ТІЛ САРАЙЫНДАҒЫ ЖИЫН

0
31

Заманауи талапқа сай мемлекеттік тілді меңгерудегі жаңа бағыт бойынша ғылыми ізденістер мен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің инновациялық және әдістемелік негізде тәжірибе алмасу мақсатында «Мемлекеттік тілді меңгеруде білсенді білім стратегияларын тиімді қолданудың инновациялық аспектілері» атты тақырыпта Тіл сарайында семинар өтті.

«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Ескелді аудандық филиалының меңгерушісі Әйгерім Молдабаева ұйымдастырған семинарға Ескелді ауданына қарасты барлық мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты.
Басқосу барысында сөз алған облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбаев ана тілі жайында ой қаузап, бүгінгі әлеуметтік желідегі әріптік қате, жалпы тілге деген немкеттілік пен сауатсыздық туралы да тұщымды пікір білдірді.
«Білім мен ғылым интеграциясы және еуропалық білім кеңістігі» тақырыбында дәріс оқыған І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Иманғазинов интеграция мен ғаламдастыру қатар жүріп келе жатқан бүгінгі таңда білім беру ұйымдарындағы білім берудің сапасы мен деңгейін жан-жақты көтеріп, жаңаша ойлайтын, оқыту мен тəрбиенің жаңа технологиясын күнделікті жұмысында қолдана білетін, ғылымды қазақша сөйлететін жас ұрпақ санын арттырса ғана ұстаздар жұмысының жемісті болатынын айтты.
Ал «Тілдік тұлға моделі» бойынша баяндама жасаған І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің доценты, филология ғылымдарының кандидаты Сайлау Қожағұлов тұлға қалыптастыру жолында ең бірінші ана тілін қастерлейтін, құрметтеп-қадірлейтін маман тәрбиелеуде ұстазға жауапкершілік жүгі көп артылатынын атап өтсе, облыстық «Jetisŷ» газетінің тілшісі Еңлік Бауыржанқызы «Мемлекеттік тілдің БАҚ-тағы көрінісі» тақырыбында пікір алмасты.
Семинардың екінші бөлімінде Көксу аудандық филиалының меңгерушісі Олжас Қойшыбеков «Тілді оқытуға арналған платформалар» тақырыбында шеберлік сағат өткізді. Өз кезегінде ол ұстаздарға қажетті бірнеше платформа ұсынды.
Семинар соңында облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбаев ұстаздарға семинар жұмысына қатысқандарын растайтын арнайы сертификат табыстады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ