ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН АҚША ТҮСПЕСЕ, АТА-АНАЛАРҒА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

0
269

Кейінгі жылдары мемлекеттің балаларға қамқорлығын байқататын маңызды бастамалар көптеп көрініс беруде. Осы қатардағы бірегей бағдарлама – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы болып отыр.

Президент Жолдауында айтқан бұл бастама шынында да балалар болашағына жасаған әділетті қоғамның жасаған қисынды қадамы десек болғандай. Аталмыш бағдарлама жүзеге асқаннан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып отырады. Ал жиналған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады.
Ресми мәліметке көз жүгіртсек, бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала (қоса алғанда, 01.01.2006 ж. бастап 31.12.2023 ж. дейін туылған балалар). Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады (қоса алғанда, 01.01.2006 ж. бастап 31.12.2006 ж. дейін туылған балалар).
Арнайы мамандардың мәліметінше, 18 жасқа 2024 жылы толатын балаларға аталған сома олардың БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсуі керек. Олар биылдан бастап жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы. Осыған орай баласы 18 жасқа толған кейбір ата-ана Үкіметтен берілген бұл ақшаны қалай және қандай жағдайда алуға болатынын, сонымен қатар ұлттық қордан ақша түспеген жағдайда ата-аналарға не істеу керек екенін сұрап, редакциямызға хабарласқан болатын.
Осы сауалдарға қатысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары Әнуар ЕЛЕУСІЗОВ былайша түсініктеме берді.
«Бағдарламаға сәйкес, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі — Ұлттық қор) инвестициялық кірісінің 50 пайызы Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін барлық жастағы балаларға жыл сайын, олар кәмелетке толғанға дейін теңдей бөлінеді. Алғашқы нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар БЖЗҚ-дағы шоттарға 2024 жылғы ақпанда түсті. 18 жасқа толғаннан кейін жастар нысаналы жинақтарын тұрғын үй және/немесе білім беру ақысын төлеу үшін пайдалана алады. Ол үшін нысаналы жинақтарды пайдалану бойынша уәкілетті оператор ретінде тіркелген банктерге өтініш берулері керек. Тұрғын үйге арналған нысаналы жинақтарды пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор ретінде «Отбасы банкі» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ белгіленсе, білім алуға арналған нысаналы жинақтарды екі уәкілетті оператор – «Отбасы банкі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы пайдалануға болады.
Осы жылдың 1 маусымға дейін БЖЗҚ жалпы сомасы 952 911,64 АҚШ долларына 9 503 өтінішті орындады (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 458 220,04 АҚШ долларына 4 572, ал білім алу ақысын төлеу үшін 494 691,60 АҚШ долларына 4 931 өтініш орындалды.
Ал онда, нысаналы талаптарға қатысушылар тізіміне қосылғаны туралы ақпаратты ата-аналар немесе басқа да заңды өкілдер kids.enpf.kz сайты арқылы баланың ЖСН нөмірі бойынша тексере алады. Мұнда, сонымен бірге, Бағдарлама шарттарымен танысып, қажетті нұсқаулық алып, қызықтырған сауалдарға жауап алуға болады.
Сондай-ақ, әр балаға есептелген қаражат туралы деректерді ата-аналар egov.kz порталындағы Жеке кабинетіне кіріп, тексере алады.
2024 жылы 18 жасқа толатын отандастарымыз нысаналы жинақтау шотына түскен қаржысын БЖЗҚ-ның интернет ресурсындағы Жеке кабинеті және (немесе) «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өз беттерінше тексере алады.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу мақсатына берілетін нысаналы талаптардың төлемдері туралы уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі егжей-тегжейлі ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады.
Сондай-ақ, балаларына Ұлттық қордан ақша түспесе, ата-аналарға не істеу керек? Негізінде 18 жасқа толмаған балалар жайлы мәлімет мемлекеттік базадан алынады және төлем оларға автоматты түрде тағайындалып, түсті. Ал егер бұл базада жоқ болса, алаңдауға негіз жоқ. Мұндай жағдайда ата-ана баласының мәліметтерін Egov.kz арқылы тексеруі керек. Жеке сәйкестендіру нөмірі немесе аты-жөнінде қате кеткен болуы мүмкін.
Егер солай болса, жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну қажет. Кейін төлем міндетті түрде түседі.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ