«ЕКІ ТҮЙЕ СҮЙКЕНСЕ,ОРТАСЫНДА ШЫБЫН ӨЛІПТІ»НЕМЕСЕ АВТОБЕКЕТ ҚАЛАЙ БАЗАРҒА АЙНАЛДЫ.

0
319

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиырынан басталыпты» демекші, бұл Көксу ауданындағы автобекеттен басталды. Қазақстан нарық жүйесіне көшіп, мемлекеттік құрылымдағы дүниелердің бәрі сатылымға шығып, жекешелендіру дәуірі басталғанда Өскемен, Алматы, Панфилов, Алакөл, Сарқан, Ақсу, Алматыға жолаушы таситын Талдықорғандағы автобекет пен автопарктер жекенің қолына өтіп кетті. Мұның қатарында Көксу ауданындағы автобекет те бар.

Ғимарат маңдайшасында «Авобекет» жазуы ғана менмұндалап тұр. «Аты барда заты жоқ» автобекеттің алдыңғы жағына қаз-қатар контейнерлер қойылып, сауда үйлеріне, яғни базарға айналып кеткен. Одан бөлек, автобекеттің өзіне тиесілі шекарасына дейін шатырлап жабылған. Яғни автобекет деген статусы бар. Бұған автобекетті сатып алған Абай Қапаш пен Азамат Жұмабайды да кінәлай алмайсың. Себебі автобекетті сауда базарына айалдырған екеуі емес. Бұларға дейін болған былық пен шылық. Нарық заманына бейімделеміз деп бұрынғы ақы иелері дүңгіршектер қойып табыс табудың көзіне айналдырған. Автобекеттің бұрын қонақ үй болған екінші тарапы да кәсіппен күнелтушілерге жалға барілген. «АҚ-Нар.А» ЖШС жұмысшыларының шағымы бойынша Көксу автобекетіне бармас бұрын аудан әкімдігіне хабарласып, істің мән-жайын нақты әрі шынайылығын анықтау үшін әкімдік тарапынан адамдар қосып беруін өтіндік. Осылайша Көксу аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әлия Қалиева, Балпық би ауылдық окуругі әкімінің орынбасары Руслан Балғабаев, Көксу ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясының басшысы Қуаныш Жұмат бастаған топ автобекетке бардық. Онда барғанға дейін аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әлия Қалиеваны сөзге тарттық. Әлияның айтуынша автобекеттің екінші қабатында Шора Төлепхан деген кәсіпкер етік тігеді. Сол кісілерге жалға беріп отырған. Оның алдындағы автобекет қожайыны Ерлан деген азамат болыпты. Ол да жалға берген. Автобекет ішінде не жоқ дейсіз: асхана, сауда нүктелері және тағысын тағы. Бір кездері бұл жерге Алматыға баратын газелдер тоқтаса, қазір Талдықорғанға қатынайтын газелдер ғана қалған. Оның қожайыны «Ақ-Нар» деп аталатын автопарк қожайыны Болат деген азамат болыпты. Ол кезінде Бағдат Манзоровтың қарамағында жұмыс істеген. Сол кісі Ерланға сатады. Ерлан төрт-бес дүңгіршек қойып, автобекетті айналдыра сауда орталығы жасап тастаған. Қазір Талдықорғаннан шыққан газелдер Көксу автобекетіне тоқтамайды. Себебі қазіргі қожайын бәрін ақылы жасап тастаған.
«Балпық би ауылының әкімін шақырайық, мен осы ауылға 11 жыл әкім болғанмын. Ол уақытта бұл ғимарат автобекет қызметін атқаратын. Мен ол жерден кеткеніме жеті жыл болды. Мұнда автобекеттің жері ғана бар, архитектураны шақырып, картасын көтеру керек. Автобекеттің өзінің шекарасы бар, неге десеңіз республикалық маңызы бар Алматы Өскемен жолын жасағанда автобекеттің өзіне бекітілген жері болған. Ол белгіленген аймақтан аспауы керек. Ол мұны заң жүзінде қосып алып жатса басқа шаруа. Маған дейін бұл автобекеттің өзінің белгіленген ғана жолы болған. Шамамен төрт метрдей. Баталовтың кезінде автобекет екіге бөлінді. Автобекеттің трассаға қарайтын жағына қазіргі қожайынның араласуға құқы жоқ болуы керек. Егер сатып алмаса, негізі ол жер сатылмайды. Сол жағында канализацияның құбырлары жатыр. Нарықтың заманы, орта және шағын бизнесті қолдау деген заң шыққанда бұл автобекетті тексеруге ешкімнің құқы болған жоқ»,– деген экс әкім қазіргі атқаратын қызметі кәсіпкерлер бөлімінің басшысы Әлия ханым автобекетті сатып алған Абай Қапашқа қоңырау шалып, журналистер келгенін, дау-дамайға байланысты құжаттарын алып келуді өтінді. Алайда, Талдықорғандағы аруханада жүрмін деген Абай Қапаш бір сағаттан соң келемін деп күн екінтіге ауғанша келмеді. Тек Әлияға автобекеттің келісімшартын, техпаспортын ғана жіберді. Гос актісін сұратып ала алмадық. Тіпті автобекеттің құжаттарын әйеліне де жібере алмайтынын айтты.
Шағымданушылармен сөйлеспей тұрып, біз алдымен автобекет ішіне кіріп көрдік. Оның іші ешқандай талапқа сай емес. Мұнда диспетчер отыратын кішкене ғана дүңгіршек бар. Кейіннен анықтағанымыздай автобекеттегі диспетчер «Ақ-нар» ЖШС-не қарайтынын әрі диспетчерлік пен медициналық қызметті Роза атты келіншек бірге атқаратынын басшысы Болат Тілеубаевпен жүздесуге барғанда білдік. Автобекетті сатып алған Абай Қапаш пен Азамат Жұмабай «Ақ-Нар.А» ЖШС ешқандай келісімшартқа отырмаған. Тек екі тарап «Ақ-Нар. А» тарапының газель жүргізушілері Абай Қапашқа күніне 200 теңгеден төлеп тұруға ауызша келіскен. Алайда, Абай Қапаш пен Азамат Жұмабай мұндай келісімнің болғанын жоққа шығарды. Бірақ күніне екі жүз теңгеден жинаған ақшаларын автобекеттегі диспетчер әрі медик Розадан мерзімді уақытта алып тұратынын айтты. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өліпті» демекші, әу баста бірден келісімшартқа отырмаған екі тараптың қателігінен газель жүргізушілері: «Біз неге зардап шегуіміз керек?»,– деген наздарын айтуда. Автобекеттегі адам тасымалдаумен күнелтіп отырған газель жүргізушілерінің айтуынша, автобекеттің қазіргі қожайыны Абай Қапаш «Ақ-Нар» жүргізушілеріне: «Мына аймақ, түгел маған қарайды. Бардёрдан бері екі жарым метр қалдырып, қалғанын түгел қоршаймын, шлагбаум мен терминал қойып ақылы жасаймын. Болмаса сендер «Ақ-Нарға» айына 30 мың теңгеден төлейді екенсіңдер, соның 15 мыңын маған төлеңдер» деген шарт қойыпты. Бұл әңгімені «Ақ-Нар» басшысы Болат Тілеубаев пен орынбасары Күнсұлу Бикешова да жоққа шығармайды.
Біз Автобекет қожайындары Абай Қапаш пен Азамат Жұмабайдың көңілін аударған 30 000 теңге қаражаты не үшін төлеп отырғандарын білмек болып «Ақ-Нар.А» ЖШС-нің орынбасары Күнсұлу Бикешовамен жолықтық.
«30 000 теңгені екі бөліп төлейді, ол ақша 15 күн сайын бағыттық (маршруттық путёвка) жолдамаға төленеді. Техника болған соң бұзылады (ремонтқа), жөндеуге тұрғанда ол ақша алынбайды» деп түсіндірді ол.
Бұл сөзді газель жүргізушілері де растады. «Автобекетке күніне 200 теңге төлеп тұрамыз. Өзіміздің табыс көзіміз жүргенімізге қарай болады. Енді автобекетке 15000 теңге төлейтін болсақ, бұл біз үшін шығын».
«Есімім – Асқар болады. Осы салада жүргеніме 20 жылдай болды. Бұрынғы қожайын Ерланның кезінде 100 теңге төлейтінбіз. Қазір мұнда 50-дей газель бар, жұмыс жасап тұрғаны 26. Қалғаны (ремонтта) жөндеуде. Қазіргі қожайын автобекетті жабамыз дейді. Осыған қатысты жиын өткізді. Бұл қаншалықты заңды. Бізге осының ақ-қарасын ажыратып берсеңіздер», – дейді ол.
Асқардың сөзін өзге әріптестері де қолдады. Кәсіпкерлерге қатысты мораторидің тексеру мерзімі өткен бір жылдың ішінде жергілікті билік автобекетке көз қырларын салмаған. «Аш бәледен қаш бәле» деп жекеменшік нысаннан аттондарын аулақ салыпты. Тіпті автобекет статусының әлі жойылмағанынан да хабарсыз болып шықты. Тек сатылымға түскенінен хабардар әрі базарға айналып кеткен-дерін ғана айтты. Дау-дамайға түскен «ортақ жол» туралы толық ақпарат бере алмай: «Гос актіні көрмей, ортақ мақсатқа пайдаланатын мемлекеттік жол жайлы ештеңе айта алмаймыз. Себебі автобекеттің екінші жағын Абай Қапаш сатып алған»,– деді. «Жолды сатып алуы мүмкін бе?» – деген сауалға жергілікті билік өкілдері бастарын шайқады. Ал газель жүргізушілері, таксистер де күніне қожайынға 50 теңге төлейді.
«Бақсам, бақа екен» демекші, автобекет қожайындары ауылға қаты-найтын таксистерден күніне 50 тенге заңсыз өтемақы алып отырыпты. Себебі таксистер тұратын аймақ автобекеттің шекарасына кірмейді. «50 теңгені не үшін алып отырсыз?» – деген сауалға автобекеттің тазалығы үшін сыпырушыға төлейтінін айтады. Бұл әрекеттері заңсыз екенін айтқанымызда аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әлия Қалиева: «Таксистер де заңсыз жұмыс жасайды, оларда «патент» жоқ, соны ескеріп қойыңыз» деуі мұң екен арызданған таксистер бастарына бұршақ жауған торғайдай зыта жөнелді. Осы арада біз жергілікті билік өкілдеріне ауыл әкімінің орынбасарына ЖКХА-ның автобекет саласына жауапты өкілдеріне арызданушылардың көзінше: «Сіздер осы уақытқа дейін автобекетке бір бақылау жұмыстарын жүргізбегенсіздер ме?» – деген сауал қойдық. Олар былтырға дейін шағын және орта бизнеске жарияланған мораторий бойынша тексере алмағандарын көлденең тартты. Алайда, мораторий алынғаннан кейін де бақылау жасалмаған.
«Автобекет статусы бар ма әлде жоқ па?» – деп сұрақты төтесінен қойдық. Алайда, жергілікті билік өкілдері мұны білмейтін болып шықты. «Бұл сатылып базарға айналып кеткен ғимарат екен, егер автобекет деген статусы жоқ болатын болса, ғимарат маңдайшасындағы «автобекет» деген жазуды неге алдырып тастамадыңыздар» деген сауалға: «Құжаттарды толық көрмей ештеңе айта алмаймыз», – деді. Пардокс.
Ал автобекеттің жаңа қожайындары Абай Қапаш, Азамат Жұмабай былтыр ғана сатып алыпты. Сонда құжат рәсімдегенде автобекеттің статусының бар жоғын ескермеген әрі білмейтін болып шыққан жергілікті билік өкілдерінің іс-әрекеттерінен немқұрайлылық аңғарылады. Осы мәселе бойынша аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлымен де тілдестік.
«Ақ-Нар.А» ЖШС басшысы Болат Тілеубаевқа кезінде осы автобекетті сатпай өзіңіз қадағалаңызшы дедік. Автобекет деген атауы бар, қайта келгендерің дұрыс болды, анық-қанығын біліп беріңіздер деп өтінді. Осы іске қатысты аудан әкімдігінен ұйымдастыру бөлімінің басшысы Дәурен Молдағалиев, Балпық би округінің әкімі Төлеген Қожабеков, Көксу ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясының басшысы Қуаныш Жұмат, Көксу ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы мемлекеттік мекемесі бөлімінің басшысы Бауыржан Егімбаев, аудандық кәсіпкерлер бөлімінен Алмат Алдаберген бастаған топ әкімдіктің бірінші қабатында осы іске қатысты бас қосып, автобекеттің қожайындарымен жүзбе-жүз сөйлесіп, құжаттарын тексеріп, заңды-заңсыздығын, редакцияға жазбаша анықтама беруге келісті. Алайда, күні бүгінге дейін ешқандай жауап берілмеді.
Қысқасы Көксудағы автобекетте ақшаның иісі бұрқырайды.
«Біз бала-шағамызды немен асыраймыз? Біздің Талдықорғаннан Көксуға дейін әр жолаушыдан алатынымыз 300 тенге. Күніне екі рейс жасаймыз, кейде үлгермей қаламыз. Жаңа ғана Талдықорғанан Көксуға дейін бар жоғы үш-ақ адаммен келдім. Себебі бізде уақыт кестесі бар, сонымен ғана жұмыс жасаймыз. Айналамыздың бәрі такси», – дейді алты жылдан бері газелмен күн көріп жүрген Нұрбек есімді азамат.
Біз салыстырмалы түрде Талдықорған және Пафилов ауданына жол түскенде аудандағы автобекетті де көрдік. Иә, автобекеттер жекешенің қолында. Бірақ дәл Көксудағы автобекеттей сауда үйіне айналып кетпеген. Оның айналасында бірлі жарым сауда нүктелері бар. Ал Панфилов ауданындағы автобекетте мүлде сауда нүктесі жоқ. Тек автобекет аймағынан тыс орналасқан дүкен бар. Айналасы тілмен жалағандай тап-таза. Көксу ауданындағыдай автобекеттің іші-сыртын түгел базарға айналдырып жібермеген. Бұған жергілікті билік өкілдері кезінде өздері жол беріп қойғанын мойындау керек.
«Жекенің қолында, біздің араласуға құқымыз жоқ», – деп сырғытпа жауап бергендер енді жазбаша жауап беруден де жалтарып отыр. Мың жерден жекенің қолында болғанымен бақылау жергілікті билік тарапынан болады. Жергілікті әкімдікке қарасты құзырлы мекеме қызметкерлері келісім бойынша жазбаша жауап бермеген соң біз Абай Қапашпен байланысқа шығып, редакцияға келуін әрі құжаттарын ала келуді өтіндік. Қайта-қайта мазаладық, құжаттардың көшірмесін уатсап арқылы жіберді. Автобекеттің гос актісі бойынша ортадағы жол ортақ мақсат пайдаланатын мемлекеттің қарауындағы жол екенін, оның автобекетке ешқандай қатысы жоқ әрі сатылымға қойылмағанын білдік. Сатылуға да заң жол бермейді. Бұл жайлы «Ақ-нар. А » ЖШС автопаркі басшысының көмекшісі Күнсұлу Қиятқызы да айтқан болатын.
– «Ақ-Нар» қазір жоқ, бұрын автобекеттің бір жағы біздікі болды. «Ақ-Нар» мен «Жанельдің» қожайыны бір. «Ақ-Нарды» «Жанельге» аудардық. Маршрут «Ақ-Нардікі». «Жанель» екеуінің арасында келісімшарт болды. Оны бір жыл бұрын Абай сатып алып, өзіне аударды. Мен де өткен жұма күні ЖКХ-ның бөлім басшысы Қуаныш деген азаматпен сөйлестім. Құжаттарын қарадық, онда «автобекет» деп тұр, сауда үйі емес. Абай бекеттің бәрін алып тастаған, кассир жоқ, диспетчер жоқ, кассалық аппарат та жоқ болса ол қалай «автобекет» болады? Ол жерде «Ақ-Нардың» диспетчері отыр. Роза деген медиктің әрі диспетчердің қызметін қоса атқарады. Жүргізушілерді ертеңгісін өзі тексереді, тізімді график бойынша жасайды, рейдке шығарады. Бәрін сол Роза бақылап отыр. Бұл маршрут 2029 жылға дейін берілген. Біздің құжаттардың бәрі заңды. Тек қана «автобекет» жоқ болғаннан кейін Абаймен ауызша келістік. Біздің газельдер бұрынғыдай тұра берсін дедік. Ол келіскен. «Ешқандай мәселе болмайды. Қарсы емеспін, көліктер жүре берсін» деді. «Автобекет» жұмыс істемегеннен кейін біз парковкаға тоқтаған үшін әр жүргізуші екі жүз теңгеден жинап, оны диспетчер өзінің кітапшасына жазып отырады. Абай өзі келіп 10-20 күн сайын алып кетеді, қолын қойып береді. Айына 120-130 мың теңге алады. Соған қанағаттанбай отыр. Оның үстіне бізге алдын ала келіп менің ұсынысым бар деген жоқ. Бізге шағым жіберіпті. Біз шақырдық. Ол келді де: «Бекеттің мына жағын да мен сатып алдым»,– дейді. Біздің несиеміз көп, ақша аз түседі. Сіздер төлем ақшаны көбейтіңдер деген талап қойды. Сізге газель жүргізушілері 30 мың теңге төлейді екен, соның 15 мыңын бізге төлеңіз дейді, біз оған келіспедік. Басқаша жасайық, порковканың төлемін көбейтейік дедік, келіспеді. Мен бөлім басшысы Қуанышпен сөйлескенде бәрін жөндейміз деді. Ел қазір таксимен жүре алмайды, қымбат. Бізге маршрут керек, қалаға келіп жұмыс істейтіндер бар, оқушылар, студенттер келеді, кешке қайтады. Абай мен өзім маршрут ашып аламын дейді. Біз айттық олай болмайды деп. Ол маршрут кәдімгі тендр арқылы алынған. Бекітілген маршрут. Олай болмаса біз аудан әкіміне дайындап отырған хатымыз бар, көлік қоятын жер сұраймыз. Кішкене ғана диспетчер отыратын бутик сол маңайдан берсе, өйткені елдің бәрі автобекетке келеді. Абай автобекеттің аумағын толық сатып ала алмайды, белгіленген мөлшер бар, аржағы бос, оны біз де сұрап білдік. Ол жер ортақ мақсатқа қолданатын жер. Ол жерде таксилер мен біздің машиналар тұр. Ол тіпті таксилерден ақша жинауға қақысы жоқ. Дау болып тұрған осы мәселе. Бір жыл болды келісім шартқа отыра алмай жүрміз. Келісім жасалмады демесеңіз, біздің автобекетте тұрғанымыз заңды, – дейді «Ақ-нар. А» ЖШС автопаркі басшысының көмекшісі Күнсұлу Қиятқызы.
Аты бар да, заты жоқ сауда үйіне айналып кеткен «автобекеттің» қожайындары Абай Қапаш пен Азамат Жұмабайдың да өз айтарлары бар. Олардың сөзінше автобекетті сатып аларда несие алған көрінеді. «Мойнымызда төлейтін несие бар, шығын көп, сондықтан «Ақ-нардың» қожайындарына талап қойғанымыз рас. 30 мыңның 15 мыңын бізге берсеңіздер дедік. Болмаса автобекетті босатсын, өзіміз көлік кіргіземіз. Қазір ауданның ауыл аймақтарына автобустар шыға бастады. Солармен жұмыс жасаймыз. Ал «Ақ-Нар» жұмысшылары автобекет аймағынан мөлшерлі жерден ары көліктерін қоя берсін. Жергілікті әкімдіктің келісімін алып, оған қарсы емеспіз», – дейді.
Бір қызығы автобекет дауымен барғанымызды білген және осы бекетте сауда жасайтын өзіміздің қаракөздер де арендаға қатысты шағымдарын айтты. Редакция тарапы сауда орын жалға алушылардың айына қанша төлеп отырғанын білсек те олардың аты-жөндерін атап жазуға дәтіміз бармады. Себебі, екінші қабаттағы етік тігіп сататын кәсіпкердің өтірік баға айтқанын, Абай Қапаш телефонға жазып алып, бізге тыңдатты. Базарға айналып кеткен автобекеттің мән-жайы міне осындай.
Енді «Ақ-Нар» ЖШС Көксу ауданының әкімдігіне хат жолдап, автобекет маңайынан, диспетчер отыратын «дүңгіршек» қоятын жер сұрамақ. Екі тарап та көрпені өздеріне қарай тартып отыр. Базарға айналып кеткен автобекет маңына енді екі тарап та автобустар мен газелдерді қоятын болса, онсыз да аузы-мұрнынан шығып тұрған автобекетте көлік апаты болмаса игі. Бұған дейін де көліктердің соқтығысқанын газель жүргізушілері айтқанды. Автобекеттің дау-дамайын қузалап жүріп, жергілкті билік өкілдерінің ақпарат құралдарына қырын қарайтынына көз жеткіздік. Тіпті бізге аудан әкімінен басқалары мұрындарын шүйіріп қарайтынын көрдік. Біз де мемлекеттің саясатын ұстанамыз, соны жүзеге асыруға ат салысамыз. Бұлар бізді блогерлермен шатастырып жүргенін де білдік. «Алатау» қоғамдық-саяси газет екенін, облыс көлеміне тарайтын, тәптіштеп түсіндірдік. Соның өзінде автобекет жайлы жазбаша ақпарат береміз деп бермей кетті. Ал Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 16 қарашасындағы №401-VҚР.11-сұрау салу бойынша ақпарат беру тегін беріледі. Сұрау салу бойынша немесе жазбаша нысанда, оның ішінде электрондық құжат түрінде берілуі мүмкін. Сұратылатын ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін және жазбаша сұрау салуға жауап беру кезінде өзге де ақпарат иеленушілерден ақпарат алу талап етілетін жағдайларда ақпарат иеленушінің басшысы қарау мерзімін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартуы мүмкін, бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде ақпарат пайдаланушыға хабар беріледі. Сұрау салулармен жұмысты ұйымдастыруға, оларды қабылдаудың, тіркеудің, есепке алудың және қараудың жай-күйі үшін ақпарат иеленушілердің басшылары жеке жауапты болады деп тайға таңба басқандай жазылған.
Аудан әкімінің ұсынысы бойынша Көксу ауданының осы іске атсалысуға міндеттелген мемлекеттік қызметкерлері тапсырманы бір айға жуық созды. Жазбаша сұрау салу бойынша ақпарат беруден бас тарту туралы уәжді жауап сұрау салу тіркелген күннен бастап, бес жұмыс күн ішінде ақпарат берушінің назарына жеткізіледі. Сұрау салулармен жұмысты ұйымдастыруға, оларды қабылдаудың, тіркеудің, есепке алудың және қараудың жай-күйі үшін ақпарат иеленушінің жеке жауапты болатынын Көксу ауданының қызметкерлері жақсы біледі. Бірақ «үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп үнсіз жатып алуы, мемлекеттік қызметкерлердің әдептілігіне жатпайтынын тағы мәрте ескертеміз. Дау-дамай сіздердің аймақта болып жатқандықтан сіздер бұған тікелей жауаптысыздар!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ