«ЖАҚАШЫ БАР ЕЛГЕ ЖАУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ»

0
59

— деп қоғам қайраткері Иса Қазыбек айтқандай, тәуелсіз елімізде Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдайтын уақыт жетті. Өйткені кейбір азаматтар қазақ тілінің беделін жоққа шығарып жатыр.
Қай ел болмасын, қай қоғам болмасын халықтың қарым- қатынасының негізі – сол мемлекетті құрап отырған ұлттың тілі. Ал Қазақстан азаматтары құрметтеуге тиіс ұлттық тіл — қазақ тілі десек те, қоғамда орын алып тұратын құбылыстардың ішінде орыс тілінің басымдығы біздің еліміздің ұзақ жылдар бойы тәуелді , боданда болған халық екендігімізді байқатып қана қоймай, ұлттың тілін дамытудың орнына кедергі келтіріп жатқан жайлар бар. Бір қызығы, біз руға ғана бөлінбейміз. Біз енді қазақтардың ішінде қазақ тілін білетін қазақ пен қазақ тілін білмейтін қазақ болып бөлінетін болдық. Магнум сауда үйінің төңірегіндегі дау-дамай соның бір ғана көрінісі.

Магнум сауда үйінің жеткізуші қызметкерінің (курьерінің) тапсырыс беруші қазақтың орысша сөйлегеніне «қазақша сөйлемейсің бе?» деуі дауға айналады деп ешкім ойламаса керек-ті. Қысқаша айтқанда, қазақтың қазаққа «қазақша сөйлемейсің бе?» деуі үлкен дауға ұласты.
Адамның психологиясы қызық қой. Кейбіреулерде әркез біреуден артық екендігін, өзінің биіктігін байқатып, көрсетіп тұрғысы келетін бір кеудемсоқтық бар. Осы даудың шығуы да сондай кеудемсоқтықтың бір көрінісі сияқты.
Тапсырыс беруші ретінде өзін жоғары санаған қазақ жеткізуші қазақты менсініңкіремей, малай ретінде қабылдаған қожайын сияқты сезінді ме екен өзін? — деп ойлаймын.
Кеудемсоқ тапсырыс беруші «Магнум» сауда орнының әкімшісіне «мен өз үйімде қай тілде сөйлесем де өзім білем, курьерге шара қолданыңыз қазақша сөйлемейсіз бе дегені үшін» — деп арыз түсіруі барып тұрған мешеулік сана. Ал не болды сонда – тұтынушы тілегі әрқашан дұрыс дегенді таяз түсінген Магнумның әкімшісі отбасының асыраушысы, көп балалы әке – тапсырысты жеткізуші жігітті жұмыстан шығарып жіберген.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, пікірлер екіге жарылды. Қазақша сөйлеуді талап етіп, курьерді жақтаған топ желіде Magnum сауда желісіне қарсы бойкот жариялады. Осыған орай, компания Instagram желісінде оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, курьердің жұмыстан не үшін шығарылғанын былайша түсіндірді.
«Курьердің жұмыстан босатылу себебі – клиенттермен бір емес, екі емес, бірнеше дүркін дөрекі сөйлесіп, қызмет көрсету әдебін қайталап бұзуы. Біз оған өз қателігін түзетуге жеткілікті уақыт бердік – ескерту жасадық, сынақ мерзіміне ауыстырдық. Алайда, өкінішке қарай, сол уақыт ішінде де әдебі өзгермей, тағы да тұтынушымен араздасып қалды. Келеңсіз оқиғалар қайталанды. Артынан шағым түсіп жатты. Содан кейін, амал жоқ, еңбек шартын бұзуға тура келді. Курьердің жұмыстан кетуіне тіл емес, мінез-құлқы себеп болды – мұны нақты айтып өткіміз келеді», – делінген компанияның жазбасында. Әдеп талап етілді ме, әлде тіл мәселесі басты себеп болды ма?
Солай болды ма, басқаша болды ма, әлде «құланның қашуына мылтықтың басуы тура келді ме? Үйінде отырып тапсырыс алған қазекең «аты-жөніңді қазақша айтсашы» деген екінші қазекеңді жұмыстан шығартып тынды. Онсызда құтыла алмай отырған магнумдық әкімші курьер қазақты жұмыстан шығарып құтылды.
Сөйтіп қасиетті қазақ тіліміз екі қазақтың ортасында дау тудырды. Не істейміз? Біздің тіліміз неге қолданыс аясында әлі де тар шеңбердің ішінде жүр? Қазақша сөйлеген курьер «сыныққа сылтау» болып жұмыстан неге шығарылады? Қазақша сөйлейтін қызметкерлер неге қазақша білмейтіндерге қарағанда басымдыққа ие болмайды?
Тіл саясатын жүргізушілердің деректерін оқысаңыз, бізде қағаз жүзінде бәрі керемет. Мемлекеттік тілді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес біздің елімізде қазақшаны меңгеру пайызымыз керемет өсіп отырады екен. Мысалы 2017 жылы – 80, 2020 жылы – 90 пайызға қазақшаны игерсек, қазақ тілін меңгеру көрсеткіші 2025 жылы 95 пайызды құрауы керек болған.
Өкінішке орай, болжам саны мен нақты көрсеткіштер сәйкестігі бір-бірінен алшақ жатыр. Алпауыт компаниялар мен мемлекеттік мекемелерді айтпағанның өзінде, қарапайым сауда орындарындағы халықтың қарым-қатынас тілі – орыс тілінде жүреді. Ескерту айтсаң бәлеге қаласың. Байбалам… Тілімізді меңгермек түгілі аты-жөніміздегі – ов пен – евтарды бір жүйеге келтіру әркімнің өз еркіндегі дүние деген соң орысша мәтінмен әлі де ова, ева болып қазақтардың көбі жайбасарлықпен жүріп жатқан жайымыз бар. Жайбасарлығы басым қазақты қозғалысқа келтіретін шыбық керек пе сонда? Ол шыбық қайда және кімнің қолында?..
Қазақстан көпұлтты мемлекет. Сондықтан барлық ұлтты қазақ тілінде сөйлетуді мәжбүрлі түрде жүзеге асыру қажет деген пікірлер бар. Ол үшін алдымен бүкіл қарым-қатынас тек қазақ тілінде жүрсе ғана қазақша сөйлеу басталады. Оған шыбық керек емес. Құжаттардағы орысша жазуларды қабаттастырмай, тек қазақша жазу керек. Қазақша сұраққа орысша жауап беретін қазақтың өзі қазақша сөйлей алмай тұрғаны – мәселенің ең үлкені. Не істейміз? Ол үшін Мемлекеттік тіл туралы заң керек!

Баян ТАҢАТАРОВА


ПІКІР ЖАЗУ