ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНБЫЗ БА?

0
82

Жазда оқушылар демалуға кетсе де мұғалімдер, жалпы білім саласының барлық қызметкері қызу жұмыс үстінде болады. Мектептің ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстары бөлек мәселе. Ең басты жұмыс өткен жылды қорытындылап, алдағы оқу жылына дайындалу. Газетіміздің осы санында да Ескелді аудандық білім бөлімінің жұмысына тоқталмақпыз.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Бектұровтың сөзінше, Ескелді ауданы бойынша 26 мектеп, 10 мемлекеттік балабақша, 4 жеке меншік балабақша бар. 2023-2024 жылғы оқу жылында оптимизация, яғни бала санының жетіспеушілігінен аудан бойынша 3 мектеп жабылған. Атап айтсақ, Төленгіт ауылдық округіне қарасты Жендік ауылындағы бастауыш мектеп. 25 орынға арналған бұл мектеп ғимараты 1968 жылы кірпіштен салыныпты. Небары 3 мұғалім жұмыс істеген білім ошағында 8 оқушы ғана оқыған. Ғимараты тар болғандықтан спортзалы, асханасы, жаңа модификациялық кабинеттері болмаған. Жабылған екінші мектеп – Қайнарлы ауылдық округіне қарасты Ақтасты ауылындағы бастауыш мектеп. 30 орынға арналған мектеп ғимараты 1936 жылы салынған. Мұнда Жендік бастауыш мектебімен салыстырғанда оқушы саны көбірек, 18 оқушы білім алған. Осы 18 оқушыға 3 мұғалім білім берген. Мұнда да ғимараты тар болғандықтан спортзалы, асханасы, жаңа модификациялық кабинеттері болмаған. Тағы бірі – Қайнарлы ауылдық округіне қарасты Қоржынбай бастауыш мектебі. 1964 жылы салынған мектепте 10 оқушы білім алып, 3 мұғалім жұмыс істеген. Мұнда да спортзалы мен асханасының, жаңа модификациялық кабинеттерінің жоқтығының себебі – ғимараты өте ескі, тар және талапқа сай бейімделмеген.
Жабылған осы үш мектептің оқушылары жақын ауылдардағы мектептерге орналастырылды. Оларға білім берген мұғалімдер де назардан тыс қалған жоқ. Барлығы оқу жылы басталғанша мектепке жұмысқа орналастырылады, – дейді білім бөлімінің басшысы Мұрат Мұхтарұлы.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында «Мектепке жол» республикалық акциясының маңызы да өте зор. Ескелді ауданында да аталмыш акция аясында жұмыстар жүргізіліп келеді.
Қазақта «Қуанса, бала қуансын» деген жақсы сөз бар ғой. Осы аталы сөзді басшылыққа алған акция аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсетуді және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алуды мақсат етеді. Аталмыш шара аясында біз алдымен бөліміміздің сайтына және инстаграм желісініе науқан туралы хабарлама бердік. Шілденің 24 жұлдызында ауданның барлық мектеп директорларымен арнайы тақырыптық жиындар өткізіп, оларға бағыт-бағдар бердік. Сонымен қатар, шілденің 18-і мен 25-і аралығында әр білім мекемесіне тақырыптық баннерлер ілінді. Мұндай ақпараттық жұмыс жүргізіп жатқандығымыздың себебі – акцияға кез келген адам қатысып, көмекке мұқтаж балаларға өз көмегін көрсете алады. Сондықтан біз көпшілікке барынша осы акцияны насихаттауымыз керек, – деген білім бөлімінің басшысы акция биыл да 1 тамыздан басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасын табатынын айтты.
Акция жаңадан басталса да мектеп ұжымдары мен демеушілер, кәсіпкерлер 100-ден астам көмек көрсетіп үлгерген. Жалпы жоспар бойынша акция соңына дейін 1200 мұқтаж отбасының балаларына көмек көрсетілмек.
2023-2024 жылғы оқу жылында аудан бойынша 414 оқушы мектеп бітірсе, олардың 6-уы «Алтын белгіге», ал 36 бала Үздік аттестатқа үміткер болған. Абырой болғанда барлығы үмітті ақтап, ҰБТ-дан жоғары балл алып, «Алтын белгісі» мен Үздік аттестаттарын қорғап шыққан.
Жаңа оқу жылына аудан бойынша 1-сыныпқа қабылданатын оқушылар саны бүгінге дейінгі есеп бойынша 725-ке жетіп отыр. Білім бөлімінің басшысы айтқандай, сабақ басталғанға дейін бұл тізімге қосылатындардың саны арта түспек.
Өз сөзінде білім бөлімінің басшысы Мұрат Бектұров екі мектеп пен бір балабақшаның күрделі жөндеуден өтіп жатқанын да тілге тиек етті. Атап айтсақ, М. Маметова атындағы және Қоңыр орта мектептері, сонымен қатар Байысов ауылындағы «Айшуақ» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Айтуынша, жөндеу жұмыстары жоспар-ланған мерзімге дейін аяқталуы тиіс.
– Ауданда мұғалім саны жеткілікті. Кадр тапшылығы жоқ десек те болады. Жалпы аудан бойынша 1288 педагог қызмет істейді. Олардың қатарында облысқа, тіпті республика көлемінде танылып жүрген ұстаздарымыз бар.
Аудандағы ұстаздардың беткеұстары Алдабергенов атындағы орта мектебінің география және тарих пәнінің мұғалімі Нестеренко Анжелика Викторовна өткен жылы «Үздік ауыл мұғалімі» республикалық конкурсынан ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Биыл да республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалінен» ІІІ орынды жеңіп алды. Келесі кезекте есімін ерекше атауға тұрарлық ұс-таз Қарабұлақ орта мектебінде ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Есімі Бекдисинова Жадыра Пархатқызы. «Жылдың үздік мұғалімі – 2023» аудандық байқауынан үшінші орын алған жас маман қызметке іліккен күннен бастап түрлі облыстық, республикалық офлайн және онлайн форматтағы жобаларға өзі де, оқушыларын да қатыстырып абыройға ие болып, өзгелерге өнеге көрсетіп жүрген ұстаздардың бірі болып табылады, – дейді білім бөлімінің басшысы.
Ш. Уалиханов атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Отан Мұсхаптың тәрбиеленушілері, 5-6 сыныптардан құралған ұлдар командасы республикалық жеңіл атлетикадан «Ұлттық мектеп лигасында» жүлделі бірінші орынды жеңіп алған. Сонымен қатар, Шестаков атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мақсат Тажибаевтың да 9-11 сынып қыздарынан құрылған команда республикалық баскетболдан «Ұлттық мектеп лигада» абыройлы үштікке ілініпті.
Аудан ұстаздарының мақтанышы болған Зайтбекова Раушан Исабайқызын да білім бөлімінің басшысы ерекше атап өтті. Жетісу орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Раушан Зайтбекова білім саласында қызмет еткеніне биыл 34 жыл толыпты. Педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер атанған ұстаздың аудан, облыс, республикалық дәрежеде алған атақтары мен жеңіп алған конкурстары жектерлік. Түрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, республикалық педагогтар съездерінің делегаты болып жүрген ұстаз «Оқу сауаттылығының теориясы мен әдістемелік негіздері» атты оқу-әдістемелік құралының авторы атанған, «Абай жолы» роман-эпопеясы бойынша оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту турасында авторлық бағдарлама да жасап шығарған. Оқушылары да республикалық түрлі оқуларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді.
Өз сөзінде білім бөлімінің басшысы ауданда аралас мектептер санының азайғанын да айтты. Бұрын соңды болған аралас мектептер қазір толық қазақ тілінде білім беруге көшкен. Бұл деген қуантарлық жайт. Ендеше, қазақ мектептерінің санын арттыруға күш салып, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбайық.

Айнұр ӘБДІРАХЫМ


ПІКІР ЖАЗУ