ЕЛІМІЗДЕ МАЛ КҮТУШІ МАМАНДЫҒЫ ЖОЙЫЛАДЫ

0
24

Ғылым және жоғары білім министрлігі еңбек нарығында жойылатын мамандықтардың тізімін жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрлік әзірлеген Жаңа мамандықтар картасына сәйкес, алдағы уақытта 10-ға жуық мамандыққа сұраныс азаяды. Олар – ауылшаруашылығы, құрылыс, тау-металлургия салаларында екен.

Ауыл шаруашылығы
саласында

— азық-түлікті қаптаушы-ораушылар;
— өнімдерді сұрыптаушылар;
— малшылар (мал күтуші);
— өнімдерді қолмен буып-түюшілер;
— ет өнімдерін әзірлеуші.

Құрылыс саласында Министрлік өкілдерінің болжамы
бойынша:
— 2025 жылға қарай – сәулетші-сызбашы;
— 2030 жылға қарай – шатыршы немесе үй төбесін жабушылар, сылақшылар, ал 2035 жылға қарай – монтажшылар мен осыған ұқсас мамандықтар жойылмақ.

Тау-металлургия кешенінде

2030 жылға бірқатар мамандық жойылуы мүмкін. Олар:
— нормалаушылар;
— ревизор;
— визуалды ақпарат жинаушыларға;
— сепараторшылар.
Ал 2035 жылға қарай бульдозер машинисі мамандығы жойылмақ.
Былтыр Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде сұранысқа ие мамандықтар туралы айтқан еді. Ал биыл 10 мамандықты сұраныс жоқ – деп, жойғысы келіп отыр.
Бізбен салыстырғанда Ғылым министрінің түсінігі жоғары екеніне таласымыз жоқ.
Бірақ ауылшаруашылығы саласында мал күтуші болмайды дегенді түсінсем бұйырмасын. Сонда малды кім бағады, жемді малға кім салады? Астын кім тазартады? Ит баға ма, әлде робот баға ма малды? Біздің ауылдарда осының бәрін жасайтын озық технология болса, онда кереметпіз ғой! Мал бағушыға бізде сұраныс жоқ па, әлде жекешеленіп кеткен шаруашылықтарда мал бағушылардың еңбегі төмен төленетендіктен бүгінде ешкім мал баққысы келмей ме? Мал бағушы мамандығы жойылса, мүмкін, ол мамандық енді басқаша аталынатын болар? Қаптаған сұрақ мазасыз күйге түсірді. Мал бағушы немесе малшы деген мамандық па, кәсіп пе? Мамандар мен кәсіпкерлер тізімінде – реестрінде осылар бар ма? Әлде олар өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуші ме? Малсақ қазақ үшін мал ең бірінші орында тұрса, оны бағушы адамды енді осы мамандыққа оқытып барып басқаша атаймыз ба? Бас қатты. Ал Президент мал шаруашылығын өркендету туралы не деп еді? Асыл тұқымды малды өсіру үшін не істейміз?
Тағы бір жоғалатын мамандық мал өнімдерін тұтынушыға жеткізетін қаптаушы-ораушылар, қолмен буып – түюшілер. Олар жойылса, мал өнімдері тұтынушыға шашылып-төгілген күйі жеткізіледі ме? Мысалы фарш сияқты, сорпалық ұсақ сүйектер сияқты өнімдер. Ал азық-түлікті буып — түюшілер жоғалса не болмақ? Қантымыз бен ұнымызды, макарон өнімдерін, шәй мен басқа да азық-түлікті кім буып-түйеді? Әлде бұл мәселе де роботқа сеніп тапсырыла ма? Өнімді сұрыптаушылар да жоғалатын мамандықтар тізіміне кіргізіліпті. Сонда сұрыптаушылар болмаса тұтынушыға мойын жілігі мен жамбас жілігінің бағасы, ішек-қарны мен өкпе-бауыры, бас-сирағы бәрі бір сортпен сатыла ма? Әлде, оны да робот сұрыптай ма? Құс етін сұрыптаушылар да жойыла ма, әлде тек мал етін сұрыптаушылар ғана жойыла ма? Ет өнімдерін әзірлеуші деген мамандық та жойылады екен. Ол қандай мамандық? Білмейді екенбіз. Ол қалай әзірлейді ет өнімдерін? Қолдан жасай ма етті, әлде сойылған малдың етін боршалап бұзушы ма? Ғылым министрі осы мамандықты нақтылап, айырып жазғаны дұрыс болар еді.
Құрылыс саласында 2030 жылға қарай үй шатырын жабушылар, үй сылағын жасайтындар жойылады екен. 2035 жылға таман монтажшылар мен басқа мамандықтар (қандай екені айтылмапты) жойылмақшы. Тау-металлургия саласында да жойылатын мамандықтар бізге түсініксіз. Тіпті 2035 жылға таман бульдозерші мамандығы да жойылмақшы. Ол жойылса қазу жұмыстарын қандай техникамен жүргіземіз? Оған дейін ғалымдар супер механизмі бар робот-бульдозерлер ойлап шығара ма екен? ЖИ үй шатырын жауып, үй төбесін сылап бере ме екен?

Баян ТАҢАТАРОВА


ПІКІР ЖАЗУ