ТУРИЗМДІ ҚАЛАЙ ДАМЫТАМЫЗ?

0
23

Жетісу — аты аңызға айналған өлке. Тек аты емес, табиғаты мен тарихы да ешбір елден кем емес. Балқаш пен Алакөл, Бұрхан-Бұлақ, Жоңғар Алатауы, Алтын-Емел, Айқайқұм… Бұл атаулар бір қарағанда тек географияны білдірсе, шын мәнінде олар, туризмнің алтын қазынасы. Бірақ осы байлықты біз әлі күнге дейін экономикаға айналдыра алмай келеміз. Жуырда облысымызда «Жетісудың жеті кереметі» деген жақсы жоба пайда болды. Сол жоба қалай іске асырылып жатыр деген сұраққа «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығының басшысы Нуриев Жандос Маликұлынан сұраған едік, жауап біз күткендей болды.

Басшының айтуынша, «Жетісу туризмі жыл сайын қарқын алып келеді. Әсіресе экологиялық, жағажай, мәдени және тау туризмінің болашағы зор. 2022 жылдан бері БАҚ өкілдері мен турсала мамандарына арналған ақпараттық турлар, таныстырылымдар, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді», — дейді ол. Журналист ретінде қойылған сауалдарға да жеңіл әрі жұмсақ жауап берді.
1. Жетісудың жеті кереметін қалай көреміз?
2. Неге туристік бюролар аз?
3. Алдағы жоспар қандай?
«Бұл жоба – өңірдің туристік брендингін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл тізімге өңірдегі ең тартымды жеті орын – Алакөл, Балқаш, Алтын-Емел, Жоңғар Алатауы, Текелі, Бұрхан-Бұлақ және Қапал енгізілген. Алайда, әзірге бұл жоба көбіне бейнероликтер мен әлеуметтік желідегі контент түрінде таныстырылып жатыр. Жоба аясында дайындалған бейнероликтерді біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан көре аласыздар: (@visitzhetysu).
Туристік ақпарат орталықтары елімізде жаңа қалыптасып келе жатқан құрылым. Мұндай бюролар тек шетелдік туристерге емес, жергілікті халыққа да бағыт-бағдар ұсынатын маңызды орын болуы тиіс. Бірақ көп өңірлерде бұл құрылым не мүлде жоқ, не формалды түрде ғана жұмыс істейді. Жетісудағы жалғыз орталық «Visit Zhetysu» өз мүмкіндігінше ақпараттық турлар, кеңес беру, бағыт әзірлеу сияқты жұмыстарды атқарып отыр. Дегенмен бұған мемлекет тарапынан жүйелі қолдау қажет.
2025 жылға «Visit Zhetysu» бірқатар жобаларды қолға алып отыр. Мәселен, Балқаш көлі бағыты бойынша жаңартылған жолды көрсету мақсатында арнайы пресс-тур ұйымдастырылған. Сонымен қатар, су туризмі мен балық аулау бағытында арнайы іс-шаралар өтеді. Жаңа маршруттар, жаңғырған инфрақұрылым, ішкі туризмге серпін беретін жобалар іске қосылады. Бірақ орталық бұл жұмыстардың ауқымы кеңеюі үшін мемлекеттің саяси қолдауы мен нақты қаржыландыруы қажет екенін де ашық айтып отыр», — деді Жандос Нуриев.
Алакөлден Қапалға дейінгі танымал орындарды біріктірген бұл бастама, өкінішке қарай, әзірге тек әлеуметтік желідегі бейнероликтер мен контент деңгейінен әрі аспай тұр. Туристік маршрут па? Турпакет пе? Жоқ. Қазірше, «біз парақшамыздан көре аласыздар» дегеннен ары нақты ұсыныс жасалмай отыр. Демек, идея бар, бірақ өнім жоқ.
Сондай-ақ, туристік ақпараттық орталықтардың ел бойынша әлі де жолға қойылмағанын мойындай отырып, Нұриев мырза Жетісудағы жалғыз орталық – «Visit Zhetysu»-дың қолда бар мүмкіндіктермен ақпарат тарату, бағыт әзірлеу сияқты жұмыстар атқарып жатқанын алға тартты. Алайда, бұл – тек ресми жауаптың аясынан шықпайтын, нақты ахуалды жасыратын тұсы болуы да мүмкін. Бір ғана орталықпен облыс көлеміндегі ауқымды туризмді дамыту мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес.

ЖОСПАР БАР,
НӘТИЖЕ ӘЗІРГЕ – ҮМІТ

2025 жылға жоспарланған жобалар бар екені айтылды – пресс-турлар, су туризмі, жаңа бағыттар… Бірақ бұл жоспарлар көпжылдық есептер мен конференциялардан таныс болып кеткен шеңберде қалып қоймауы керек. Себебі Балқашқа баратын жолды көрсетумен мәселе шешілмейді – ол жолмен кім барады, не көреді, қандай қызмет алады – сол маңызды. Мұндай істер тек инфрақұрылыммен емес, тұтас индустриямен, саяси ерік пен нақты инвестициямен жүзеге асады.
Нұриев мырза мемлекеттің қолдауы қажет екенін баса айтты. Бұл – мәселенің түп-тамыры да осында. Демек, мәселе бір ғана орталықтың мойнында емес, туризмді тұтас ел көлемінде дамытуға жүйелі түрде қарамаған мемлекеттік деңгейде. Бірақ дәл осы себеппен, «Visit Zhetysu»-ға бар кінәні аударуға да болмайды. Олар барын жасап отыр, бірақ бәрі мемлекеттің үнсіздігіне тіреледі.

БЮРО БАР, БІРАҚ БІРЕУ-АҚ

Туристік бюро деген ұғым бізде әлі толық қалыптасқан жоқ. Еуропада, мәселен, кез келген шағын ауылда туристік ақпарат орталығы болады. Ол жерден карта алуға, бағыт сұрауға, қонақүй табуға болады. Тіпті гид те сонда отырады. Ал бізде туристік ақпарат орталықтары тек атау ретінде ғана бар.
«Балам лагерьден жылап келді». Бұл — Талдықорған қаласының тұрғыны, үш баланың анасы, Айгүл Бекжанқызының сөзі. Ол баласын жаздық демалысқа қала маңындағы мемлекеттік лагерьге жіберген. Бір аптадан соң үйге көңілсіз, суық қабақпен оралған баласының ауызынан естіген сөздер ата-ананың жүрегіне ауыр тиген.
«Балалар күні бойы бір рәсімді қайталайды. Телефонмен отыруға рұқсат жоқ, қала ішіндегі парк пен киноларға апарғаны болмаса аса бір белсенді саяхатта жоқ. Лагерь емес, интернат сияқты…» – дейді Айгүл.
Осы оқиғадан кейін ол әлеуметтік желіде шағым жазып, бір қарапайым, бірақ нақты сұрақ қойған:
«Неге бізде туристік лагерьлер жоқ? Неге балаларға табиғатты таныстырып, саяхатпен дамытатын орталықтар жұмыс істемейді?»
Бұл сұраққа жауап іздеу жай ғана жеке бір ата-ананың ренішін тыңдау емес. Бұл мемлекеттік деңгейде қалыптасқан жүйеге назар аудару. Расымен де, Талдықорған — табиғаттың ортасында тұрған қала. Айналасында туристік бағыттар жетіп артылады. Бірақ балалар үшін арнайы ұйымдастырылған туристік, экологиялық лагерьлер жоқ.
Шетел тәжірибесіне көз салсақ, көптеген елдерде жазғы лагерь дегеніміз, тек демалыс емес, оқу мен саяхаттың үйлескен ортасы. Мәселен, Словенияда балалар үшін табиғатта өтетін геоэкспедициялар ұйымдастырылады. Финляндияда әр оқушы жаз бойы бір рет орман лагерьіне барып, экологиялық сауат ашып қайтады. Түркияда тіпті туристік лагерьлер коммерциялық емес негізде мемлекет есебінен қаржыландырылады, себебі олар білім мен туризмді қатар дамытудың тиімді тәсілі екенін жақсы ұғынған.
Ал бізде ше? Жазғы демалыс лагерлері көбіне ескі ғимараттарда, тар шеңберде, 90-жылдардағы сценариймен өтеді. Қызығушылық жоқ, бағдарлама әлсіз, жетекшілердің ынтасы төмен. Балаларға жадында қалатын бірде-бір сәт жоқ.
Мұның бір себебі туристік бюролар мен арнайы орталықтардың болмауы. Егер әр аудан не қалада «Visit» форматында тек қонақтар үшін емес, балалар мен жасөспірімдерге арналған бағыттар жасайтын орталықтар болса, жағдай өзгерер еді. Балаларды өз өлкесінің табиғатымен, мәдениетімен таныстыратын жазғы турпакеттер ұсынылса, олардың ой-санасы кеңейіп, танымы тереңдер еді.
Бүгінде Vizit Zhetysu секілді орталықтар бар, бірақ олардың да мүмкіндігі шектеулі. Туризм саласына мемлекеттің қаржылай қолдауы мардымсыз. Бәрі имидждік жобалар мен бір реттік іс-шаралар төңірегінде ғана. Ал балаларға арналған нақты турлар, демалыс бағдарламалары, лагерлік маршруттар жасалмаған.
Айгүл секілді ата-аналардың сауалы, жай ғана реніш емес. Бұл ел болашағына алаңдаушылық білдірген дабыл. Баланы жалықтырмайтын, шабыттандыратын жаз керек. Лагерь тек бақылау мен ұйқы орны емес, есте қаларлық саяхат пен табиғатпен достасу орны болуы тиіс. Бұл үшін — жүйе керек. Ал жүйе қалыптаспай, баланың жылаған демалысы жалғаса береді.

АЙҚАЙҚҰМҒА АПАРАР ЖОЛ ҚАЙДА

Айқайқұм — әлемде сирек кездесетін акустикалық құмды алқап. Ол дыбыс шығарады. Бұл құбылысты көру үшін туристер өзге елдерде мыңдаған доллар жұмсап, шөлді кесіп өтеді. Бірақ бізге бұған барып-қайту әлі күнге мұң. Биылғы көктемде бұл бағыттағы сапарлар кейінге қалдырылды. Мұның негізгі себептері ретінде жолдардың жағдайы, табиғи тосқауылдар, жаңбырлы маусым және инфрақұрылымның жеткіліксіздігі айтылып отыр.
«Visit Zhetysu» өкілдерінің айтуынша, бұл жағдайлар алдын ала ескеріліп, қауіпсіздік пен сапалы қызмет көрсету үшін уақытша тоқтатылған.
Бұл жай ғана ауа райының емес, жүйелі көзқарастың жоқтығының көрінісі. Егер Айқайқұм Францияда не Жапонияда болса, сол құм үшін бөлек теміржол салып, дербес турпакет жасап, халықаралық брендке айналдырар еді. Ал бізде тек видео түсірумен, бір реттік пресс-тур өткізумен шектеліп отырмыз.

«ЖЕТІСУДЫҢ ЖЕТІ КЕРЕМЕТІ» — ТУРӨНІМ БОЛУҒА ТИІС

Аталған жоба — Жетісу табиғатын насихаттаудың қызықты формасы. Қазақ халқы үшін киелі жеті саны мен жеті кереметті біріктіре отырып, өңірдің туристік символикасын қалыптастыру – дұрыс қадам. Бірақ бұл бастама да тек имидждік деңгейде қалып қойып отыр.
Бүгінгі күні осы жеті кереметті қамтитын нақты турпакет жоқ. Инфрақұрылым жүйеленбеген. Алакөлге бөлек, Балқашқа бөлек, Жоңғар Алатауына бөлек баруға тура келеді. Жергілікті туроператорлар бұл бағытта жұмыс істегісі келеді, бірақ логистика, субсидия, мемлекеттік қолдау жоқ.
Ал шетелде, мысалы, Исландиядағы Golden Circle – үш туристік нысанды біріктіріп, күніне бірнеше рет автобустар жүретін, нақты бағдарлама мен өнімге айналған маршрут. Бізге де дәл осы тәсіл қажет, тек жарнама емес, нақты туристік өнім ұсыну керек.

ТУРИЗМНІҢ ДАМУЫНА НЕ ҮШІН МҰҚТАЖБЫЗ?

Туризм – жай ғана тур емес. Бұл – экономика, жұмыс орны, кіріс. Грузия, Черногория, Түркия, Чехия сынды елдер ішкі туризмді мемлекеттік деңгейде стратегиялық бағыт ретінде дамытып отыр. Жыл сайын туризмнен түсетін табыс ұлттық кірістің 10-15 пайызын құрап отыр.
Бізде ше? Туризм туралы есеп бар, уәде бар, жоспар бар. Бірақ нәтиже ше? Сұрақ көп. «Vizit Zhetysu» орталығы сияқты жергілікті деңгейде жұмыс істеп жатыр, бірақ ұлттық деңгейде жүйе жоқ. Туризм министрлігі атаулы, бірақ нақты функция мен ықпалы әлсіз. Жүйе болмаған соң, жергілікті бастамалар тұншығады, ал туристік ұйымдар тек есеп беру үшін ғана өмір сүретіндей көрінеді.

ҮКІМЕТ ҚИМЫЛДАМАЙ ЖЕТІСУ ДАМЫМАЙДЫ

Біз бүгін тек Vizit Zhetysu-ды сынап немесе бір мекемеге жауапкершілік арту арқылы мәселені шеше алмаймыз. Олар өздеріне жүктелген міндетті орындап отыр. Ақпарат тарату, насихат жасау, жергілікті маршруттарды танымал ету бұның бәрі орындалып жатыр. Бірақ бұл – жалғыз ұйымның шамасы жететін жұмыс емес. Туризмді жүйелі дамыту үшін:
– мемлекеттік деңгейде саяси қолдау керек;
– инфрақұрылымға нақты инвестиция қажет;
– туристік өнімді емес, PR-ды қаржыландыруды тоқтату қажет.
Vizit Zhetysu сияқты орталықтар осы саланың алдыңғы шебінде жүргендер. Бірақ оларды қолдау үшін мемлекет нақты жоба жасап, туристік бюроларды кеңейтіп, саланы толыққанды индустрияға айналдыруы тиіс.
Бізде табиғат дайын. Тек соған лайық саясат пен жауапкершілік керек. Әйтпесе, тағы да бір керемет бейнеролик көріп, «шіркін, табиғатымыз қандай әдемі» деп қана қойып отыра береміз…
P.S. «Visit Zhetysu» орталығының берген жауабы үшін алғыс айтқанымызбен, бұл жолы ата-аналардың көкейіндегі нақты сұрақтарға толыққанды жауап ести алмадық. Балаларға арналған туристік, экологиялық лагерьлердің жоқтығы, жазғы демалыстың қызықсыз өтуі, бүгінгі қоғамның шынайы мәселесі. Ал бізге ұсынылған жауаптар көбіне болашақ жоспарлар мен PR-на бағытталған дүниелерге тіреліп тұр. «Ауылдан шықпағанның ойы ауласынан аспайды» демекші, баланың да танымы тек мектеп пен лагерьдің төрт қабырғасымен шектеліп қалмауы керек. Бұл тек туризм саласының емес, ел болашағына жауапты мемлекеттік көзқарастың сын-тезі. Бала жыламайтын, шабыттанатын жаз қажет. Ол үшін жарнамалық бейнеролик емес, нақты іс пен жүйелі өнім қажет. Келесі жолы нақты жауаптар мен нақты өзгерістердің боларына сенгіміз келеді.

Мұрат КҮМІСБЕК


ПІКІР ЖАЗУ