ГАЗЕТ – ЕЛДІҢ АЙНАСЫ

0
21

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай қажет. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды», – деп Ахмет Байтұрсынұлы бекер айтпаса керек. Бұл – ХХ ғасырдың басында айтылса да, маңызын әлі күнге жоғалтпаған шындық. Газет – жай ғана ақпарат құралы емес, ол – қоғамның шынайы келбеті мен ертеңгі тарихы.

Газет   шығарудың  өзі – бір үлкен шығармашылық процесс. Оның әр жолы үлкен жауапкершілікпен, шынайылықпен жазылады. Жаңалық жинау, мақаланы жазу, редакциялау, беттеу – бәрі үйлесім тапқанда  ғана қолымызға газет болып жетеді. Әр газеттің өз бет-бейнесі, стилі, дизайны болады. Осындай өзіндік ерекшелігімен көзге түсетін басылымдардың бірі – Жетісу облысы, Көксу ауданында жарық көретін «Нұрлы Көксу» газеті.
ГАЗЕТ ТАРИХЫНА ҮҢІЛСЕК…
Көксу өңірінің шежіресіне айналған «Нұрлы Көксу» газетінің тарихы тереңде жатыр. Басылымның алғашқы саны 1945 жылдың маусым айында жарық көрген. Бұл – ел Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабынан енді ес жия бастаған кезең еді. Осындай ауыр шақта жарық көрген газет халықтың рухын көтеріп,  ел ішіндегі жаңалықтарды жеткізіп, ағартушылық миссия атқарды.
Газет өзінің ұзақ жолында бірнеше рет атауын өзгерткен. Алғашында «Кировшы» деп басталып, кейіннен «Кировец», «Еңбек туы», «Знамя труда», «Шаған шұғыласы», «Шаганские зари», «Көксу таңы» деген атаулармен жарық көріп отырды. Уақыт талабы мен тарихи өзгерістерге сай газет 2010 жылдан бастап «Нұрлы Көксу» деген атаумен тұрақты шыға бастады. Атауы өзгергенімен, басты мақсаты – халыққа адал қызмет ету, ел ішіндегі маңызды мәселелерді көрсету, жақсылықты насихаттау – сол күйінде қалды.
Бүгінде бұл басылым мыңнан астам таралыммен шығатын, өз үні, өз бағыты, тұрақты оқырманы бар аудандық маңызды газетке айналды. Оның беттерінен тек ресми жаңалықтар ғана емес, қарапайым халықтың тіршілігі, жастардың жетістігі, ауылдағы жақсы өзгерістер, мәдени шаралар мен әлеуметтік мәселелер де кең көрініс табады. Бұл – редакция ұжымының тынымсыз ізденісінің нәтижесі.
МАЗМҰН МЕН МӘН
Кез келген газеттің алғашқы әсері – оның бет-бейнесі, яғни дизайны. Дизайн – оқырманды өзіне тартатын, ақпаратты жеңіл қабылдауға көмектесетін маңызды фактор. «Нұрлы Көксу» газетінің дизайны аса күрделі болмаса да, өзіндік ұлттық нақышқа ие. Әсіресе газеттің әр бетінен көрінетін қазақы оюлар мен ұлттық элементтер – басылымның өзіндік стилін қалыптастырған. Бұл – елдің дәстүрін, мәдениетін құрметтейтін көзқарастың көрінісі.
Газет аптасына бір рет жарық көргенімен, ақпаратты уақытында жеткізу – басты қағидаларының бірі. Сондықтан да өз сайты арқылы аудан жаңалықтарын, жедел ақпараттарды жариялап отырады. Оқырман сайттан қажетті мәліметін алып, кейін газет бетінен толықтырылған, сарапталған кең ауқымды материалдарды оқи алады. Бұл – дәстүрлі баспасөз бен заманауи медиа мүмкіндіктерінің үйлесімі.
Қазіргідей ақпарат тасқыны үдеп тұрған заманда шынайы, сенімді, сарапталған ақпараттың орны бұрынғыдан да арта түсті. Осы орайда газет өзінің миссиясынан айырылған жоқ. Әсіресе өңірлік басылымдардың маңызы зор. Себебі олар – жергілікті халықтың жанашыры, аймақтың күнделікті шежіресін жазушы, ел мен билік арасындағы алтын көпір.
«Нұрлы Көксу» – Көксу жұртшылығының көзайымына айналған, жылдар бойы сенім мен адалдықтың жолынан таймаған басылым. Ол – елдің өткені мен бүгіні арасын жалғап тұрған рухани көпір, ақпарат алаңы ғана емес, халықтың жан дүниесін түсіне алатын шынайы серігі.
Алайда осындай маңызды рөл атқарып отырған аудандық басылымдардың ішінде де шешуді қажет ететін өзекті мәселелер бар. Соның бірі – кадр тапшылығы. Бұл жағдай тек бір ауданға ғана тән емес, жалпы өңірлік журналистикаға ортақ мәселе. Бұл туралы «Нұрлы Көксу» газетінің жас тілшісі Аружан өз пікірін білдіріп, кадр тапшылығының нақты себептерін атап өтті: «Біріншіден, кадр тапшылығы – төмен жалақыдан басталады. Аудандық газеттердегі еңбекақы – жас маман түгілі, тәжірибелі журналисті де ұстап тұра алмайды. Жазу, өңдеу, фото-видео, әлеуметтік желі – бәрін бір адам істейді, алайда соған сай ақы ала алмайды.
Екіншіден, жүктеме көп. Көп редакцияларда штат аз, бірақ міндет көп. Журналист тек мақала жазумен шектелмейді – контент жасап, сайт жүргізіп, әлеуметтік желіде жұмыс істеп, кейде есеп те береді.
Үшіншіден, мамандар қалаға кетіп қалады. Ауыл-аймаққа келген жас журналист тәжірибе жинай сала облыс орталығына немесе жеке медиаға ауысады – өйткені мүмкіндігі, табысы молырақ.
Төртіншіден, баспасөздің беделі де бұрынғыдай емес. Қазір блогерлік пен TikTok дәуірінде дәстүрлі газетке деген қызығушылық төмендеген. Бұл да жастарды қызықтырмайды. Сондықтан кадр тапшылығы бар деп ойлаймын», – дейді                       Аружан.
Сондай-ақ, ол қазіргі журналистерге не жетіспейтіні туралы да пікірін білдірді: «Бүгінгі журналистке ең алдымен кәсіби шыңдалу мүмкіндігі жетіспейді. Өңірде журналистерге арналған курстар, семинарлар өте сирек ұйымдастырылады. Көпшілігі өз бетімен үйреніп жүр. Қоғамдық қолдау да әлсіз. Журналистің сөзіне мән берілмейтіндей жағдайлар көп – бұл да мотивацияны түсіреді. Ал шығармашылық еркіндікке келсек, әкімшілікке тәуелді редакциялар кейде цензураға ұшырайды. Бұл – еркін ойды тежейтін кедергі. Қорытындылай келгенде, аудандық журналистика – үлкен еңбек. Бірақ, өкінішке қарай, оған лайықты қолдау мен жағдай жасалмай отыр. Жас кадрлардың келуі үшін – оларға мүмкіндік, сенім және дұрыс орта қажет», – деп қорытындылады журналист.
Бұл айтылған пікірлер – сала ішінде жүрген маманның шынайы көзқарасы. Журналистиканың болашағы жастардың ынта-жігеріне ғана емес, сонымен қатар оларға жасалатын нақты қолдауға байланысты.
Журналист болу – әрбір сөзге, әрбір сөйлемге жауапкершілікпен қарау деген сөз. Сондықтан да 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні – барша журналистер қауымы үшін маңызды күн. Осы атаулы күнде барша қалам ұстаған журналистерді, шығармашылық иелерін шын жүректен құттықтаймыз! Елге қызмет еткен еңбектеріңіз елене берсін, қаламдарыңыз ұштала берсін!
Зарина БЫЖЫБЕК

ПІКІР ЖАЗУ