГАЗЕТІ

Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Армиясы қатарында 800 мыңнан астам әйел жауынгер болды. Соңғы құжаттық мәлiметтерге қарағанда, Қазақстаннан майданға 5875 қыз-келiншек аттанған. Олар самолетпен майданға самғады. Танк жүргiздi, барлауға барып, ұрыс даласында мергендiк көрсеттi. Мергендер мектебiн бiтiрген әйелдер 50 мыңнан астам жаудың көзiн жойды. Соның бiр айғағы ретiнде «Жауға қарсы аттан» газетiнiң (9 наурыз, 1944 жылғы аға лейтенант Асқар Закариннiң «Мәншүк» деген мақаласында Кеңестер Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ерлiк iстерi баяндалған. «Оның жанын қиып қорғаған қаласы Невельдiң Приамур көшесi мен Торфяной бұрышы Мәншүк Мәметованың атына өттi» деген сөздер кеудеде мақтаныш отын маздатты.
Сондай-ақ, газеттiң дәл осы санындағы «АҒИПА» атты мақалада адамды бей-жай қалдырмайды. Подполковник Карл Киттон басқаратын бөлiмшедегi жауынгер Ағипа Кенжеғалиеваның ерлiк iстерi кеңiнен сөз болады. Жаңбырдай жауып тұрған жау оғына бой берместен, Сталинград түбiндегi ұрыстарда қаһармандық қимыл жасады. Бөлiмшенiң барлық жауынгерлерi мен командирлерi «Сталинградты қорғағаны үшiн» медалiмен наградталды, соның бiрi- Ағипа едi…

«ОТАН НАМЫСЫ ҮШІН» ГАЗЕТІ

Бiрiншi Украина майданының «Отан намысы үшiн» газетiнiң 1944 жылғы 8 қаңтар күнгi санында «Батыр қыз» атты мақалада: «Кеңестер ер азаматтарымен қатар қасиеттi Отанымызды қорғау үшiн Зура да майданға аттанды. Сержант Зура Досбергенова бiр саяси бөлiмде әрi хатшы, әрi машинистка болып iстедi. Зура атқарып жүрген қызметiн мiсе тұтпай, қолына қару алып, майданның алдыңғы шебiне барып, ұрысқа араласқысы келдi. Ұрысқа бой ұрған өжет қыздың тiлегi орындалды.… Үлкен ұрыста рота командирi саптан шыққан сәтте Зура үлкен батылдық жасап, ротаны басқарды. Батыр қыздың ерлiгi «Қызыл Жұлдыз» орденiмен наградталды…
Ұлы Отан соғысының әртүрлi майдандарында қаламы ұшталған қазақ журналистерi көп болды. Олардың қатарында белгiлi жазушы Қалмахан Әбдiқадыров, журналистер Әнуар Ипмағамбетов, Төлеутай Ақшолақов, Мұса Дiнiшев, Төлеу Құлжин, Әнуар Омарбеков, Жолдас Аймұратов, Шынықұл Қарамергенов, Сабыр Зәкiржанов, Әбу Сәрсенбаев, Ысқақ Дүйсенбаев, Сабыр Ильясов, Жақия Сейiтқазиев, Нығмет Адарғалиев, Қапан Сатыбалдин, Зәбира Айтқожина, Таңсық Мәткәрiмова, Түймебай Әшiмбаев, Кәрiм Османов, Асылхан Тұрғанов, Ақмұқан Сыздықбаев, Бисен Жұмағалиев, Павел Кузнецов, Леонид Макеев, Арсений Петрашко, Баубек Бұлқышев, Рамазан Амангелдиев, Аманғали Сегiзбаев, Михаил Калистратов, Бори Линов, Молдажан Толғанбаев, Сәуiрбек Бақбергенов, Асқар Закарин, Қасым Шәрiпов, Нияз Әбдiрашитов, Павел Гончаров, Евсей Барда, Дмитрий Снегин, Ғазиз Әбiшев, Андрей Дубовицкий, Сағынғали Сейiтов, Әбзәлi Егiзбаев, Өтебай Қанахин, Сырбай Мәуленов, Абдолла Жұмағалиев, Амантай Байтанаев, Несiпбай Манашев, Зәкiр Құсайынов, Мұхаметқали Сламқұлов, Сергей Мартьянов, Кемел Тоқаев та бар едi.
Майдандық қазақ газеттерiндегi очерктерде Берлин үшiн болған ұрыстар, Берлиннiң алынуы, Германияның тiзе бүгуi, Кеңес Одағының ұлы жеңiсiнiң салтанаты туралы да кең көлемде жазылған. Олардан халқымыздың қаһарман тұлғасын, соғыстың соңғы кезеңдерi жайлы, Берлин үшiн болған ұрыстардағы ерлiк жайлы деректер табамыз.

Баян ТАҢАТАРОВА

/Дереккөз:«Жас қазақ», «turkystan.kz» (24.04.2020ж.) сайттарынан қысқартылып алынды/