ДЕСАНТТЫҚ — ШАБУЫЛДАУ БАТАЛЬОНЫ

Әскери қызмет – ерлік пен жауапкершілікке негізделген өмір жолы. Әсіресе, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің сарбаздары мен қызметкерлері үшін бұл екі ұғым өмірлік қағидаға айналған. Отан қорғаушылар күніне орай Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің подполковнигі Бақытжан Қырғызәлиевпен сұхбаттасып, олардың күнделікті қызметі мен әскери өмірінің ерекшеліктері туралы әңгіме-дүкен құрған болатынбыз.
– Бақытжан мырза, уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге ризамыз. Ең алдымен, оқырмандарымызға өзіңіз қызмет ететін бөлім туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Рақмет! Біздің бөлім – Қазақстан Қарулы Күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлеріне қарасты негізгі құрылымдардың бірі. Негізгі міндетіміз – шұғыл әрекет етіп, жауынгерлік тапсырмаларды тез арада орындайтын, нағыз батыр әскери азаматтарды дайындап шығу. Бөліміміз алғаш 1967 жылы 6 қазанда Сарыөзек кентінен 14 офицер келіп, қала шетінен 1968 жылы 5 мамырда 18404 әскери бөлімі ретінде құрылды. Міне, күні бүгінге дейін еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрдайым дайын.
18404 әскери бөліміне И.В.Панфиловтың атын беру өте абыройлы және міндетті іс. Батыр атамыздың соғыста көрсеткен орасан ерлігін толықтай паш ету біздің парызымыз. Қазіргі кезде атақты 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының бірінші командирі, генерал-майор И.В.Панфилов есімі тарихта даңқты қолбасшы ретінде таңбаланып қалды десек қателеспейміз.
Осындай Батыр бабаларымыздың ақ білектің күшінен, ақ найзаның ұшымен, маңдай терімен қорғап қалдырған кең байтақ жерімізді, салиқалы елімізді, қазақ деген ұлтымызды, біз кейінгі ұрпаққа, жастарға дәріптеп, патриоттық сезімдерімен рухани байлықтарын ояту біздің басты мақсатымыз.
– Десанттық-шабуылдау әскерлері – ерекше міндет атқаратын құрылым. Сіздің ойыңызша, бұл бөлімшеге тән басты ерекшеліктер қандай?
– Біздің ең басты ерекшелік – шапшаңдық пен икемділік. Кез келген жағдайда, ауа райының қандай болуына қарамастан, қысқа уақыт ішінде әрекет етуге дайын болуымыз керек. Сондай-ақ, физикалық әрі моральдық тұрғыда өте жоғары дайындық талап етіледі. Әр сарбаз өз ісіне жауапты болып, бойымыздағы өжет мінез тасып тұруы керек. Себебі әркімнің қолынан 1000 метр биіктіктен секіру келе бермейді. Бөлімшедегі әр сарбаз, сержант, лейтенант, командирлердің басты қағидасы достықты сақтап, ісімізді асқан сүйіспеншілікпен мүлтіксіз орындау.
– Аталған бөлімде жауынгерлік дайындық қалай өтеді? Оқу-жаттығулардың күрделілігі жайлы айтып бере аласыз ба?
– Жауынгерлік дайындық – үздіксіз процесс. Апта сайынғы тактикалық сабақтар, қару-жарақпен жұмыс істеу жаттығулары, парашютпен секіру, шынайы жауынгерлік жағдайда әрекет етуге бағытталған оқу-жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Әсіресе көп көңіл дене даярлығына бөлінеді. Себебі десантшы үшін күш пен төзімділік – міндетті қасиеттер.
Міне, көктемгі әскери қабылдаудан келген 500-ге жуық жас сарбаздарымыздың бөлімге бейімделіп жатқанына 3 аптадай уақыт болып қалды. Енді олардың ант қабылдауға дейін жаңа орта мен нағыз сарбаздың ісіне бейімделуі үшін біз бір ай бойы оларға түрлі деңгейдегі тапсырмаларды жасатамыз. Білетініңіздей, бір айда төрт апта бар, соның әр аптасында бізде түрлі бейімделу болады. Мысалы, бірінші аптада сарбаз жайлы толық ақпаратты жинақтап, жеке ісін құрастырамыз. Оларды төсек-орнын жинау, әскери киім кию әдебін, бөлімнің тарихы мен рота, батальон, сержант сияқты ұғымдармен таныстырамыз. Ал екінші аптада саптық, дене шынықтыру, атыс, тактикалық дайындық, инженерлік және т.б. әскери дайындықтар тереңдетіліп оқылады. Үшінші аптада тура осындай бейімделу жұмыстары жасалып, төртінші аптада теориялық білімді практикалық жүзеге асыру жүргізіледі. Әр сарбаз қолына қару алып, окоп қазып, үстнен танкі жүріп өткенде нағыз жауынгерлік рухты оятады.
– Қазіргі уақытта қандай әскери техника мен қару-жарақтар жиі қолданылады? Заманауи технологиялар қаншалықты маңызды?
– Біздің бөлім заманауи әскери техникалармен толық қамтамасыз етілген. Бронетранспортерлер, жеңіл әскери көліктер, әртүрлі калибрдегі автоматтар, мылтықтар және арнайы бағытталған қару түрлері жиі қолданылады. Заманауи технологиялар әскери тапсырмаларды тиімді әрі қауіпсіз орындауға мүмкіндік береді. Дрондар, навигациялық құрылғылар және жаңа буын байланыс құралдары біздің бөлімшелердің жұмысын анағұрлым жеңілдетіп отыр. Мұндай техникалардың болуы сарбаздар үшін өте тиімді, біз сарбаз болған уақытта жоғарыда аталған жабдықтар көненің көзінен сақталған болатын.
– Сіздің әскери өміріңізде ерекше есте қалған сәт бар ма?
– Әрине, әскери өмірде ерекше сәттер көп болады. Соның бірі – алғашқы парашютпен секірген күнім. Әуеде қалықтап жүрген сәтте бойыңды қорқыныш пен мақтаныш сезімі қатар билейді. Бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын. Сол сәтте мен өз мамандығымның жауапкершілігін толық түсіндім. Қызық демекші, сол кездерде жанымыздағы сарбаздар бірге қиындықтан шығуды үйренеміз деп жылан, кесіртке ұстап, қақтаған кездеріміз де болған. Қазір еске алсам күлкім келеді.
– Қызмет барысында қандай қиындықтар кездеседі және оларды қалай еңсересіздер? Әскердегі бауырластық туралы не айта аласыз?
– Әскери қызмет қиындықсыз болмайды. Бұл – күнделікті физикалық дайындық, қатаң тәртіп және психологиялық ауырлық. Әсіресе алыс сапарлар кезінде туысқандарды сағыну сезімі жиі кездеседі. Бірақ біз бір-бірімізге тірек болып, моральдық қолдау көрсетеміз. Әрбір қиындықты ұжыммен бірге еңсереміз. Бауырластық – біздің бөлімнің өзегі десем де болады. Әскери қызмет барысында әріптестеріңмен бір отбасы сияқты боласың. Біз бір-бірімізге сенеміз, қажет кезде көмек қолын созуға дайынбыз. Бауырластық дегеніміз – тек бірге жаттығу емес, өмірді бірге бөлісу. Бұл әрекеттерге жаңадан келген жас сарбаздарды да міндетті түрде үйретеміз және қатаң қадағалаймыз.
– Жастар арасында патриоттық рухты қалыптастыру үшін қандай шаралар маңызды деп санайсыз?
– Патриоттық тәрбие – бала кезден басталуы керек. Мектептерде әскери-патриоттық клубтарды көбейту, ардагерлермен кездесулер ұйымдастыру, әскери дайындық сабақтарын күшейту қажет деп ойлаймын. Ең бастысы – Отанға деген махаббатты жүректен тәрбиелеу керек.
– Соңғы сұрақ: десантшы болғысы келетін жасөспірімдерге не кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен, денсаулығыңа, физикалық дайындығыңа көңіл бөл. Шынайы десантшы болу үшін жігер, төзім мен ерік қажет. Ешқашан берілмеу керек. Әскер – тек мамандық емес, бұл – өмірлік жол, үлкен абырой. Сондықтан еңбек етуден, қиындықпен күресуден қорықпаңдар!
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет! Редакцияның атынан бөлімнің барша қызметкерлері мен сарбаздарын 7 мамыр – Отан Қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Қызметте сәттілік серік болсын!
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің сарбаздары – ерліктің, тәртіп пен табандылықтың шынайы үлгісі. Подполковник Бақытжан Саламатұлының әңгімесінен біз жауынгерлік рухтың қандай екенін, Отан қорғаушылардың шынайы бейнесін анық көре алдық. Әскери қызмет – елге, халыққа қызмет ету деген сөз. Бұл жол әрбір жас қазақстандық үшін үлкен мақтаныш пен жауапкершілікке толы болуы тиіс. Сондықтан ел ертеңін берік ұстаймын деген жасөспірімдер кейінгі сарбаз болуға қазрден дайындалу керек. Физикалық тұрғыдан мықты болуға әрекет жасағаны жөн болар.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ