«ДЕНІ САУ ҰЛТ» ЖОБАСЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?

0
143

Адам жанының арашашысы ақ халатты абзал жандар мемлекеттік және жекеменшік ауруханаларда да қызмет атқаруда. Жекеменшік емханаға қаралуға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Мемлекеттік бюджетке қарайтын емханалардың да өзіндік мәселелері шаш етектен. Әсіресе елді мекендердегі ауруханалар жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Соның бірі – Көксу аудандық орталық ауруханасы.

Ауруханадағы осы үш айдағы денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Дені сау ұлт» Ұлттық жоба аясында атқарылған іс-шаралары және жеткен жетістіктері жайлы ой қозғауды жөн көрдік.
«Қай жерің ауырса, жаның сол жерде тұрады» деген тәмсіл тектен-тек айтылмаған. Жұтқан ауаң, ішкен суың, жеген тамағың да қазір қауіпті. Ауруды астан тауып жүргеніміз де жасырын емес-ті. Экологиялық ахуал екі бастан белгілі. Бүгінгі қоғамда жас та, жасамыс та дәріге тәуелді. Оның ішінде жастар арасындағы простатит, қан қысымы, понкратит, бүйрек және онкологиялық аурулардың көбейіп бара жатқанын дәрігерлер де жасырмайды. Халық денсаулығын жақсартуда «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы әлі жүзеге асып келеді. Мұның сыртында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Дені сау ұлт» жобасы да халық денсаулығын жақсартуға бағытталған. Бұл бағытта Көксу ауданының тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін 125 төсектік орталық аурухана бар. Мұнда күніне 250 адам қабылдай-тын 6 – емхана, 9 – дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушер-лік және 10 медициналық пункт жұмыс жасайды. Осы аталған мекемелерде бүгінгі күні 77 дәрігер, 323 орта медицина қызметкері еңбек етуде. Аудан тұрғындарын дәрігермен қамту көрсеткіші – 17,9 пайызды (облыстық көрсеткіш – 25,0) құрайды, ал орта буын қызметкерлері – 76,9 пайыз (облыстық көрсеткіш – 96,6).
Дәрігердің де дәрігері бар. Білікті, білімді дәрігерді табу шөп арасынан ине іздегенмен бірдей. Жасыратын несі бар, дәрігердің ағаттығынан дертіне дерт жамап, болмаса бақилық болып кеткендер жайлы аз айтылмайды. Көк сандықтың түймесін басып қалсаңыз, интернет желісіндегі жаңалыққа көз салсақ дәрігер қолынан ажал құшты деген керағар ақпараттарды көзіңіз шалады. Құдайға шүкір, Көксу ауданында мұндай өрескел қателіктер орын алған жоқ. Кадр тапшылығы бұл ауданды да айналып өтпепті. Маман тапшылығын шешу мақсатында жыл сайын өтетін Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ұйымдастырылған «Жас маман» жәрмеңкесіне қатысып, жұмыстар жүргізіліп және «Еңбек» порталы арқылы қажетті мамандар тізімін орналастыру арқасында ауданға 2022 жылы – 25, 2023 жылы – 21 маман тартылған. Бұл келген дәрігерлер эндокринолог, инфекционист, хирург, реаниматолог, терапевт, кардиолог, узист, ЖПД, рентгенолог, онколог, маммолог тағы да басқа мамандар. Биылғы жылдың 3 айында тағы 3 маман келіп жұмыс жасауда. Олар педиатр, реаниматолог және фтизиатр. Аудан әкімі Дәулет Халеловтің айтуынша, аудан көлемінде әр ауылдағы дәрігерлік амбулаторияларда дәрігер мамандары бар. Алты дәрігерлік амбулаторияда бүгінгі күні 8 дәрігер жұмыс атқаруда, ал аудандық орталық ауруханаға келсек, офтальмолог, травматолог, невропатолог дәрігерлері ауадай қажет екен. Аудан тұрғындары осы аталған мамандардың көмегінен тыс қалмау үшін облыстық денгейдегі мекемелердің дәрігерлерімен келісім шарт жасап, офтальмолог, невропатолог, травматолог, уролог, кардиолог және эндоскопист мамандарын аудан тұрғындарына көмек көрсетуге шақырып тұрады. Бұл да болса ауданның облыс іргесіне тиіп тұрғанының пайдасы.
Ауруханада 27 бағытта медициналық көмек көрсетіледі. Ал, ауылды жерлердегі тұрғындарға медициналық көмектің сапасын арттыру, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жыл бойы жылжымалы медициналық кешен арқылы ауыл тұрғындарына аса қажет мамандар мен зерттеулерге дәрігерлер бригадасын құрып, ауыл тұрғындарына көмек көрсетеміз. Кардиолог, узист, рентгенолог, онколог, лор, хирург, терапевт, стоматолог дәрігерлері барып тұрады. Сондай-ақ, материалдық-техникалық базаны нығайтуға күнделікті мән беріледі. 2023 жылдың аяғында ауданға КТ аппараты орнатылды. Бұл аудан тұрғындарына оңтайлы болды. Енді тұрғындар КТ-ға түсу үшін облыс орталығына сабылмайды. Ауруханаға жедел түскен науқастарға күн-түн демей КТ зерттеулер жасалуда. Жалпы аурухананың медициналық құрал жабдықтармен қамту көрсеткіші – 98,3 пайызды құрайды. Заман ағымына қарай барлық саланы заманауи техникаларымен жабдықтауға қам-қарекет жасаудамыз. Әсіресе, халықтың денсаулығы аса маңызды. Бұл жағынан аянып қалмаймыз. Денсаулық ол халықтың басты байлығы, – дейді аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлы.
Қуатты мемлекет болу үшін оның халқының денсаулығы мықты болуы шарт. Өйткені мемлекеттің іргесінің беріктігі қуатты күштен құралады. Ол үшін халықтың жұтқан ауасы да, ішкен суы да, тұтынатын тағамы да таза болуы әрі денсаулығы мығым болғаны абзал. Ол үшін медицина саласы заманауи технологиялармен жабдықталып, халыққа қызмет көрсететін маман дәрігерлердің білімді-білікті болғаны әрі медицина ғимараттары жарықта сәулелі, еңселі болғанда ғана халықтың денсаулығы жақсара түседі.
Көксу ауданындағы медициналық мекемелердің ғимараттарының 50,0 пайызы бүгінгі күні жаңа типті ғимараттар. Ал қалған мекемелердің ғимараттары 2025 жылға дейін жаңартылатынын да тілге тиек етті аудан басшысы. 2024 жылы «Ауылды жердегі денсаулық саласын жаңғырту» Ұлттық жоба аясында 4 ФАП салынуы және 2 БМК орналастыру жоспарланған. Мұнымен қатар 2025 жылы 2 БМК орналастыруы жоспарда бар.
2024 жылға Мұқыры ауылының дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеуге қаражат бөлініп, бүгінгі күні жұмыстары басталған. 2025 жылға 100,0 пайыз медициналық мекемелер жаңа ғимараттарда орналастырылады деген болжам бар. Денің сау, тәнің таза болғанға не жетсін. Жұмыр басты пенденің қайсы өзіне дерт тілейді дейсіз. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деп тәмсілдеген қазекем өсіп-өне берсін.
Дені сау ұлт болу үшін білімді, білікті дәрігер даярлау, халыққа мінсіз қызмет көрсету заман ағымына бейімделіп, медициналық мекемелердің жұмысын жандандыруды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да ұдайы айтып келеді.

Айтақын БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ