САПАЛЫ БІЛІМ — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

0
1442

Қазіргі таңда балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Осыдан біраз жыл бұрын қала мектептерінде ғана болған заманауи техникалар бүгінде шалғай ауылдарға да жетті.

Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған аудан, ауыл мектептеріндегі білім берудің сапасы мен оқушылардың жеткен жетістіктері туралы Ескелді аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Бектұров былай дейді.
«Өткен оқу жылында аудан оқушыларының ауыз толтырып айтарлық жетістіктері аз емес. Мәселен, ауыл олимпиадасынан өтіп, республикалық кезеңіне қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша қатысқан Алдабергенов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Мерей Жандосқызы үшінші орынды иеленсе, республикалық 9-11-сынып арасында өткен жалпы пәндер олимпиадасында Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Зере Кеңесқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен, Шестаков атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Таисия Домаева да орыс сыныбындағы қазақ тілі пәнінен қатысып, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, Ж. Жақыпбаев атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Арайлым Ербайытқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жоғарыда аталған республикалық жарыстан үшінші орын иегері атанды. «Ел Үміті Talent» онлайн республикалық физика олимпиадасында да аудан оқушылары білімін сынады. Олардың қатарында болған Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Кәусар Әбдіғали жүлделі үшінші орыннан көрінді.
Олимпиадалардан бөлек мектеп оқушылары зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларын сынайтын республикалық «Зерде» конкурсына қатысқан. Конкурстың қорытынды кезеңіне Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Құндыз Халықова мен Титов атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Ералы Қазезбек жүлделі бірінші орынды иеленді. Ауыз толтырып айтарлық жетістік, Президенттік олимпиаданың бірінші өңірлік кезеңіне ауданнан 24 оқушы қатысты. Нәтижесінде іріктеу кезеңінде Бақтыбай атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Әли Саянұлы бірінші орынға, 11сынып оқушысы Даяна Дүйсебаева үшінші орынға қол жеткізді. Ал «Мың бала» олимпиадасынан ауданнан 15 оқушы жүлделі орынға ие болды» – деген Мұрат Мұхтарұлы балалардың білімімен қатар дене шынықтыру, спорттық дайындықтарына да баса назар аударылатынын айтты.
Ұстаздардың қойған талаптары мен еңбектерінің нәтижесінде республикалық жеңіл атлетикалық кросстан «Ұлттық мектеп лига» жарысында Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 5-6-сынып ұлдарының командасы бірінші орын иеленсе, республикалық баскетболдан «Ұлттық мектеп лига» жарысында Шестаков атындағы орта мектептің 9-11-сынып қыздар командасы үшінші орынды жеңіп алған.
Өткен оқу жылы бойынша 414 түлек мектеп бітірсе, оның 277-і ҰБТ-ға қатыспаты. Тестік балл жағына келетін болсақ, аудан бойынша орташа балл 78,9-ға жеткен. Мектептер арасында жоғары көрсеткіш көрсеткен С. Сейфуллин атындағы орта мектебі – 91,5 орта балл. Аудан бойынша бес оқушы ҰБТ-дан 120-дан жоғары балл алған. Алты бала «Алтын белгі», 36 бала үздік аттестат иегері атанды.
Білім бөлімі басшысының сөзінше, М. Маметова атындағы және Қоңыр орта мектептерінде, сонымен қатар Байысов ауылындағы «Айшуақ» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін бұл мекемелердің барлығында толығымен жөндеу жұмысы аяқталады деп күтілуде.
Өткен оқу жылы оқушыларымыз талай сайысқа қатысып, ауданымыздың атын шығарды. Бұл әрине, ең біріншіден, үйдегі ата-ана мен мектептегі мұғалімнің, үміт артқан баланың іздену, еңбектенуінің нәтижесі. Алдағы оқу жылы өткен жылдағыдан да жоғары көрсеткіштер көрсетеміз деген үміттеміз, – деген М. Бектұров жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне жоғары жауапкершілікпен қарауды да естен шығармауды тілге тиек етті.

Айнұр ӘБДІРАХЫМ


ПІКІР ЖАЗУ