САҒАТ АУЫССА ДА, САБАҚ УАҚЫТЫ АУЫСПАДЫ
Сағат белдеуінің өзгеруі оқушылардың өміріне айтарлықтай әсер етуде. Мектептен кеш қайту, үй тапсырмасын орындау және демалысқа уақыт табу – жаңа уақыт тәртібі балалардың күнделікті өмірін қиындатып, ата-аналардың алаңдаушылығын тудырды.
Қаладағы екі ауысымда оқитын мектептерде сабақ кешкі 19:00-ге дейін жалғасады, ал үш ауысымдық мектептерде сабақ кейде 20:00-ге дейін созылады. Мұндай жағдайда мектептен кейінгі уақытты тиімді ұйымдастыру және үйге қайту жолдарын қауіпсіз ету маңызды мәселеге айналды. Қазақстанның оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу сапасын сақтау үшін сабақ уақытын қысқарту дұрыс шешім емес екенін айтты. Дегенмен, үш ауысымдық мектептерде сабақ ұзақтығы 40 минутқа қысқартылды.
Оқушылардың өздері бұл мәселені қалай қабылдайтынына келсек, қала мектептерінің бірінде білім алатын Дильназ есімді оқушы екінші ауысымда оқиды. Оның айтуынша, сабақ аяқталып, мектептен қайтар уақытқа дейін қараңғы түсіп кететіні оқушыларға қолайсыздық тудырады.
– Ынтымақ ауылында тұрамын, бірақ ол жаққа кешкі уақытта автобустар сирек жүреді. Кейде автобустың толы болуына байланысты келесі автобусты ұзақ күтуге тура келеді. Сонымен қатар, қараңғыда жалғыз жүруде және қаңғыбас иттер де қауіпті. Сондықтан сабақтардың ертерек аяқталуын және автобустардың жиірек жүруін қалаймын, — дейді оқушы қыз.
Жания есімді оқушы да кешкі жетіде сабақтан қайтатынын, бұл уақытта күннің қараңғы болатынын атап өтті. Ол сағат белдеуінің бұрынғыдай уақытта қалпына келгенін қалайды.
Қала шетіндегі ауылдарға қатынайтын автобустардың сирек жүруі де оқушыларға қиындық туғызуда. Мысалы, Ынтымақ ауылына тек екі автобус бөлінген, олардың жүру уақыты өте шектеулі. Сабақтан кейін автобусқа сыймай, ұзақ күтуге тура келеді, бұл кешкі уақыттағы қауіпсіздік мәселесін ушықтырады. Аталған мәселе бойынша ата-аналар да өз пікірлерін білдіруде. Мадина есімді ата-ана сағат ауысқаннан бері баласының сабақтан кеш қайтатынын айтып, алаңдайтынын жеткізді. Ол кейде жұмысынан ерте шыға алмай, баласының қараңғыда жалғыз жүруі алаңдататынын айтты. Ал Аида есімді ата-ана қыста уақыттың ерте батуы және сабақтың кеш аяқталуы балалар үшін өте қиын екенін атап өтті.
Қалалық білім бөлімінің тәрбие бойынша статисті білім беру ұйымдары оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түрлі шаралар қабылдаудамыз дейді, Сәулетаева Гүлназ Маратқызы.
– Балалардың кешкі уақытта үйлеріне қауіпсіз жетуі үшін бастауыш сыныптарды ата-аналары алып қайтады. Жоғары сыныптарда сынып жетекшілері ата-аналарымен және оқушыларымен тығыз байланыста болып, үйге жеткендігі туралы күнделікті кері байланыс алады. Мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшілері ата-аналармен тығыз байланыста болып, оқушылардың үйлеріне қауіпсіз жетуін бақылайды. Сондай-ақ, қалалық полиция қызметкерлерімен бірге «Түнгі қаладағы балалар» атты рейдтер жүргізіледі. Қоғамдық көліктің кестесін жақсарту, автобус маршруттарын көбейту және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар атқарылуда.
Дегенмен қараңғы уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бұл жеткіліксіз дер едім. Әрине оқу сапасын сақтау өте маңызды. Бірақ бұл мәселені шешу үшін мектептер, ата-аналар мен қоғам өкілдері де белсенді түрде атсалысқанымен мәселе шешімін тапқан жоқ. Бұның шешімі уақытты өзгертуде. Сонда сабақ уақытын қыстартудын да және балардың қараңғыда кеш қайтуы да мәселе болмайтын еді. Сол арқылы қараңғы уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оқу сапасын сақтауда да тепе-тендік болатын еді.
Зарина БЫЖЫБЕК