ОТ ПЕН СУМЕН ОЙНАМА, ЕКЕУІНЕН АБАЙЛА

0
221

Жылдың төрт мезгілінде оттан, судан болатын қауіп-қатерлер жайлы Төтенше жағдайлар бөлімі мен ақпарат құралдары аса сақ болу керектігін айтып жатады. Алайда, сақтық шарасын елеп-ескермегендер отқа оранып, суға батып жататыны өзекті өртейді.

Отты сөндіргеннен бақылаған оңай. Көксу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі берген мәліметке көз сүзсек, жыл басынан аудан аумағында өрттің қаупін азайтуға бағытталған 8 акция өткізілген. Атап айтсақ, «Ашық есік күні», «Улы газдан сақ болыңыз!», «Өрт қауіпсіздігі сенбілігі!», «Қауіпсіз баллон», «Қауіпсіз сауда», «Қауіпсіз балалық шақ», «Өрт қауіпті маусымына дайындық», «Қауіпсіз жаз». Көксу аудандық полиция бөлімі, жергілікті атқарушы органдар мен волонтерлік ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, аудандағы өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнаманы сақтау бойынша профилактикалық іс-шаралар өткізген. Онда сауда үйлерінде және базарларда өрттің пайда болуы қаупін азайту мақсатында ТЖБ қызметкерлері және ЖПҚ, ЖАО еріктілермен бірлесіп адамдар көп жиналатын объектілерде қауіпсіздік мәдениетін арттыру шаралары жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындарына өрт талаптарын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп және 2500-ге жуық көрнекті жадынама парақтары таратылған. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және ресми интернет-ресурстарында мақалалар жарияланған. Бұл атқарылған игі шараның барлығы да оқыс жағдайларда болатын өрт салдарының алдын алуға адамдарды жұмылдыру. Сауда үйлерінде немесе жеке тұрғын үйлерде, көпқабатты пәтерлерде электр желісінің тұйықталуынан, газ балондарынан өрт тұтанып жатады. Электр жүйлерінің ескіруі, дер кезінде жаңаланбауы сияқты салғырттықтың арты жалынға ұласып, орны толмас шығындарға алып барады. Кей жағдайларда адам шығыны болады. Оның үстіне сауда үйлерінің құрылысын салғанда тез тұтанатын құрылыс материалдарын қолдану да өрттің өршуіне септігін тигізіп жатады. Мұндай оқиғалар жеке тұрғын үй секторларында да болып тұрады. Қора-жайдың үйге жақын салынуы, қазан-ошақтан ұшқан ұшқынның шөпті шарпуы, болмаса ойын балаларының отпен ойнауы, көпқабатты тұрғын үйлерде газ балондарын пайдалудан немесе асханалар мен кафелерде, мейрамханаларда тұтанған өрттің түп-төркіні қауіпсіздіктің ескерілмеуінен болғаны анықталып жатады. ТЖБ қызметкерлері жылдың төрт ауысымында да өрт пен судың қауіп қатері жайлы сауда үйлері мен кәсіпорындарды, жеке тұрғын үйлерді аралап, тұрғындармен жүздесіп, өртке қарсы үгіт жұмыстарын жүргізуде. Алайда, тілсіз жаудың қауіп-қатері сейілген емес.
Көксу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Манат Тұрымовтың айтуынша, табиғи апат қатарына жататын жер сілкінісі, су тасқыны және найзағай түсіп орман-тоғайларды өрт шалса, мұның сыртында жаз кезінде тау бөктерлеп көгалда, су жағасында демалушылардың, жол жиегіндегі қураған шөптерге темекі тұқылын толық өшірмей лақтыра салуынан да тұтанған өрттерді сөндіруге тура келеді. Өрт пен су тағы да басқа табиғи апаттар мен күресіп жүрген ТЖБ бұл оқыс оқиғаларға адамдары сақ болуға үгіттеп қана қоймай, жастарға бағыт-бағдар беріп, оларды құтқарушылар қатарына қосуда. Мәселен, Көксу ауданының ТЖБ қызметкерлері жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың мамыр айында 23 мектеп арасында «Жас құтқарушы» слеті бойынша жарыс өткізген. Командалар арасындағы өрт сөндіру – құтқару бойынша аудандық жарыста жеңімпаз команда Н. Алдабергенов атындағы орта мектеп облысқа жолдама жеңіп алған.
«Отпен ойнама күйерсің, құйынмен ойнама шаршарсың» демекші, үйде қадағалаусыз қалған балалардың шырпы тұтатып ойнауынан, шаңырақтары күлге айналған отбасылар қаншама. Газ балонын тұтынушылар да аса абай болағыны жөн. Жылыту маусымы басталғанда от жағатын пештердің бүтін болуы, түтін жүретін мұржалардың толықтай тазалануы, тез тұтанатын сұйық майларды жанып тұрған пешке жақын қоймаңыздар деп төтенше жағдайлар қызметкерлері ұдайы айтып, үйме-үйді аралап ескертеді. «Құдай да сақтанғанды сақтаймын» дегенін адамдар естерінен шығармауы тиіс. Көлік оқиғаларынан болып жататын өрт те аз емес. Табиғи апаттардан болған өртке түсіністікпен қарауға болады. Ал адамдардың немқұрайлығынан болып жатқан өрттен жұмыр басты пенденің бәрі сабақ алуы тиіс, – деген бөлім басшысы Манат Бексұлтанұлы ағымдағы жылдың маусым айының 11-іне дейін АЕК 56 төтенше жағдайлар тіркелгенін, оның ішінде 8 өрт оқиғасы орын алып, 32 құжат нарядқа жолданып, 11 құжат әкімшілік құқық бұзушылық орын алғанын, 5 құжат аумақтық бойынша жіберілгенін айтты.
Алты айдың ішінде сегіз өрт оқиғасы тілгелгенін ескерсек, өрт апаты жаз айларында, күн көзі қатты ысығанда адамдарға тілсіз жаудан абай болуды ескеру керек. От пен судан келетін қауіп-қатер босаңдықты көтермейді. «Бірі – от та, бірі – су, қиын болар ұғысу» деп қазақ тегіннен тегін тәмсілдемеген. Ол аз десеңіз: «От пен суда татулық жоқ» дейді.
Жадырап жаз келді, суға шомылу маусымы басталды. Ел-жұрттың ми қайнатар аптап ыстықтан қашып, өзен-көлдерді жағалайтын сәт туды. Оның үстіне шіліңгір шілдеде тау басындағы көбесі қалың қар-мұздақтар ериді. Көктемгі тасқынның салған әлегі аз болған жоқ. Шомылу маусымында өзендерді жағалағандар белгіленген жерден ары қарай суға түсуге тыйым салынғанын елеп-ескере бермейді. Әсіресе, балаларға ата-аналары көзден таса жерлерге суға шомылуға болмайтынын ұдайы айтып отыруы шарт.
Аудандық төтенше жағдайлар, полиция бөлімдері және жергілікті атқарушы органдар, еріктілермен бірігіп құрылған «Суға шомылу маусымына арналған мобильдік топтың патрульдеу кестесіне» сәйкес ағымдағы жылдың мамырынан бастап демалыс және мереке күндері аудан аумағынан өтетін Көксу, Мұқаншы, Быжы өзендері мен су каналдарының бойында және табиғатта демалуы мүмкін жерлеріне 25 рейдтік іс-шаралар жүргізген. Рейд барысында демалушылармен нұсқау жүргізіліп, «Табиғат аясына шыққан кездегі қауіпсіздік ережелері» мен «Суда абай болыңыз» тақырыптарында 450 дана жадынамалар таратылған. Рейдтік іс-шараға Көксу ауданының жастар ресурстық орталығының еріктілері тұрақты атсалысыпты. Рейд барысында бөлім қызметкерлері мен полицейлер жағада үлкендерсіз жүрген балаларға қатты назар аударып, жасөспірімдермен алдын-алу сұхбаты, ата-аналар мен үлкендердің қарауынсыз суға шомылуға жібермеуі туралы түсіндіріліп, судағы қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқау берілген.
«Суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік» және «Ескерту және тыйым салу белгілері бар қалқандар қойылған жерлерде неге шомылуға тыйым салынады», «Купаться в нетрезвом состоянии опасно для жизни» тақырыптарында ақпараттар Facebok, Instagram әлеуметтік желілеріне орналастырылса, «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбындағы 3 мақала аудандық «Нұрлы Көксу» газетіне жарияланған. Сонымен қатар, Көксу ауданы әкімі аппаратының қолдауымен 40 дана тиым салу белгісін сатып алу жоспарланған.
Көксу ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің берген ақпаратына сүйенсек, ауданда қауіпсіз жаз акциясы аясында арнайы жадынама парақтары таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ