ЖЕТІСУ ӨҢІРІНДЕГІ ҚЫСҚЫ ДЕМАЛЫС

0
36

Қыс – табиғаттың ерекше сыйы. Ақ ұлпа қар жамылған тау мен орман, таза ауа мен суық таңдар адамдарды өзіне баурап, ерекше сезімге бөлейді. Осындай мезгілде көпшілік демалысын қалай өткізу керегін ойланып, таңдау жасауға қиналуы мүмкін. Бірақ соңғы жылдары Қазақстанда қысқы демалыс орындары мен спорт түрлерінің қарқынды дамуы бұл мәселені жеңілдетуде. Әр өңірдің өз сұлулығы мен ерекшелігі бар. Ал Жетісу жері қысқы демалыс пен спортты ұнататындарға шексіз мүмкіндіктер ұсынады.

Жетісу өңірі қысқы туризмді дамытуда алдыңғы қатардан орын алып келеді. Табиғаттың ерекше сұлулығы мен таудың құшағында орналасқан кешендер демалушылардың көңілінен шығары анық. Мысалы, Ескелді ауданының Екпінді ауылындағы «Тау Жетісу» кешені шаңғы, сноуборд, баллонмен сырғанау, тіпті парапланмен ұшу сияқты қызмет түрлерін ұсынады. Демалушылар үшін арнайы монша, қонақ үй секілді қолайлы жағдайлар қарастырылған. Бұл кешеннің тағы бір артықшылығы – Текелі қаласынан небәрі 15 шақырым жерде орналасуы.
Текелі маңындағы Қора шатқалында орналасқан «Викинг» эко-кемпингі табиғатты сүйетіндерге таптырмас мүмкіндік. Ал экстремалды спорт әуесқойлары үшін «Текесу» кешенінде дайындалмаған тау жолдарында фрирайд-сноубордпен сырғанау ұсынылады. Бұл жерлер қыстың әр күнін ерекше әрі ұмытылмастай ете алады.
Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында да қысқы спорт пен демалысқа арналған бірнеше нысан бар. «Жетісу Арена», «Ирбис мұз айдыны», «Адреналин мұз айдыны» – мұның барлығы тұрғындар мен қонақтардың сүйікті орындары. Бұл жерлерде сырғанақ тебуге, хоккей ойнауға немесе жай ғана мұзда көңілді уақыт өткізуге болады.
Өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. 2024 жылдың басында Талдықорған қаласындағы «№1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде» карлинг, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және шайбалы хоккей секциялары ашылған болатын. Мұндай бастамалар болашақ спортшыларды тәрбиелеп, өңірдің беделін арттыра түсетіні сөзсіз.
Қысқы спортты дәріптеу мақсатында түрлі іс-шаралар да жиі ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, «Жетісу Арена» мұз айдынында жас спортшылардың қатысуымен жарыстар өткізіліп, 230-ға жуық жас дарын өз шеберлігін көрсетті. Ал 2025 жылдың 13-17 қаңтар аралығында Алматы қаласында мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнир өтсе, 24-25 қаңтар күндері Талдықорғанның «Жетісу Арена» мұз айдынында қалалық ашық біріншілік ұйымдастырылмақ.
Қысқы демалыс – тек сергу мен көңіл көтеру ғана емес, табиғатпен үндесу, сұлулықты сезіну. Қазақстанның қысқы туризмі осы мүмкіндіктерді ұсынып, әркімге өзіне ұнайтын демалыс түрін табуға жағдай жасап отыр. Жетісу өңірінде тау мен мұздың үйлесімі, жаңа әсер мен естеліктерге толы демалыс кез келген адамның жүрегінде ерекше із қалдырары анық.
Қазақстанның әр өңірінде қысқы демалысты ерекше өткізуге мүмкіндік мол. Жетісу жерінде тау шыңдарына шығып, шаңғы теуіп, мұз айдынында сырғанап, таза ауамен тыныстау арқылы тек денсаулықты жақсартып қоймай, жан дүниеңізге ләззат сыйлай аласыз. Еліміздің байлығын бағалап, қысқы демалыс-ты ерекше өткізейік!

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ