«ЖҮРЕК СӨЗІ»

0
1813

Күні кеше Талдықорған қаласындағы Д. Рақышев атындағы филармонияның сахнасында осындай атаумен жүректі тербеген тамаша кеш өтті.

Жүректерді жырымен әлдилеген ақынның «Жүрек сөзі» атты поэтикалық-сазды қайырымдылық кешіне көрермен де көп жиналды. Филармония ғимаратында ине шаншар орын болмағандықтан Жұматай Оспанұлының жырларын түрегеп тұрып тыңдағандар да болды. Бұл ақынның өткізіп отырған төртінші әдеби-сазды кеші. Ал қайырымдылық кешінен жиналған қаражат үш бірдей баланың бір жылғы оқуына жұмсалады. Яғни, «Білім бұлағы» қоғамдық қорының қолдауымен Талдықорғанның жекеменшік мектептерінде білім алатын үш бірдей 10-11 сынып оқушысының бір жылдық оқу төлемақысы кештен жиналған қаражаттан төленеді. Әдеби-сазды кеш аясында қуанышқа кенелген үш бірдей балаға, атап айтсақ, «INNOVERSE» жекеменшік мектебінің оқушысы Мейрамбек Мұсатұлына, «UBT school» жекеменшік мектебінің оқушысы Нұрсипат Ғалымбекқызы мен «DOSTYQ» жекеменшік мектебінің оқушысы Мерей Ермұхамедұлына арнайы сертификат тапсырылды.
Мұнан соң сахна төрінде ақын бастап, жеткіншектер қостаған жүректі тербеткен әсерлі жырлардың тамшысы төгілді… Бойды балқытып, ойды алысқа жетелеген қара өлеңнің құдіреті жүректі толқытты, сезімді шалқытты, жанды тебірентіп, жанарға жас үйірді… М. Мақатаев атындағы поэтикалық «Жас актер» театрының жеткіншектері мен Абайдың сөзіне жазылған әндерді орындаған Төлеутай Серіков, әке болып балаларына білім мен ғылымның маңызын пайымдаған ақын Жұматай Әміреев сахнаның ерекше сыйқырымен көпті өзіне елітті. Қойылымдағы көтерілген қоғамдық мәселе де кешке жиылған жас пен кәріні бейжай қалдырмады. Абай ақынның өлеңімен ашылған жыр кеші алыста қалған Жұматай ақынның да ауылына ат басын бұрғызып, қара шаңыраққа, әке мен анаға, бауырға, қарындасқа деген сағынышты оятып, оларға деген құрметті өлең арқылы тамаша жеткізе білді. Ақынның қойын дәптеріне түсірілген өлең жолдарын Аршын, Мирас және ұлы Мағжан жатқа оқып, көрермен жүрегіне жеткізе білді…
Өлеңмен өрілген кеште Жұматай ақынның сөзіне жазылған әндерді филармония әншілері орындады. Кеш соңында Алмат Шамшиевтың «Тойбастар» қойылымын Д.Рақышев атындағы филармония бишілер ансамблі жандандырып, Мұқағали ақынның «Саржайлау» өлеңін Жұматай ақын «Күреңбел» триосының сүйемелдеуімен орындады.
Қайырымдылық кеште өскелең жасқа айта алмаған ой айтылды, ақын жырларымен жеткізілді десек болады. Айта кетейік, осындай әдеби кештерді ақылы жасауды Жұматай ақынға көзі тірісінде Бейсен Құранбек ағамыз айтып әрі бұдан түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсауға идея тастапты. Содан бері Жұматай ағамыз кешін ақылы жасап, түскен табысын мұқтаж жандарға беріп келеді. Бұл тұстағы ойын ол былайша өрді.
2017 жылы шығармашылық кешімді өткізгім келіп, ой үстінде жүрдім. Сахнаның адамы болғандықтан ба жаным сахнаны сағынған-ау, шамасы. Бір күні жұмыстан ойланып шығып келе жатсам алдымнан Бейсен Құранбек ағамыз шықты. Бейсе аға кеш өткізсем деген ойым бар еді, қалай қарайсыз дедім. Сонда ол: «Мұндай ойды жол жөнекей айтпайды. Жүр кабинетке» деп соңынан ертті. «Бұған дейін өткізіп пе едің?» деп сұрады. Екі рет 2004, 2007 жылдары өткізгенмін деп жауап бердім. «Қалай болды?» дегенде, сахнаға шығып әнімді айттым, өлеңімді оқыдым, қошеметке бөлендім деп жауап каттым.
«Жұматай, адам бір нәрсені бастаса, оның нәтижесіне жетіп, екінші қадам жасағанда ол оданда биік мақсатта болуы керек. Ал сенің екі кешің бір деңгейде өткен екен. Ендеше біз осы жолы сенің өлеңдеріңді сатамыз» деді. Бірақ «ақылы ақын» дегенді естімеппін. «Қазір айналамызда мұқтаж жандар көп. Сен байдың баласы немесе кәсіпкер емессің. Бірақ екеуінде жоқ, Алланың саған берген байлығы бар. Ол сенің өлеңің, өнерің» деді ол. Осылайша 2017 жылы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында үлкен жаңаша кеш өтті. Бір отбасын қолдадық, бүгінгі кеш те соның жалғасы, – деп ағынан жарылды Жұматай Оспанұлы.
…Ел құрметіне бөленуінің сыры неде деген сауалдың жауабы біріншіден, әке қаны, ана сүтімен берілген табиғат сыйы, тума талантында десек, екіншіден, қайырымдылықтың да жемісі болар, бәлкім… Қалай десек те, еңбегіңнің жемісін көріп, өміршең өлеңдеріңмен өмір сүрген де жақсы ғой. «Жүрек сөзі» әркімнің жүрегіне ой ғана салған жоқ, қайырым мен мейірімнің қадірін ұқтырды… Жасай беріңіз, Жұматай ақын!

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ