Ж. АЙТБАЙҰЛЫ: «МӘСЕЛЕ САНДА ЕМЕС, ДАЙЫНДЫҚ САПАСЫНДА»

0
149

26 шілде күні Парижде төртжылдықтың басты спорт додасы басталады. Біздің елімізден оған 80 спортшы 25 спорт түрінен қатысады. Алғаш рет Олимпиада ойындарын бес телеарна тікелей эфирде көрсетпекші. Мысалы, «Хабар» және «Ел арна» арналарында 8 спорт-комментаторы эфир жүргізеді. Солардың бірі Райымбек ауданының тумасы, танымал спорт журналисі Жандос Айтбайұлы.

Бәріне белгілі, Токио қаласында өткен Олимпиада ойындары еліміз үшін ең төмен көрсеткіш берді – 83 орын, ал оның алдында 2016 жылы өткен Рио-де-Жанейродағы Олимпиадалық ойындарда мемлекетіміз керісінше ен жоғары нәтиже көрсете алды – 22 орын. Осы жолғы Олимпиадада спортшыларымыз қандай нәтиже көрсете алады? Олар қаншалықты деңгейде дайын? Осы жайлы біз Жандос Айтбайұлынан сұхбат алдық.
– Cіз 2002 жылы Солт-Лейк-Ситида өткен қысқы Олимпиадасынан бастап бүкіл ойындарды комментатор, журналист ретінде үзбей жүргізіп келе жатырсыз, жалпы айтқанда оншақты Олимпиадада жұмыс істедіңіз, әрқайсысын қалай өткенін салыстыра аласыз, ал Париждегі Олимпиада несімен ерекшеленбекші?
– Париж жазғы Олимпиада ойындарын үшінші мәрте қабылдап отырған Лондоннан кейінгі екінші қала. Олимпиаданың тағы да бір ерекшелігі, бұдан бұрын Олимпиада ашылу рәсімі жабық кешенде, яғни стадион алаңдарында өтілсе, осы жолы Сена өзенінің жағасында өтеді деп айтылып жатыр, бұл да әлем тарихында бұрын болмаған оқиға. Олимпиаданың қалай болатынын, қалай өтетінін әлі көре жатармыз, ал біздің спортшыларымыз үшін бұл ойындардың ерекшелігі, бұрында Қазақстан құрамасы көбіне бокстан не күрестен, басқа да жеңіл, иә ауыр атлетика сияқты спорт түрлерінен жүлделер алып келсе, осы жолы бізде бұрын медаль алмаған семсерлесу (фехтование), спорттық гимнастика, жаңадан енгізіліп отырған breakdance сияқты спорт түрлерінен Қазақстан спортшылары жарқ етуі мүмкін. Жаңа спорт түрлері болғандықтан шамамен 8 адамдай орынға таласады. Солардың ішінде біздің де спортшымыз бар. Ал қарсыластар саны аз болса орын алуымыз әбден мүмкін.
– Осы жолы Қазақстаннан 80 спортшы қатысып жатыр. Бұл өткен жазғы Олимпиадалармен салыстырғанда ең аз көрсеткіш (мысалы, соңғы Токио ойындарына 93 қазақстандық спортшы қатысқан). Сіздің ойыңызша, бұл медальдік есепке әсер ете ме?
– Алдыңғы жылдары спортшыларымыз 100-ден аса жолдама алса, бұл жолы 80 спортшы бар болғаны 92 жолдама алды. Бұл қандай да бір нәтижеге әсерін тигізеді ме? Жоқ, әсерін қатты тигізе қоймас деп санаймын. Мәселе санда емес, дайындық сапасында. Мысалы, 200 жолдама алсақ та көп жүлдеге қол жеткізе алмауымыз мүмкін. Ал одан да аз жолдама алып көп жүлделі болуымыз да мүмкін емес пе? Шамамен 30 жолдама ішінен 10-ны жүлделі болса қандай керемет болар еді. Бұл Париждегі Олимпиадада өзім бокс пен күрес спорт түрлеріне жақын болғандықтан сол сайыстардан тікелей эфирде репортаж жүргізетін боламыз.
– Жалпы осы Олимпиада ойындарында біздің спортшыларымыздан қандай нәтиже күтуге болады?
– Өкінішке орай, біз бұған дейінгі Лондон, Бейжің Олимпиадасы болсын, басқа да жарыстардан ауыр атлетикадан палуандарымыз алтын жүлде иеленсе, бұл жолы Париж Олимпиадасына бірде-бір палуанымыз ауыр атлетикадан жолдама алған жоқ. Жүлдені қай жерден күтеміз? Бірінші кезекте, әрине бокстан, себебі еліміздің егемендік алғанынан бері боксшыларымыз түрлі жарыстардан орындар алып келуде және де бұл әдетке қанымыз үйреніп қалғаны соншалықты, Токио Олимпиадасында екі бірдей қола медаль алып, «неге алтын, не күміс жүлдеге лайықты болмадық?» деген сияқты әңгімелер орын алды. Тіпті бір кезде Әділбек Ниязымбетов күміс жүлде алып келгенде халық сөз шығарған болған. Бұрын Олимпиадалық ойындардан боксшыларымыз 12 салмақтың бәрінен жолдама алатын болса, өкінішке орай, осы жолы бар болғаны 7 салмақтан спортшылар жолдама алды. Бұл жігіттердің бәрін танимыз, жарыстарын қараймыз және де орын алады деп үміттенеміз. Әрине, 7 салмақтын барлығы алтын медаль ала қоймас, себебі саясаттың да спортқа араласып кеткені ешкім үшін жаңалық емес, бірақ боксшылармыз біреу болсын алтын медаль алып келсе, бұл үлкен олжа деп санаймын. Бұдан бөлек садақ ату, гимнастика, би өнерлерінен сонау Еуропадан арнайы жаттықтырушылар келіп талай тер төгіп, біздің спортшыларымызбен бірге жұмыс істеген болатын. Сол себепті басқа да спорт түрлерінен орынға иелену мүмкіндігіміз бар.
– Жуырда әйгілі боксшы Геннадий Головкин Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті болып тағайындалды. Сіздің ойыңызша осы тағайындау қандай мақсатпен жасалған және қандай нәтиже бере алады?
– Менің ойымша Геннадий Головкинге басшылықтың берілуінің себебі, әлем алдындағы абыройы, жалпы халықаралық спорт пен Халықаралық комитет алдындағы беделін ескере отырып, осы тізгінді сенім артып беріп отыр деген пікірдемін. Өкінішке орай жүлдеге лайық талай спортшыларымыз орын ала алмай қалған жағдайлар болды. Енді біздің Геннадий Головкиннің жоғарыдағылар арасынан табылуы, оның абыройы мен әлем алдындағы беделі мұндай әділетсіздіктерге жол бермейді деген үміттеміз. Сонымен қатар, Головкин бокспен тығыз байланыста болғандықтан болашақ жас спортшыларымызға кеңес пен қолдау беріп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп дегендей, еліміздегі спорттың дамуына үлкен үлесін қосады деген ойдамын.
– Қазақстандық жанкүйерлерге айтар сөзіңіз.
– Париж Олимпиадалық ойындары міндетті түрде тарихқа кіретін оқиға және Қазақстан Республикасының беделі үшін өте маңызды. Спортшыларымыз Олимпиада ойындарында қандай нәтиже көрсетсе де біз оларға барынша қолдау көрсетуіміз қажет. Себебі мемлекет атынан жарысқа қатысу үлкен жауапкершілік.

Сұхбатты алған –  Шерхан САХАРИ,

10 сынып оқушысы.


ПІКІР ЖАЗУ