ШОПЫР ДА МАМАНДЫҚ БОЛЫП ПА?

0
34

деп жоғары білім алып, мамандығына көңілі толмай таксист болып жүрген баласын жерден алып – жерге салып ұрысқан ананы көрдім. Қой, қандай қиын жұмыс атқарып жүргенін білмейсіҢ ғой сен! Көлік жүргізу деген саған арба айдау емес. Машина дегенің күрделі техника! – деп оған отағасы басу айтып жатты. Міне, сондай күрделі техниканың яғни машинаның рулінде отырғанына біраз жылдар өткен Баймұқашев Мұхаметқали өз жұмысын мақтан тұтады.

Ағамыз Мұхаметқали Алматы облысы, Іле ауданында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтап, болашаққа үлкен үмітпен қарап, білім жолын жалғастыру мақсатында арман қуып техникумға оқуға түседі. Онда «агрономия» факультетінде білім алып, «агроном» мамандығын игеріп шығады. Дегенмен тағдыр оны басқа салаға бұрып, бүгінге дейін оның тізгіндегені – темір тұлпар болды.
Қазіргі уақытта Мұхаметқали «Көксу жылу су сервисі» коммуналдық мекемесінде арнайы қызмет көлігін жүргізуші ретінде 8 жылдан бері тұрақты жұмыс істейді. Оның күнделікті жұмысы – мекеме жұмысшыларын жұмыс орындарына жеткізу, төтенше жағдай туындаған кезде жылдам әрекет жасау. Бұл – үлкен жауапкершілік пен мұқияттылықты талап ететін жұмыс. «Жүргізуші болу – мен үшін жай ғана күнкөріс көзі емес, бұл – менің жүрек қалауым. Өзімді осы мамандық арқылы таптым десем де болады», – дейді Мұхаметқали. Оның айтуынша, көлік жүргізушісі болу – тек көлік айдау ғана емес, үлкен сенім мен жауапкершілік жүгін арқалау деген сөз.
Ол өзінің жұмысына ерекше ықыласпен қарап, әрбір күнін тың серпінмен, жаңа жауапкершілікпен бастайды. «Бұл мамандықтың өзіндік тұрақтылығы бар. Әлеуметтік жағынан да қолдау көрсетіледі – зейнетақы, медициналық сақтандыру, еңбек демалысы қарастырылған. Бірақ ең бастысы – рульде отырғанда үнемі сергек болу, жолдағылардың қауіпсіздігін сақтау, төтенше жағдайлар кезінде шұғыл әрекет ете білу – бұл жұмыстың негізгі талаптары», – дейді ол. Арнайы қызмет көлігін басқару – ептілік пен тәртіпке негізделген іс. Сондықтан әрбір жолға шығарда сақтық пен мұқияттылықты бірінші орынға қоятынын айтады. Жолда жүріп үнемі ұқыптылықты, жинақылықты басты назарда ұстайды. Оның айтуынша, көлік жүргізу – тек қозғалыс емес, бұл – адам тағдырына жауап беру. «Әрбір шыққан сапарымда рөлде отырғанымда, тек көлікті емес, адамдардың амандығын, олардың уақытын ойлаймын. Сондықтан барынша жауапкершілікпен қарауға тырысамын», – дейді ол.
Күнделікті жұмыс барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Ауа райының қолайсыз сәттері, көктайғақ жолдар, жауын-шашын, түнгі шақыртулар – мұның бәрі жүргізушінің міндетіне кіреді. Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында, жол алыстығына қарамай, өз қызметіне адал болып, кез келген жағдайға дайын жүру – оның басты ұстанымы. Әсіресе төтенше жағдайлар кезінде құбыр жарылуы, апатты жағдайлар орын алғанда көлік жүргізушісі дер кезінде жетіп, қажетті шаралар атқарылуы үшін мекеме жұмысшыларын апат орнына жеткізіп тұруы тиіс. Мұхаметқали Тұқанұлы мұндай кезде де сабырмен, шапшаңдықпен әрекет етуге тырысады.

Оның айтуынша, жүргізуші тек көлік айдаушы емес. Ол – сенім артылған, тәртіпті, жауапты маман. Әрбір шақырту – белгілі бір мекеменің, тіпті кейде бір адамның тағдырына әсер ететін маңызды сәт болуы мүмкін. Сондықтан мұндай сәттерде барынша жинақы болып, міндетін уақытылы әрі сапалы орындау – нағыз кәсіпқой маманның белгісі. Мұхаметқали жолда жүріп, көп қуанышты сәттерге куә болғанын айтады. «Аллаға шүкір, қатты қиналған кездерім бола қойған жоқ. Керісінше, өз жұмысыма риза болып, шабыттанып жүрген күндерім көп болды. Жұмысшылар жұмысқа асыққанда, оларды уақытында жеткізіп, алғысын есту – мен үшін үлкен қуаныш. Бұл – еңбегімнің нәтижесі», – дейді.
Мұхаметқали Тұқанұлы – шыдамдылық пен сабырлылықтың үлгісі. Оның арқасында түрлі жұмыс уақытылы орындалып, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік туып жатады. Ол – өз еңбегін сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген қарапайым еңбек адамы. Бұған дейін де оның еңбек жолы түрлі салалармен байланысты болған. Бір кездері жеке шаруашылықпен де айналысып, қант қызылшасын, соя егіп, одан өнім алған. «Жерге жақсы қарасаң, міндетті түрде жемісін береді. Бұл – менің өмірден түйген қағидам», – дейді жүргізуші. Бұл сөздер оның еңбекке деген көзқарасын, өмірлік ұстанымын айқын білдіреді.
Мұхаметқали ұжымда өте сыйлы. Әріптестері оны тәжірибелі маман ретінде құрметтейді. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуден ешқашан жалыққан емес. Оның ісі нақты, жүрісі байсалды және жұмысына адал. Сол адал еңбегі үшін мекеме басшылығы тарапынан бірнеше рет марапатталған. Алайда, ол үшін ең үлкен марапат – өз мамандығының қадірін түсініп, қоғамға пайда келтіріп жүргені. «Жұмысыңмен елге пайдам тисе – бұл мен үшін үлкен бақыт», – дейді ол.
Көпбалалы шаңырақтың иесі. Жұбайымен бірге төрт баланы тәрбиелеп өсірген, бүгінде алты немеренің ардақты атасы. Ұрпағының әрбір жетістігіне шын жүректен қуанып, олармен мақтанады. «Отбасым – менің өмірдегі ең үлкен байлығым. Балаларым мен немерелерімнің амандығы – менің бақытым», – деп үнемі айтып отырады. Оның айтуынша, мейірім мен түсіністікке негізделген тату отбасы – бақыттың ең үлкен кепілі. Ол өзінің отбасы мен кәсібін – өміріндегі ең маңызды әрі қадірлі байлық санайды.
«Жақсы жүргізуші болу үшін көлік айдауды ғана білу жеткіліксіз. Жол ережесін жақсы білуі керек». Оның өмірлік қағидасының үшіншісі – ол техникасының тілін білу, яғни күрделі бұзылулар болмаса, жеңіл – желпі ақауларды өзің біліп, көріп, шұқылап, жөндей алу – жүргізушіге қойылар талаптың бірі. Астындағы тұлпарыңның жүрісіне құлақ түріп, оның ақауының қай тұста екенің таба білуің – ауруды дәл анықтап, диагнозын қоя білген дәрігердің жұмысымен бірдей. «Бұл тәжірибемен келетін ептілік. Кейде машинасының бензині таусылғанша айдап, матор үніне, алдыдағы техникалық белгілерге қарап назар салмайтын жүргізушілер болады», — дейді. Оның бұл сөздері – жастар үшін маңызды. Бүгінде елімізде әр салада кәсібіне адал, тәртіпке берік, жауапкершілікті сезіне білетін мамандар аса қажет. Мұхаметқали Тұқанұлы – сондай еңбек адамы. Оның өмір жолы – жай ғана жүргізушінің емес, елге адал еңбек ету – нағыз ерлік екенін көрсететін жарқын мысал.
Бүгінде кейбіреулер көлік жүргізуді кәдімгі кәсіп деп санамай, көлігіне елеусіз қарайтындар бар. Алайда Мұхаметқали ағамыздың әңгімесін тыңдай отырып, бұл мамандықтың артында қаншама жауапкершілік пен адам тағдыры жатқанын түсінесің. Бір сөзбен айтқанда, олар темірді емес тағдырды тізгіндеп жүрген жандардың бірі. Жүргізуші болу – жай мамандық емес, бұл – жауапкершілік пен сенімділікке құрылған өмір жолы. Оның әрбір күнгі еңбегі – мекеме жұмысын алға жылжытып, ел тыныштығы мен тәртібіне өз үлесін қосып келеді. Осындай тәжірибелі, тәртіпті, отбасын да, жұмысын да бірдей алып жүрген жандар – жастарға үлгі, қоғамға қажетті тұлғалар. Оның өмір жолы – кез келген адамға еңбектің қадірін түсінуге, өз ісіне жан-тәнімен беріліп еңбек етуге үйретеді.Қысқасы,оның өмір жолы – автокөліктің километірлерінен құралған жол.

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ