АРМАНЫНА ЖЕТКЕН «АРМАН»

0
504

«Кәсіп – түбі нәсіп» деген тәмсілге айналды. Қазақстан Тәуелсіздігін алып, жекешелендіру дәуірі басталғанда «Өз күніңді өзің көр» деп бәрін жан-жаққа таратып жіберді. Баяғы социализмнің дәуірі келмеске кетті. Бір қазаннан ас ішіп, дүние-мүліктің бәрі ортақ, мемлекеттің құзырында болған кезең бітті. Капитализмнің дәуірі келді. Қолынан іс келгендер кәсіп ашты. Тасы өрге домалап, бай-бағлан атанды. Кәсіптің көзін тапқандар көл-көсір пайдаға кенелуде. Бұл салаға жастар да ден қойып, мемлекеттен кәсіп ашқандарды қолдауға берілген субсидиялары мен несиелеріне қол жеткізуде.

Кәсіп ашу да оңай емес. Бұл салаға бет бұрған кәсіптің жілігін шағып, майын ішкендер жеке кәсіпті бастамас бұрын мұқият зерттеу керектігін айтады. Ойлаған ойыңызды, яғни идеяңызды санада пісіріп, көздеген мақсатыңызға жету үшін күш-қуатыңыз бен төзіміңіз жете ме? Осы ойды мықтап елеп-екшеп барып іске кіріскеніңіз жөн. Нар тәуекел деп біліміңіз бен біліктілігіңіз жетіспесе, төзіміңіз таусылып, орта жолда тастап кетсеңіз сағыңыз сынады. Әрі жеке кәсіп бастау үшін қарызданып-қауғаланып кәсіп ашудың қажеті де жоқ. Бұл кәсіпкерліктің міндеттемелері аз әрі тауар, жұмыс, қызмет көрсетуде кәсіпкер қосымша құн салығынан босатылады. Сондықтан жеке кәсіппен айналысамын дегендерге интернет желісінен кәсіп ашуды неден бастау керектігі жайлы ақпараттарды мұқият оқып, кәсіппен айналысып жүргендердің ақыл-кеңесіне құлақ түрген дұрыс. Нар тәуекелге бел буып, қиналып жүріп қиындықтан біртіндеп шығып, ел қатарына қосылып жүрген кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі, мақаламызға арқау болып отырған жас кәсіпкер Арман БЕКБАСОВ.
Ұзын бойлы, қыран тұмсықты, бәйге атындай жараулы жігіт шақыртуымыз бойынша редакцияға өзі келді. Томаға-тұйық, сөзге сараң жігіттің кесін-келбетіне қарап: «Қай ұлттың өкілі боласың?» – деп сұрадым. «Таза қазақпын», – деді. Алайда, ауыл баласы ана тілге шорқақтау болып шықты. Орта білімді ресми тілде алыпты. Көксу ауданындағы Ақшатоған ауылының орта мектебін бітірген. Білімі жоғары, электр желісінің жүйелері бойынша мамандық иесі. Сөзден гөрі іске бейім екен. Бітірген білімі бойынша атқарып жүрген қызметін тастап, дипломды сандыққа салып, ауыл шаруашылығына бет-бұрыс жасаған. Ауылдың топырағында аунап-қунап өскен жас жігіт мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына қолдау білдіріліп жатқанын аңғарып, жеке кәсіпті де осы саладан бастауды жөн көріпті. Мың ойланып, жүз толғанып, жалаңаш қолмен егістік алқапқа түрен салыпты.
Арманның айтуынша, жеке кәсіп ашуға әу баста ата-анасы қарсы болған. «Жоғары білім алдың, мамандығың бойынша жұмыс жасағаның дұрыс», – депті. Алайда, алдына үлкен мақсат қойған Арман әбден ойланып-толғанып: «Осы саладан нәсіп табамын», – деп бел буып іске кіріскен.
«Жастайымнан ауылдағы шаруаны көзбен көріп, өзім де еңбекке араласып өстім. Өзіме осы сала ұнайды», – дейді Арман Арыстанбекұлы.
2013 жылы ата-анасына тиесілі 20 гектардан кәсібін бастаған жас жігіт біртіндеп жер көлемін жалға алып, ұлғайтып, дәнді-дақылдар өсірумен айналысады. Экс президент Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы Жетісу өңіріне арнайы іссапармен келіп, ауыл шаруашылығын аралап, сүт және қызылша дақылын өсіруді, Көксу қант зауыты мен Ақсу өңіріндегі қант өндіретін өндіріс орындарының жұмысын жандандыруды тапсырған-ды. Әрі мемлекет тарапынан тәтті түбір өсірушілерге үлкен қолдау болатынын айтқан-ды. Міне, жас кәсіпкер Арманның да асқақ арманы осы кезеңмен тұспа-тұс келеді. Содан бері қызылша дақылын күтіп-баптауды қолға алған жас кәсіпкер 10-15 гектарға балтамыр егуде. Осы шағын ғана жерден жылына 80-тоннадан өнім алып отырған жас кәсіпкер, әу баста жер жыртуға, тұқым себуге, тағы басқа да жұмыстарға техниканы жалдағанын айтады.

Мен – Бекбасов Арман Арыстанбекұлы, 1989 жылы Көксу ауданындағы Ақшатоған ауылында дүниеге келдім. 2007 жылы Талдықорған қаласындағы №20 мектеп-лицейін бітірдім. Мектеп бітірген соң Алматы энергетика және байланыс университетіне «Радиотехника, электроника, телекоммуникация және байланыс» мамандығы бойынша және Мәскеу энергетикалық институтына «Экономика» мамандығы бойынша білім алып, 2011 жылы екі оқу орнын да бітіріп шқытмы. Бұдан кейін Алматы энергетика және байланыс университетінің «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша магистратураға оқуға түстім. Магистратураны 2013 жылы аяқтадым.

«Оның бәрі қып-қызыл ақша. Алым-салықты қосқанда шыққан шығындарым көп болды. Алайда, мен артқа шегінбедім, еңбегімнің далаға кетпейтінін білдім. Ақырындап пайдасын көре бастадым. Әр ырыздығыма қанағат етіп, жұмысымды жандандыра бердім. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерге қол жеткіздім. Оның үсітіне жастығымды ескеріп әрі қолымнан іс келетінін білген аудан әкімдігі де үлкен қолдау көрсетті. Бүгінде шаруашылығымда төрт адам бар. Дала жұмыстарына қажетті техникаларға 2023 жылдан бастап қол жеткіздім. «КазАгроФинанс» арқылы алдымен трактор, культиватор алдық. Ал агригаттарды өз қаржыма сатып алдым. Олардың бағасы 500 мыңнан басталып, 6 миллионға дейін барады. Техникадан ең бірінші «МТЗ-82» тракторын инвестициялық субсидия арқылы 17 пайызбен алдық, оның 10 пайызын үкімет төлейді. Қалған пайызын өзіміз уақытылы жабамыз. Төлем уақыты тоқсан сайын үш техникаға 700 мың теңге төлейміз», – деп ағынан жарылған Арман үкімет тарапынан кәсіпкерлерге берліп жатқан субсидиялардың арқасында жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келе жатқынын да тілге тиек етті. «Биылдан бастап «Кең дала 2» деген бағдарлама шықты. Содан тағы бір несие алдық. Бір жылға 5 пайызбен беріледі, 2 бөліп қайтаруға болады. Мысалы, біз 4 миллион теңге алдық, соның жартысын қайтарып қойдық. Биыл тағы бір бағдарлама шығыпты, ол да 5 пайызбен беріледі. Бағдарлама бойынша Қазақстанда шыққан техниканы алу керек екен. Бұл мүмкіндікті де пайдаланып тағы бір трокторға тапсырыс беріп қойдық. Оның бағасы 11 миллон 500 мың теңге. Бұдан бөлек «Жасыл өнім» деген бағдарлама бар, оның аясында қызылша егетін шаруа қожалықтарына несиелер беріледі. Одан «TURS-2000» тиегіші мен «МТТ- 9» қатты органикалық тыңайтқыштарды және басқа да ауылшаруашылық жүктерді тасымалдауға арналған техниканы алдық. Талпыныстың арқасында техникамен жабдықталдық. Енді бізге қызылша егетін техника мен компактор керек. Жақсысы қымбат тұрады. Ал қымбатын алмасаң, арзанымен алысқа бармайсың», – дейді ол.
Арманның іс-әрекетіне қарап, оның шарболаттай шыңдалып алғанын аңғардық. Ауыл шаруашылығына қажетті техникалардың қайсысы тиімді, қайсысы тиімсіз екенін шекілдеуік шаққандай шағып отыр. Тұқым мәселесін де жіліктеп бөліп жарып алады. «Мәселен, өзіміздің Қазақстанда сояның тұқымын жақсы шығарады. «Жансая», «Айсәуле» атты тұқымдар бар, екеуі де жақсы. Сояны егетін гектар 100-105 кг нормаға егеміз. Болашақта мал шаруашылығымен айналысу ойымызда бар. Үкіметтен үлкен қолдау бар, сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалуымыз керек», – дейді жас кәсіпкер. «Техника аламын деп несиеден несиеге кіріпсің. Төлей алмай қалсаң қайтесің? – деген сауалымызға орай: «Шамамыз жететін болған соң алудамыз. Техника болмаса іс бітпейді. Жалдағаннан алатын пайдаң шамалы. Мысалға, тыңайтқышқа және тағы басқасына көмек бар, өз бағасына аламыз. Мемлекетке қарыздар емеспін. Болашақта жұмысшыларды көбейту, шамамен 30 адамға ұлғайтатын ойым бар, – дей келе науқан уақытында жұмысшыларға күніне 7 мың теңге төленсе, трактористердін жалақысы 200 мың теңгеден жоғары болатынын да тілге тиек етті.
«Тепсе темір үзетін» жігіттің жас жанарынан от шашып тұр. Іскерлігіне қарап: «Елдің атын ер, Ердің атын ел шығарады», – деген осы-ау деп ойладым. «Қара жерді қамырдай илеп алыпсың. Алла нәсібіңді молынан бұйыртсын. Дала-дала деп шапқылап жүр екенсің. Үйде түтін түтетерің бар ма? – деп сұрадым. Сөзге шорқақ, әрі қазақ тіліне келгенде екі иінен әрең демалатын Арман ол не дегендей бетіме бажырая қарады. «Қазан қайнатар қатын бар ма?» – дегенде мырс етті. «Жоқ. Әлі үйленбедім, бұйырса болады ғой», – деп күлді.
«Үйіп-төгіп техника ала бергенше, жеңілдетілген несиеге бір әйел алып алсай», – дегім келді. Тілімді тісіммен басып қалдым. Қалжыңымды түсінсе жақсы, онысыз да ана тілінен ақсап тұрған қазақ баласына қанжар тілімді қадағым келмеді. Кәсібін дөңгелетіп, жастарға үлгі-өнеге көрсететін осындай жастар, кәсіпкерлер қазақтан шыға берсін!
«Арманжан, Алла бұйыртса, «Балапанды күзде санайды» демекші, егін орағы да жақындап қалды. Күзде мол өнім алғанда тағы бір жолығайық», – деп қош айтысып тарқастық. «Арман» шаруашылығының қожасы Арманның асқан арманы орындала берсін.
Жалпы, Көксу ауданы бойынша 18-35 жас арасында 126 кәсіпкер бар екен. Онын ішінде 30 әйел, 96 ер адам. 85 ауыл шаруашылығы, 41 басқа кәсіп (магазин, шаштараз т.б). Кәсіпкер боламын деген жастар 3 айлық курс оқып, мемлекеттен қайтарымсыз грант алуға құжаттарын жинаса, шаршамай еңбек етсе Арман сияқты кәсіпкер атанады ғой әрине.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ