ТАҒЫ ЕКІ СПОРТ НЫСАНЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

0
231

Жетісу облысында бұқаралық спортты дамытуға, соның ішінде шалғай аудандар мен ауылдарда ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі кезде елді мекендерде 6 дене шынықтыру-сауықтықтыру кешені болса,  Спорт күні қарсаңында осындай тағы бір жаңа кешен 31 мыңнан астам халқы бар Текелі қаласында салтанатты түрде ашылды.

Сол сияқты Қаратал ауданы Тастөбе ауылында блокты-модульді спорт кешені іске қосылды.

Текелідегі кешеннің ашылуында сөйлеген құттықтау сөзінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірде спорт саласына жасалып отырған жағдайларға қысқаша тоқталып өтті: «Бүгін Спорт күніне орай Текеліде заманауи жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашып отырмыз. Мұндай кешен облыс ортылығы Талдықорғанның өзінде жоқ. Жалпы Жетісу облысы құрылғалы бері өңірде 14 спорт нысаны салынып, халықтың игілігіне ұсынылды. Әлеуметтік саланың инфрақұрылымын дамытуда блокты-модульді конструкциялар кеңінен қолданылуда. Осы оң тәжірибені біз өткен жылдан бері спорт саласында да пайдалана бастадық. Мәселен, өткен жылы ауылдық жерлерде 4 блокты-модульді спорт кешені салынса, биыл тағы 6-ның құрылысына қаржы бөлінді. Осындай жаңа нысандар Қаратал ауданының Тастөбе ауылында, Ескелді ауданының Шымыр, Жетісу, Елтай, Кербұлақ ауданының Қызылжар, Алакөл ауданының Қарабұлақ ауылдарында бой көтереді. Мұндай спорттық нысандардан халықаралық жарыстарда биік шыңдарды бағындыратын мықты спортшылар шығады деп сенемін, –деп атап өтті Б. Исабаев.

Енді бұл спорт нысанында қаланың Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жаттығады. «Текелі қаласында Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Мұнда 495 баланы 24 жаттықтырушы 7 спорт түрінен жаттықтырады. Жаңа спорт кешенінің ашылуының арқасында спортпен айналысатын балалар санын 800-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Қосымша секциялар – әйелдер күресі, еркін және грек-рим күрестері, үстел теннисі үйірмелерін ашуды жоспарлап отырмыз, оған қажетті 8 жаттықтырушы жұмысқа қабылданады. Мұнда қала халқының да бұқаралық спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік жасалған», — дейді Текелі қалалық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры Дидар Өтелбаев.

Текелідегі екі қабатты жаңа спорт кешені 180 орынға арналған. Мұнда қажетті спорттық құралдармен жабдықталған бокс, күрес, тренажер және ойын залдары, сонымен бірге жүгіріру жолы бар ашық стадион,балалар ойын алаңы мен воркаут-алаңдар бар.

Салтанатты ашылу рәсімінен соң көпшілік облыс әкімімен бірге ойын залдары мен жаттығу залдарын, бокс залын аралап, ғимараттың ішкі жағдайымен танысты. Бейбіт Исабаев жас спортшылармен әңгімелесіп, жасөспірімдерге доп және басқа да спорттық жабдықтар таратылды.

Атап өтсек, Қаратал ауданы Тастөбе ауылындағы 1000-нан астам тұрғыны бар жаңа блоктық-модульдік спорт кешені де заманау құралдармен жабдықталған. Онда грек-рим күресі, волейбол, баскетбол және т.б. секциялар ашылады.

Жалпы облыста қазіргі кезде 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданыста. Оған қоса  Панфилов ауданы Үшарал  және Сарқан ауданы Алмалы ауылдарындағы спорт кешендердің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Талдықорған қаласында «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған оқу-жаттығу базасы, жеке инвесторлар есебінен клуб волейболшыларына арналған 40 орынды жатақхана, сондай-ақ Үстел теннис орталығы салынуда. Талдықорған орталық алаңына жаңғырту жұмыстары жасалды. «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен Панфилов ауданы Көктал және Ақсу ауданы Қапал ауылдарында ангар типтес 2 спорттық нысан бой көтеруде.

Бүгінгі таңда облыста 280 мыңға жуық адам немесе облыс халқының 40% спортпен шұғылданады.

Жетісу облысы әкімінің

баспасөз қызметі.


ПІКІР ЖАЗУ