ШАҢЫРАҚТЫ ШАТТЫҚҚА БӨЛЕГЕН ШАРА

0
208

«Мерейлі отбасы» байқауы Көксу ауданында да дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Осыдан он бір жыл бұрын бастау алған отбасылық ұлттық байқау көптеген шаңырақты шаттыққа бөлеп, талайды жетістіктерімен тамсандыруда.

Көксу ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Азамат Қисметовтің айтуынша, биыл аталмыш байқауға қатысу үшін 10 ауылдық округтен медицина, мәдениет, білім және спорт сияқты салаларда еңбек етіп жүрген отбасы мүшелері, яғни 42 отбасы өтініш берген. Әр саладан 15 отбасы өздері дайындаған портфолио мен арнайы бейнебаяндарын жолдаған. Байқаудың нәтижесі бойынша марапаттау рәсімі 27 мамыр күні аудандық мәдениет үйінде өткен. Шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Тасқанбаев арнайы қатысып, байқауда жүлделі болған мерейлі отбасыларын арнайы марапаттапты.
Байқау нәтижесі бойынша жүлделі І орынды Үзембаевтар әулеті иеленсе, ІІ орынды Абдрахмановтар әулеті мен Белгібековтер әулеті алған. Ал ІІІ орынға Құралбек әулеті мен Асқаровтар әулеті лайық деп табылған.
Осы байқауға қатысқан Меруерт Рахмишова қатысушылар атынан:
«Мерейлі отбасы» байқауы тәртіпті де тәрбиелі ұрпақтың қалыптасуына септігін тигізетін шара деп есептеймін. Осындай байқаудың өтуіне мұрындық болған аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлына аналық алғысымды білдіремін. «Баланы бесіктен, келінді есіктен» деген нақыл бар. Тәрбиелеп отырған балаларымыз саналы болсын. Барлық отбасының бақыты арта берсін. Аудан мерейін арттыратын мерейлі отбасылар көп болсын, – деп сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізімен бөліскен.

Айнұр ӘБДІРАХЫМ


ПІКІР ЖАЗУ