БАСПАНЫҢ КӨРІНБЕЙТІН КЕЙІПКЕРЛЕРІ
Газет – таңсәрімен таласып, жаңалық оқитын жұрттың серігі, елдің тыныс-тіршілігін жеткізетін маңызды құрал. Бірақ, әрбір газет нөмірінің артында көзге көрінбейтін, өлшеусіз еңбек барын көбі біле бермейді. Газет баспадан шыққанша беттеуші-дизайнер, баспагер, оператор, қағаз дайындаушы, корректор секілді түрлі мамандардың қолынан өтеді. Ал олардың еңбегі көлеңкеде қалғанымен, бір жапырақ қағаздың оқырманға жетуі үшін білек сыбана еңбек етеді.
Жетісу облысында 1988 жылдан бері тоқтаусыз газет басып, аудандық және облыстық маңызды басылымдарды оқырманға уақытылы жеткізіп келе жатқан «Оффсет» баспаханасы — өңірдегі ақпарат саласының қара шаңырағына айналған. Қарапайым ғана баспахана емес, бұл – мыңдаған тиражбен газет шығарып, ел шежіресін қағаз бетіне түсіріп келе жатқан ұжымдық еңбектің жемісе десе де болады.
Еліміз тәуелсіздігін алған тұста да, Талдықорған қаласы облыс орталығы мәртебесін иеленген тарихи кезеңдерде де осы баспахананың қызметкерлері күні бүгінге дейін кәсіби адалдығымен еңбек етіп келеді. Олардың арасында 40 жылға жуық еңбек өтілі бар аға буын мамандар да, 30 жылдан астам уақыт табан аудармай қызмет етіп келе жатқан орта буын қызметкерлер де бар.
2000 жылдардың басында Индиядан – дәл сол кезеңде сирек саналған – түсті газет шығаратын заманауи станоктар жеткізілген кезде, оны алғашқылардың бірі болып меңгерген де осы «Оффсет» ұжымының майталмандары болатын. Облыс көлемінде алғаш болып техниканы жетік меңгеріп, жұмыс барысын автоматтандыруға үлес қосқан олар бүгінде де сол станоктарды еш қиындықсыз басқарып, кез келген ақауын өз қолдарымен қалпына келтіріп келеді.
Айта кетерлігі, бұл ұжымда жұмыс «сен істейсің» немесе «мен істеймін» деп бөлінбейді. Олар – бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұжымдық жауапкершілікпен еңбек ететін жандар. Бірі – беттейтін, бірі – басатын, енді бірі – таралымын есептеп, оқырманға уақытылы жеткізуге атсалысады. Бүгінгі күнге дейін олар 5 мың, 10 мың, 20 мың, тіпті 50 мың тиражбен талай газетті жарыққа шығарған. Осы еңбектің арқасында облыс халқы ақпаратпен үздіксіз қамтылып отыр. Бұл – өңір журналистикасының тынысын ашып отырған бейбіт еңбектің бір көрінісі.
Сондықтан БАҚ қызметкер-лерінің кәсіби мерекесі қарсаңында, өңірдегі баспасөздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан «Оффсет» баспаханасының адал еңбеккерлері туралы қалам тербемеу – біз үшін үлкен ағаттық болар еді. Олардың тынымсыз тірлігі, маңдай терімен келген кәсіби табандылығы – шын мәніндегі еңбек ерлігі деп санаймыз.
«31 ЖЫЛДА ӘРІПТЕСТЕРІМ ОТБАСЫМА АЙНАЛДЫ»
Ерлан Нұрмұханбетұлының «Алматы-Болашақ» типографиясында қызмет еткеніне биыл 31 жыл болыпты. 25 жастағы бозбала 1994 жылы бұл ғимаратқа алғаш қадам басқаннан, дәл бүгінге дейін немере өсірген ата болса да қызметін адал атқарып келеді. Ал бұл қызметке Ерлан кездейсоқ келген көрінеді.
– Бастапқыда аккумуляторный заводта жұмыс істеп жүргенімде, жолдас бала типографияға жұмысқа келсеңші деп қолқа салды. Содан не керек 1 ай бойы екі жұмыс орнында қатар қызметте болдым. Типографияда сейсенбі және бейсенбі күндері газет шығаратын уақытта барсам, қалған күндері заводта жүрдім. Бірақ, олай жұмыс жасау ауыр болып кетті. Нақты 94 жылдың тамыз айынан бері типографияның жұмысына араластым, — дейді кейіпкеріміз.
«Кеше ғана жұмысым басталғандай еді, енді қарасаң, өмірімнің жартысына жуығы типографиямен тығыз байланысты» деген аға баспагер 2000 жылдары типографияда басылатын газет саны өте көп болғанын айтады. 12 ауданның газеті қазақ, орыс тілдерінде жеке 24 газет ретінде, ал жарнамалық, қалалық, облыстық 10-а жуық газет те екі күнде шыққанын, оның сол кезеңдерде қандай еңбекпен жасалатынын айтып, ағынан жарылды. Баспа бойынша жұмысшылардың да қызметі қиын болған дейді Ерлан Шомбалов.
– Кешкі 4-те жұмысымыз басталып, түнгі 3-4 ке дейін газет басатынбыз. Келгеннен станоктардың сынып тұрған бөліктерін жасап, әр газетке есептеп рулонмен қағаздарға тапсырыс беретінбіз. Одан бөлек, бояу, пластиналарды складтан алып қоятынбыз. 6-дан ары қарай газет келгенде нағыз қызу жұмыс басталатын. Қатарымызда он екі қыз бен бес ер азамат жұмыс жасадық. Бүгінгідей ПДФ нұсқа, CTP сияқты құрылғылар жоқ. Техниканың дәуірі басталмаған, барлығын қолмен теріп, лапсанға салып, оның сапасы нашар болғасын пленкаға шығарып, пластинкаларға салатынбыз, — дейді.
Ерлан Шомбалов индустриялды техникумды бітірген сәтте алғашқы арманы еңбек пәнінен ұстаздық ету немесе механик болғысы келген. Ал типографияда ол кісі аға баспагер ретінде жұмыс істейді. Төменгі қабаттағы қос станоктың біреуінде облыстық газеттердің шығуына ықпал етеді.
Ерлан мырза әңгіме барысында, жоғарыда айтылғандарға байланысты есінде қалған қызық естелігімен де бөлісті. Айтуынша, жұмыс барысында көп демалысқа шықпайтын көрінеді. Бар маңызды жұмысты Нұрахмет Бексейітовпен қатар жасап жүріп, маңайындағы қосалқы жұмыстарды жасаушыларға «үйреніп қарап жүріңдер» деп айтады екен. Сондай бір күндері Ерлан мырза демалыс алып, ал Нұрахмет болса ауырып жұмысқа шыға алмаған кезде, «Қонақ шақырып, қой сойып жатқанда жұмыстан хабарласты. Демалыстамын ғой деп телефон көтермей қойдым. Сөйтсем, біраз уақыттан кейін үйіме машинамен іздеп келіпті. Тығылып үлегерейін десем, «көріп қойдық, газет шығаруға көмектесші. Тек қарап тұрсаң болды. Барлығын өзіміз жасаймыз» деп өтінді. Содан не керек жұмысқа барып қалсам, алдымда үйілген қағаз жатыр. Оны көріп, өзім де шошып кеттім. Барлық шыққан газеттен қате кеткен екен. Сонда күліп «Ылғи айтқан кезде қарап жүру керек еді. Осындай істің боларын білдік қой» дегенді айттым», – деп жұмыста осы секілді қызықтар бұрын болғанын, қазір қатенің кетпейтінін де түртіп қалды.
БАСПАГЕРДІҢ БІР КҮНІ
Баспасөз – ақпарат құралы ғана емес, ол – тұтас бір өндірістік тізбектің нәтижесі. Газет оқырманға дайын күйде жеткенше, оның артында қаншама маманның тынымсыз еңбегі тұрады. Соның ішінде баспагердің атқарар рөлі ерекше. Бұл – газет жарыққа шықпас бұрын өтетін ең соңғы, бірақ аса жауапты кезең. Осы салада талай жылдық (30 жылдан аса) тәжірибесі бар Нұрахмет баспагердің әр күні техникалық тексеріспен басталатын көрінеді.
– Алдымен машинаның техникалық жағдайына көз жеткіземіз. Қай бөлшекте ақау бар, бояу жеткілікті ме, қағаз дұрыс салынған ба – барлығы мұқият тексеріледі. Бұл кезең өте маңызды. Себебі кейінгі процестерде кеткен қателік – бүкіл газетті бүлдіруі мүмкін, — дейді ол.
Тексерістен соң басу жұмысы басталады. Макет пластинаға көшіріліп, бояу дайындалады, пластинкалар машинаға орнатылып, нақты басу үдерісі іске қосылады. Ал газеттің дайын нұсқасы компьютерге келгенде Нұрахмет Бексейітовтың жұмысы қызады. Ол барлық келген газеттердің макетін жасап, СТP атты құрылғыға салып, пластинкаларды жасайды. Сонымен қатар, газеттердің кезекші редакторларымен байланыс жасап, қате не болмаса газеттің бояуы бір қалыпта сақталуына жауап береді.
– Макет дайын болған соң, оны нақты газет етіп басып шығару – менің қолымнан өтеді. Баспаханада офсет машиналарын басқарамын, формаларды орнатамын, бояудың сапасын тексеремін. Бір сөзбен айтқанда, газет бетіне түсер бояудың әр тамшысы – менің бақылауымда. Осы 31 жылдық еңбек еткен аралықта жұмыстың қызығы мен шыжығын да тең көрдік қой. Қазір техника дамығандықтан автоматты құрылғыларға жұмысты сеніп тапсырамыз ғой. Ал осыдан 25-30 жыл бұрын бір газетті басуда барлығымыз мызғымай жұмыс жасайтынбыз. Тіпті таралымы көп газеттерді 2-3 бөліп шығарып, 4 рулонға дейін жұмсайтынбыз, — дегенді айтты қызметкер.
Баспагер Нұрахмет газет басу процесінің нақты 6 кезеңін түсіндірді. Макетті қабылдау, CTP құрылғымен макетті пластинаға түсіру, бояу мен қағазды дайындау, газет парақтары басылып шыққан соң ретіне сай кесу, бүктеу, ораудан өтіп, дайын өнім пішімге келтіріліп, жеткізуге әзірленеді.
– Әр кезең – бір-бірімен тығыз байланысты, әрі өте маңызды. Бір жерден қателік кетсе, оның соңы мыңдаған дананың жарамсыз болуына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан мұқияттылық пен дәлдік – баспагердің басты қағидасы, – дейді ол.
Сонымен қатар, жоғарыда айтқандай, алдын ала саналған материалдардын қате шығып, бояу құйылатын, беттің дұрыс салынбайтын кездерінде жұмысшылар шығын үшін сөгіс алған уақыттың да болғанын айтады жұмысшылар. Талай жылдық еңбектің нәтижесінде олар бүгінде ондай үлкен қаталерді мүлде жасамайтын көрінеді.
АЛҒАШҚЫ ПРАКТИКАДАН ТҰРАҚТЫ ҚЫЗМЕТКЕ ДЕЙІН
Баспахана – сырт көзге байқала бермейтін, алайда кітап пен журналдың өмірге келуін қамтамасыз ететін аса маңызды орын. Сол тыныштықта тынымсыз еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Рүстем Асқарұлы. Ол 2003 жылдан бері осы типографияда тапжылмай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі баспагер.
«Алғашқы практика да, алғашқы жұмыс та осы типографияда басталды», – дейді кейіпкеріміз. Мектепті тәмамдағаннан кейін Рүстем мырза бастапқыда Теміржол академиясына оқуға түспекші болған. Алайда тағдыр жолы басқа арнаға бұрып, ол Полиграфиялық колледжге «Баспагер» мамандығы бойынша оқуға түскен. Бұл таңдаудан еш өкінбегенін ол бүгін үлкен мақтанышпен айтады.
– Бұл жұмыс сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, мұнда үлкен жауапкершілік жатыр. Қағаз дұрыс дайындалмаса, бояу біркелкі түспейді. Кей беттер ашық қалып, оқуға жарамсыз болмау үшін барлығына қатты мән береміз. Дәл бүгінге дейін шыққан талай кітапта баспагер ретінде менің есімім қатар жүргеніне қуанамын. Ол менің еңбегімді насихаттайды, – дейді ол.
Рүстем Асқарұлы күн сайын типографиядағы қағазды қажетті өлшемге келтіріп, баспаға дайындайды. Қағаз станогына дұрыс орнатылып, бояудың мөлшері мен сапасы мұқият тексеріледі. Сонымен қатар, ол операторларға техникалық көмек көрсетіп, бүкіл процестің бірқалыпты жүруіне атсалысады.
Сондай-ақ, мақалада аты аталған жандардан бөлек Болат Ержанов, Асқар Ержанов, Руслан Стамшалов, Әсет Наурызбаевтар да баспа ісінде қалтқысыз қызмет етіп, адал еңбекпен отбасын асырап жүрген қызметкерлер. Бұл кісілерсіз облыстағы газет ісінің ақсап қалары сөзсіз.
Тілші түйіні: Баспасөз қоғам айнасы десек, сол айнаны тап-таза күйінде ұстап тұру журналист пен баспахана мамандарының ортақ еңбегі. Жазу үстелінен басталған жол баспа цехында жалғасып, ақырында оқырманның қолына жеткенге дейін үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
Осы жауапты міндетті адал атқарып келе жатқан баспахана шеберлері бүгінгі медиа майданының үнсіз қаһармандары. Ал 1999 жылдан бері баспахананы дамытып, жұмысты тоқтатпай жалғастыра беруге Бақберген Түкібаевтай басшының біліктілігі әсер етті. Оның басшылығымен қызметкерлер бүгінге дейін бірде-бір техникалық ақаусыз жұмыс істеп, газеттерді дер кезінде оқырманға жеткізіп келеді. Баспа саласының көзге көріне бермейтін, бірақ аса маңызды тұстарын мінсіз атқарып жүрген бұл ұжым — бүгінгі БАҚ әлемінің тыныс-тіршілігіне елеулі үлес қосып отырған нағыз кәсіби команда. Тиражы азайып, ақпарат құралы түрленіп жатқан заманда олар басылымдардың үздіксіз жарық көруін қамтамасыз етіп келеді.
Баспасөз мерекесі тек қалам ұстаған тілшілер мен редакторларға ғана емес, олардың сөзін газетке түсіріп, халыққа жеткізетін типография қызметкерлеріне де ортақ. БАҚ деп аталатын рухани шамшырақтың жарығы сөнбеуі үшін қажырлы еңбек етіп жүрген барлық әріптестерге алғыс білдіреміз. Мерекелеріңізбен!
Гүлнұр БАЙМҰХАН