ДӘРІНІҢ АНАЛОГЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Аурудан ем іздеп барған жанның қолына дәрігер бір бума дәрінің тізімін ұстататынын білеміз. Өзіміз де барып, байқап келеміз. Ал ол тізімде жазылған препараттардың бағасы кейде адамның айлық табысымен теңесіп жатады. Ең сорақысы – сол дәрілердің арзан, бірақ тиімді баламалары барын науқас көбіне білмейді. Себебі, оған ешкім айтпайды. Науқас жандар оның бар екенін халық аузынан естіп, «шынымен емдеуге тиімді екен» — деп айтып та жүр.
– Жұмыс кезінде баспалдақтан құлап, өкше сүйегім 3 бөлікке сынып кеткен болатын. Алдымен оған ота жасатып, темірмен ұстатты. Жарты жыл бойы сонымен жүру керек болып, темірді енді аламыз деп барғанда медициналық сақтандыруың жоқ деді. Енді жарты жыл бойы орнынан тұрмаған, жұмыс жасамаған адамда сақтандыруға қаржы қайдан болады? Не керек, Қонаев қаласына барып, 40 мың теңгеге ол темірді алғыздық. Бірақ бір жылдан аса уақыт сүйекті нығайтатын кальций, тағы да басқа қымбат препараттарды 2-3 мәрте тоқтаусыз қабылдадым. Тіпті соңында ақша жағынан да қысылдық. Бір күні әңгімеден әңгіме шығып, танысым «сен айтқан дәрілердің 10 есе арзан аналогтары бар ғой. Неге сонша қымбатын алып жатырсың, әсерін байқамаған болсаң» деді. Солай отбасымды асырау үшін екі балдақты тастауға ұмтылып, сол танысым айтқан 250 теңгелік «мумиены» іштім. Таңқалғаным, оны ішіп бастағаннан кейін тексерілуге барсам аяғымның сүйектері біріккенін айтып қуантты. 1-2 ай қабылдаудан соң балдақты да тастадым, — деген Елдос есімді тұрақты оқырманның оқиғасын естідік. Соған қарап, аналог дәрілер жайлы оқырманға ақпарат беруді жөн деп санадық.
Жоғарыдағы оқиғаны тыңдай келе, «Арзан, қалтаға салмақ салмайтын, денсаулыққа әсері жақсы дәрі-дәрмек болса, неге дәрігерлер берген тізімде тек бағасы қымбаттары жазылады?» деген сұрақ қызығушылық тудырды. Сондықтан халық көкейіндегі сұраққа Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағы білікті мамандардан жауап алуды жөн санадық. Өткен жұма «Дәрі-дәрмекпен және медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету бөлімі» басшысы Айымгүл Асқарованың назарына қымбат дәрілердің баламалары, оларды неліктен дәрігерлер емделушілерге ұсынбайтынын және науқасқа диагноз қойылмай тұрып, түрлі дәріні ұсыну дұрыс па деген сияқты сұрақтарымызды жолдадық.
АНАЛОГ – ТИІМДІ МЕ, ӘЛДЕ ҚАУІПТІ МЕ?
«Дәрі-дәрмекпен және медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету бөлімі» басшысының айтуынша, дәрілік заттардың баламалары – Дженерик деп аталады. Дженерик – бұл өз негізінде түпнұсқа құрамындағыдай белсенді заттың мөлшері мен сапасына ие дәрілік препарат. Дженериктер әдетте активті заттары бірдей болғандықтан, әсері де ұқсас болады. Сонымен қатар, дженерик препараттар түпнұсқаға биоэквивалентті ретінде тіркелсе және GMP стандарттарына сай өндірілсе, ол қауіпсіз әрі тиімді саналады екен.
Алайда, неге олар дәрігердің тізіміне енгізілмейді деген сұраққа келсек, оған бірнеше себеп барын жіктеп түсіндіріп берді.
– Біріншіден, дәрігердің сенімі мен тәжірибесі. Кейбір дәрігерлер белгілі бір брендтік препараттарды қолдануды жөн көреді, себебі олар ұзақ уақыт бойы қолданылып келеді және тиімділігі дәлелденген. Екіншіден, формула мен қосымша заттар. Бірдей активті зат болғанымен, препараттың формуласы немесе қосымша заттары әртүрлі болуы мүмкін. Бұл аллергия немесе жанама әсерлер туындатуы ықтимал. Ал үшінші себеп, рецепт бойынша шектеулерге байланысты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ — 75 бұйрығына сәйкес рецептпен берілетін дәрілердің тізімі нақты белгіленген және оған тек белгілі бір препараттар енгізілген, — дейді Айымгүл Асқарова ресми сауалға берген жауабында.
Қазақстанда дженерик дәрілердің қолжетімділігі артқан сайын, жұртшылықтың бұл препараттарға деген қызығушылығы да өсіп келеді. Көп адамда: «Бағасы арзан болса, сапасы қандай?» деген сұрақ туындайтыны рас. Сондықтан олардың құн айырмашылығы неде екенін сұрадық. Дженерик препараттар дәрігерлер ұсынатын брендтік дәріге қарағанда арзан болуының бірнеше себептерін дәрігерден білдік.
– Зерттеулер мен клиникалық сынақтар жүргізу шығындары түпнұсқалық препаратқа ғана тиесілі болғандықтан, дженерик өндірушілер бұл шығындарды көтермейді. Бұл олардың бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Маркетинг пен жарнамаға жұмсалатын шығындар аз болғандықтан, баға да төмен болады. Өндіріс көлемі үлкен болғандықтан, өндіріс тиімділігі артып, баға арзандайды. Сонымен қатар, егер дженерик препараттар сапалы әрі сертификатталған болса, олар түпнұсқалық дәрілермен бірдей әсер етеді және қауіпсіз болып саналады. Қазақстанда дәрі-дәрмектердің сапасы мен қауіпсіздігі қатаң бақылауда, — деген мысалдармен түсіндірді Денсаулық сақтау басқармасының маманы.
Әрине, ел арасында қымбат дәріні ұсынып, арзанын айтпау себебі, «нұсқаулық беретін дәрігерлер дәріханалармен келісім жасайды» деген тұжырым барын айтады. Бұл тарапта қойылған сұрағымызға дәрігер:
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-294/2020 бұйрығына сәйкес, дәрігерлер науқасқа дәрі жазғанда кәсіби шешімдерін өздерінің жеке кәсіби бағалауына негіздеуі керек. Олар медициналық этика мен стандарттарға сай, пациенттің ең жақсы мүддесін ескере отырып, дәрі-дәрмектерді тағайындауы тиіс. Бұл процесте сыртқы коммерциялық мүдделердің әсері болмауы қажет. Сонымен қатар, бұйрықта фармацевтикалық компаниялармен жасалған келісімдер немесе ұсыныстардың дәрігерлердің дәрі жазу шешімдеріне әсер етуіне тыйым салынғаны нақты көрсетілген. Мұндай әрекеттер медициналық этикаға қайшы әрі заңсыз болып саналады. Жалпы алғанда, фармацевтикалық компаниялардың медицина саласында әсері бар, бірақ ол заңдар мен ережелер арқылы шектелген, — деп заң аясында жауап берді.
Жетісу облысының дәрігерлері нарықтағы жаңа препараттар және аналогтар туралы ақпаратты ғылыми журналдар мен зерттеулер, АҚШ-тың FDA, Еуропаның EMA тіркелген дәрі-дәрмектердің тізімінен, дәрі-дәрмек өндіруші компанияның жаңа өнімдер немесе қолданыстағылардың жаңартулары туралы баспасөз хабарламаларынан бақылып отырады екен. Сонымен қатар, PubMed сияқты медициналық дерекқорлар мен платформалар соңғы зерттеулерді қадағалауға мүмкіндік береді. Ақпаратты жаңарту жүйеге немесе мекемеге байланысты жүргізіледі екен. Дәріханалар өздерінің дерекқорларын айына немесе тоқсанына бір рет жаңартып отырса, ал медициналық мекемелер арнайы жүйелер арқылы ең соңғы мәліметтерді алады. Мамандар да кәсіби конференциялар мен оқыту сессиялары арқылы жаңа ақпаратпен танысатының түсіндіріп берді А. Асқарова.
ДӘРІНІ «ТІЗІП БЕРЕТІНДЕР» ДЕ БАР
Осы тұста тағы бір түйткілді мәселе туындайды. Денсаулық саласына, жалпы дәрігерлер мен дәрі-дәрмек жайлы қалам тербегенде 15 жасар кезімде болған оқиға есіме түсті. Асқазаным ауырып, бір жұтым су да батпайтын жағдайда болдым. Әл-дәрменім құрып, анаммен бірге ауылдық ауруханаға бардық. Мәселемді айтып едім, бас дәрігер көп сұрамай, дереу жазуға кірісті. Тіпті бетіме де қарамады.
Үйге келіп, жазып берген қағазды анам екеуміз оқыдық. Тізімде 7-8 түрлі дәрі атауы жазылыпты. Қышқылды төмендететін, қабынуға қарсы, бактерияға қарсы, не керектің бәрі бар. Тізім арасынан мезим, омез, но-шпа ішкеніммен, еш өзгеріс болмады. Керісінше, әлсірей түстім.
Ақыры бір күні талып, жедел жәрдем шақырттық. Олар система салып, «ауруханаға апарыңдар» деді. Содан аудандық ауруханаға бардық. Ауруымды олар «Гастрит» деді. Жолай қайтып бара жатып, дәрігердің ұсынған «Алмагель» атты дәрісін алдық. Оны ішкен соң, екі-үш күнде өзімді жақсы сезіне бастадым. Алдында дәрігер жазып берген қымбат дәрісіз-ақ асқазаным тынышталып, тамаққа тәбетім ашылды.
Қазір сол кезді ойласам, «өз саласының маманы болуы тиіс бас дәрігер кәмелетке толмаған балаға неге бірден барлық дәріні тізіп берді екен? Ем деген тізімдеу болса, оны бәрі істей алады ғой. Ал нағыз ем – нақты диагноз қойған соң ғана емделуі керек емес пе?» деп таңқаламын. Білдей бір бас дәрігердің жұмыс істей алмағаны ғой деп топшыладым. Мен сияқты ем іздеген талай жанды осындай сұрақтар мазалайтыны анық қой. Олар не істеді екен…
Сауалдың соңын, «Науқасқа нақты диагноз қойылмай тұрып, бірнеше түрлі дәрі жазу дұрыс па? Әлде алдымен қосымша зерттеу жасау керек пе еді?» деген сұрақпен тәмамдадым.
– Диагнозды нақтылау үшін ем тағайындар алдында қосымша зерттеулер жүргізу орынды. Нақты диагнозсыз әртүрлі дәрі-дәрмектерді тағайындау жағымсыз жанама әсерлерге, симптомдарды бүркемелеуге немесе дұрыс емес емге әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде әрі қарайғы диагностиканы қиындатады. Алайда кейбір жағдайларда, мысалы, өмірге қауіп төнгенде немесе ауыр симптомдар байқалғанда, түпкілікті деректер алынғанға дейін науқастың жағдайын жеңілдету үшін симптоматикалық терапия тағайындауға болады. Мұндай жағдайда сақтық танытып, тағайындалған дәрілердің тиімділігі мен қауіпсіздігін мұқият бақылау қажет. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91 және 22-баптарына сәйкес Сіз әкімшілік актіге әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағымдануға құқылысыз, — деген жауап берді «Дәрі-дәрмекпен және медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету бөлімі» басшысы Айымгүл Асқарова.
Жоғарыда баяндалған оқиғалар ел ішінде қалыпты жағдайға айналып кеткен жүйелік кемшіліктің көрінісі десек те болады. Аурудың өзінен бұрын, ем іздеудің қиындығы, дәрінің бағасы мен оның тиімсіздігі жұртты қажытқанын қос оқиға негізінде байқадық. Қолына бір бума дәрінің тізімін ұстап қалған науқас – нақты диагнозсыз, нақты түсіндірусіз, тек нұсқау күткен күйде емделуге мәжбүр болды. Дәл осы сәтте де мұндай оқиғалар орын алып жатқаны анық қой. Бұл тарапта денсаулығымызды сеніп отырған дәрігерлер білікті болса екен дейміз. Басқа да халық көкейіндегі сұрақтар негізінде баяндамалар жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізсе нұр үстіне нұр болар еді.
Гүлнұр БАЙМҰХАН