АҒАШТЫҢ ҮНІН ҰҚҚАН ШЕБЕР
Жиһаз жасау – тек күнделікті тұрмысқа қажетті зат шығару емес, нағыз өнер мен ұқыптылықты талап ететін күрделі сала. Оның моделін жобалау, дизайнын үйлестіру, әр бөлшегін нақтылықпен құрастыру – мұның бәрі шебердің ой ұшқырлығын, қолының ептілігін қажет етеді. Бүгінгі таңда жиһаз шеберлері заман талабына сай жаңа үлгілерді ойлап тауып қана қоймай, сонымен қатар көненің көзін жаңғыртып, ұлттық нақыштағы дүниелерді қайта жандандырып келеді. Дәстүр мен заманауилықты ұштастырған бұл сала бүгінде жаңаша қарқын алып, сұранысы артып келе жатқан кәсіптердің біріне айналып отыр.
Техника мен технология билік құрған заманда ағаштың үнін тыңдай білетін, қол еңбегін кәсіпке айналдырған жандар сиреп барады. Бірақ соның ішінде өз кәсібін жүрегімен сүйіп, адал еңбекпен биікке көтерілгендер де бар. Ермек Омаров – сондай санаулы шеберлердің бірі. Ол үшін жиһаз жасау тек кәсіп емес, бұл – оның өмір сүру салты.
Жиһаз тек ағаш пен матадан ғана тұрмайды. Оның әр бұрандасында уақыттың табы, әр иірімінде адам қолының ізі мен адал еңбектің тері жатады. Ал сол ескі жиһазға екінші өмір сыйлайтын, ағашпен «тілдесіп», шеберлікпен тіршілік етіп жүрген жандар арамызда қаншалықты көп? Дәл осы сұрақ бізді Ескелді ауданында кәсібін дөңгелетіп отырған Ермек мырзамен сұхбаттасуға жетеледі.
Қазіргі заманда технология қаншалықты дамыса да, қол еңбегі мен шынайы шеберлікке деген сұраныс өз маңызын жоғалтқан емес. Адам қолымен жасалған бұйымда бір жылылық пен рух бар. Осыны сезінген жандар үшін ағаштан ойып, матамен қаптап, қайта жаңартылған жиһаз – жай зат емес, өнердің бір түрі.
Ермек мырза – Жетісу өңіріне кеңінен танымал, ауылдан шыққан қарапайым, бірақ іскер шебер. Бала күнінен еңбекке ерте араласып, ауыл тіршілігін бойына сіңіріп өскен азаматты өмір мектебі тәрбиелеп, тәжірибесі шеберлікке жетелеген.
Ерлі-зайыптылар
кәсібінің тарихы
Жиһаз жасауға Ермек мырза 2005 жылы зайыбы Гүлнар Қаріпжановамен бірге Алматы қаласындағы түрік фирмасының бірінде жұмыс істей жүріп үйрене бастайды. Алғашында ол қосалқы жұмыстар атқарып жүріп, уақыт өте бұл істің мәнін түсінеді. Мақала кейіпкері аталған істің қолынан келерін түсінгенде, отбасына тұрақты табыс көзі боларлық кәсібін құру, өз ісінің иесі болуды мақсат етеді.
– Бұл іске жолдасым екеуміз бірге келдік. Алғашқыда қосалқы жұмыстардан бастап, уақыт өте келе өз ісімізді дөңгелетіп әкеттік, – дейді Ермек мырза.
Алға қойған мақсат орындалып, міне бүгінде олар Талдықорған, Үштөбе, Сарыөзек, Сарқант, Жаркент, Текелі, Қоғалы сияқты елді мекендерден жиі тапсырыс қабылдайды. Мұндай сенім – ұзақ жылғы адал еңбектің нәтижесі. Тіпті, екі қолға бір күрек дегендей, отбасылық бизнесті бастағанда оларға мемлекеттік гранттың көмегі едәуір көмек болған. 1 416 мың қаржы болатын грантты жеңген уақытта отбасылы кәсіпкер жиһаздың қатты бөліктерін (дсп, брус) кесуге арналған арнайы станоктар мен маталардың тығыздығын таңдамайтын тігін машинкаларын да сатып алған. Олардың айтуынша мұндай мемлекеттік гранттар жыл сайын ойнатылып, бизнес бастаймын деген көпшіліктің арманын орындауға қолдау білдіріп келеді. Ерлі-зайыптылардың жұмысы сіз бен біз секілді сағат 09:00-де басталады. Жолдасы – тігінші, ал Ермек мырза жиһаздың сұлбасын жасап, оны қаптаумен айналысады. Бірі материал тіксе, екіншісі ағашты сөйлетеді.
Ең қиыны –
сапаға мән беру
Шебердің айтуынша, оның жұмысындағы ең қиын сәт – клиент жіберген фотосуретке қарап, соның дәл көшірмесін жасау екен. Әсіресе онлайн тапсырыстарда бұл күрделене түседі, өйткені нақты өлшемдер мен материалдар көрсетілмейді. Мұндай сәтте кәсіпкер жұбайлар ұқыптылық пен сапаға ерекше мән беріп, жұмыстың табысты шығуына бар күш-жігерін жұмсайды. Сонымен қатар, әр тапсырыс беруші кәсіпкерге сенім артып, бағалы естелігін берген кезде оны ұқыптылықпен, әр бұрандасына дейін сапалы түрде орналастыруды көздейтінін айтады. Қарапайым қаптауға келген диванның өзіне кәсіпкер жоғары сападағы маталарды тек Алматы қаласынан алдыртатынын да айтты.
– Әр тапсырыс – жаңа жоба. Клиентпен тіл табысу, оның талабын түсіну – жұмыстың бөлек қыры. Кейде қарапайым орындықты жаңартқанның өзінде адамдардың алғысын естіп, шын риза боласың. Себебі, біразымыз менсінбеген ескі жиһаз клиенттің отбасылық жәдігері, қымбат естеліктің символы болып жатады, – дейді шебер.
Қолмен еңбек ету – Ермек мырза үшін тек табыс көзі ғана емес, өмір салты. Оның айтуынша, бұл кәсіп өзіне рухани байлық сыйлайды. Қолмен жасаған бұйымның шынайы бағасын түсіну, оның әр бұрышын дейін өз қолыңмен құрау – адамды ерекше сезімге бөлейді. Тағы бір маңызы – шыдамдылық пен тәртіпке үйрететіні. Бұл іс дәлдік, тазалық және төзімділік талап етеді. Мұндай қасиеттер еңбек адамын тек кәсіби тұрғыда емес, адам ретінде де қалыптастырады дегенді әр сөзінде мақала кейіпкері жеткізе білді.
Бірақ Ермек мырзаның айтуынша, бүгінде көптеген жиһаз сататын дүкендерде жиһаздың түр-түрін мақала кейіпкері сияқты кәсіпкерлерге жасатып, клиенттерге фабрикада жасалған деп алдап сататындардың барын жасырмады. Ондай жағдайлардан сақтану үшін фабрикада жасалған жиһаздың сапасы жоғары, бұрандалары жасырын, механизмі күрделі болып келетініне мән беру керек. Ал қолдан құралған жиһаздардың сапасы олардан кішкене болса да төмен болады. Сондықтан тиісінше олардың бағасы да көпке қолайлы дегенді түсіндіріп берді.
Ескі жиһазға –
жаңа өмір
Көп жағдайда шеберлерге ескі, тозығы жеткен жиһаздарды жөндеуге тапсырыс беріледі. Ермек мырза мұндай бұйымдарды жөндеуден бұрын толық тазартып, әр бөлігін қайта өңдеуден өткізеді. Бір қарағанда жарамсыз көрінетін жиһаздың кейбірі – 30-40 жыл бұрын жасалған, тіпті жаңаларынан да сапалы дүниелер болып шығады. Мұны көзбен көріп, қолмен ұстап білген кәсіпкер былайша жеткізеді:
– Бұрынғы жиһаздардың паралоны мен қаңқасы өте сапалы. Ал қазіргі жиһаздар сәнді көрінгенімен, сапасы нашарлау. Сондықтан ескі жиһазбен жұмыс істеген анағұрлым жеңіл әрі нәтижесі сапалы болады, – дейді ол.
Бүгінде жаңа жиһаз сатып алу бәріне бірдей оңай емес. Сол себепті адамдар қолда барын сақтап, жаңартуға тырысады. Сонымен қатар, ескі жиһаздарда естеліктер, отбасылық тарих жатады. Сол себепті оларды тастап кету емес, қайта жаңғырту – қазіргі қоғамда да маңызды үрдіске айналып отыр.
Ермек мырза өнерлі, қолынан іс келетін жастарға:
– Жастарға айтарым – үйренуге ұмтылсын. Бұл – өлмейтін, адал кәсіп. Қолыңыздан іс келсе, ешқашан жұмыссыз қалмайсыз. Кәсіпкер болуға әрқашан мүмкіндік бар. Тек ерік-жігерді тастап жібермей, алға ұмтылу керек, – деген үн қатады.
Кәсіпкердің айтуынша, жұмыс барысында ең көп қолданылатын құралдар – компрессор мен пневматикалық пистолет. Күрделі жұмыстарда арнайы станоктың да ұшан-теңіз пайдасы бар. Оларсыз іс алға баспайтын көрінеді.
Еңбектің еленуі –
елдің дамуы
Қарапайым ауыл тұрғынының адал еңбегімен халыққа танылуы – қоғам үшін үлкен жетістік. Ермек мырза мен оның жұбайы кәсібі арқылы ел экономикасына да, экологиясына да үлес қосып отыр. Олар қоқысқа тасталатын ескі жиһазға екінші өмір сыйлап қана қоймай, тұтынушының сеніміне кіріп, шынайы ризашылығын иеленуде.
Осындай азаматтардың тәжірибесі — жастарға бағыт, ал мемлекет үшін — қолдауға тұрарлық әлеует. Егер әр ауылда бір-бір Ермек шықса, елдің даму бағыты еңбекпен нықталар еді.
Кейіпкеріміздің сөзіне қарағанда, кәсіп бастау үшін жоғарыдан бұйрық күтудің қажеті жоқ. Ең бастысы – ынта, ниет және еңбекке деген құрмет қажет. Ермек мырза өзі жөндеген қиын жиһаздың тапсырыс беруші көңілінен шығып, шынайы алғысын білдірген сәті жұмысындағы ең маңызды сәттерінің бірі ретінде бағалайтынын да айтты.
Ермек Омаров пен зайыбы Гүлнар Қаріпжанова – ел ішінде еңбегімен еленген, өнерін адал жұмыстың үлгісіне айналдырған жандар. Олар үшін бұл кәсіп – табыс көзі ғана емес, рухани тыныштық, ұрпаққа үлгі болатын өмір салты.
Мақаланы түйіндер болсақ, ерлі-зайыптылардың кәсібі – елге қызмет ету. Өзгеге жылылық, жайлылық сыйлап қана қоймай, ескі жиһаз қоқысқа тастауға жеткізбей, қайта өңдеп отырған шеберлер тиісінше табиғатты қорғауға да үлес қосуда деп саналады.
Ермек мырзаның әңгімесінен біз қолмен жасалатын еңбектің қадірі, жиһаз жасау мен жөндеудің терең мағынасы бар екенін түсіндік. Бұл – жай ғана кәсіп емес, адамның жанымен, жүрегімен атқаратын іс. Мұндай жандар қоғамның материалдық және рухани негізін сақтап келе жатқан нағыз еңбек ерлері деп айтуға тұрарлық. Кейіпкермен сұхбаттаса отырып жиһаз туралы біраз пайдалы деректерді білдім десе де болады. Еңбегіңіз жансын, Ермек мырза!
P.S. Құрметті оқырман егер ескі жәдігеріңізді жаңартып, өз қалауыңыздағы жайлы жиһаз жасатуды қаласаңыз Ермек мырзамен +7 777 123 74 49 телефон номері арқылы байланыса аласыз.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ