ТАЛДЫҚОРҒАНДА РЦКУ-ДЫҢ ТЫНЫСЫ ҚАНДАЙ?

0
354

Газ қосу оңай іс емес. Бірі есігін ашпайды, бірі келгенді мойындамайды, ал енді бірі 2 200 теңге техникалық қызметке де ақша төлеуден бас тартады. Талдықорған қаласындағы РЦКУ мекемесінің күнделікті жұмысы осылай. Олар тұрғындарға газ бойынша қызмет көрсетіп қана қоймай, шот таратып, бақылау жүргізіп, төлем өндіріп алуға да жауапты. Ал дебиторлық қарыз күннен-күнге өсіп жатыр…

РЦКУ деген кім?

Талдықорған қаласындағы РЦКУ (Расчетный центр коммунальных услуг) – қазақша айтқанда газ саласында тұрғындарға қызмет көрсететін жекеменшік орталық. Нақтырақ, бұл ұйым QazaqGaz Аймақ АҚ-мен арадағы келісімшарт аясында газбен қамту бойынша барлық техникалық және әкімшілік міндеттерді атқарады.
Мекеме басшысы Исмагулов Азамат Амангалиевичтің (аты-жөні мекеме басшысының өтінішімен төлқұжаты бойынша жазылды) айтуынша, РЦКУ-дың бұл қызметке келуі тендер арқылы жүзеге асқан. Яғни, ұйым 20 жылға созылатын келісімшарт бойынша мердігер ретінде бекітілген.
«Кім қашан газға қосылды, қандай жеке есеп-шот ашылды – барлығы біздің ішкі базада тіркелген. Біз шоттарды қалыптастырамыз, көрсеткіштерді жинаймыз, қажет болған жағдайда газ беруді тоқтату сияқты техникалық шараларды да орындаймыз», – дейді мекеме басшысы Азамат Исмагулов.
РЦКУ-дың атқарып отырған рөлі жай ғана шот тарату емес. Олар газ жүйесінің жергілікті деңгейдегі толық әкімгері десе болады. Бұл қызмет тұрғындарға ыңғайлы болғанымен, оның ішінде жауапкершілік пен талап та қатар жүреді. Қызмет көрсету мен төлем өндіріп алу міндетін қатар атқару – бұл тек техникалық емес, әлеуметтік және психологиялық жұмысты да қажет етеді.

АҚПАРАТ АШЫҚ – ТҮСІНДІРУ ҚИЫН

Бүгінде Талдықорғандағы РЦКУ мекемесі 7 оператордан құралған Call-центр жұмыс істейді. Олар тұрғындардан келіп түсетін сұрақтарға 8700 222 78 21, 87715543793 осы нөмірлер арқылы жауап береді, өтініштерді қабылдайды және есептік мәселелер бойынша бағыт береді. Бұл мекеме мен халық арасындағы басты байланыс арнасы.
Алайда, қазіргі уақытта РЦКУ-дың Instagram парақшасы да, ресми сайты да жоқ. Бұл тұрғындар үшін мекеме қызметі туралы ақпарат алуды қиындататын факторлардың бірі. Азамат Исмағуловтың айтуынша, бұл кемшілік жуық арада жойылады. Қазіргі уақытта әлеуметтік желі ашу жоспарланған, ал қызмет бағалары яғни прайс-лист көпшілікке қолжетімді етіледі.
«Қазір халық бізге тікелей хабарласып біледі, бірақ алдағы уақытта барлық мәліметті әлеуметтік желі арқылы да ашық көрсетеміз», – дейді мекеме басшысы.
Цифрлық дәуірде коммуналдық мекемелердің халықпен онлайн байланыс орнатпауы елеулі олқылық. Ақпаратты жасыру емес, қолжетімді ету сенім қалыптастырудың басты жолы. РЦКУ бұл бағытта алғашқы қадамдарын енді бастап жатыр. Алайда, бүгінгі талап жай ғана парақша ашу емес, сол арқылы халықпен диалог құру, ашықтықты арттыру. Бұл әсіресе коммуналдық қарыздар мен қызметке байланысты даулар жиілеп тұрған тұста өте маңызды.

ЕСІГІ ЖАБЫҚ ҮЙ, ЖАУАПСЫЗ
ТҰТЫНУШЫ

Талдықорғандағы РЦКУ мамандарының күнделікті жұмысында жиі кездесетін жағдай техникалық қызметке барған кезде үй иесінің үйде болмауы. Бұл кезде мамандар қызметті орындап, түбіртек пен ескерту қағазын пошта жәшігіне немесе есікке қалдырып кетеді. Алайда көп жағдайда бұл әрекет түсініспеушілікке себеп болып жатады.
«Біз үй иесін сағаттап күтпейміз. Есік ашылса – жұмыс істейміз. Ашылмаса, квитанцияны қалдырамыз. Кейін үй иесі келіп, «ешкім келген жоқ» дейді. Мұндай жағдай жиі кездеседі», – дейді РЦКУ басшысы Азамат Исмагулов.
Мамандардың айтуынша, мұндай түсініспеушілік кейіннен қызмет ақысын төлемеуге, шағымға немесе тіпті қарызды мойындамауға алып келеді. Ал мамандар сол арада нақты жұмыс атқарғанына қарамастан, оны дәлелдеу қиынға соғады.
Коммуналдық қызмет пен тұрғын арасындағы байланыс тек құбыр арқылы емес, сенім мен өзара түсіністік арқылы да жүргізілуі керек. Егер тұрғын үйде болмаса да, көрсетілген қызмет орындалғанын мойындау — ортақ мәдениеттің белгісі. Бұл жағдайда тек РЦКУ ғана емес, тұтынушының да жауапкершілігі бар. Әйтпесе «ешкім келген жоқ» деген сөз — кәсіби маманның еңбегін жоққа шығаратын жеңіл айыпқа айналып кетуі мүмкін.

ЕҢ АРЗАН ҚЫЗМЕТ ТЕ ҚАРЫЗҒА
АЙНАЛСА…

Талдықорғандағы РЦКУ техникалық қызмет бағаларын нарықтағы ең төменгі деңгейде ұстап отыр. Мәселен:
– Газ плитаны тексеру — 2 200 теңге;
– Үй ішілік жылыту жүйесін тексеру — 2 200 теңге.
Салыстырмалы түрде қарасақ, дәл осындай қызметтерді жекеменшік шеберлер OLX секілді платформаларда кемінде 5 000 теңгеден бастайды. Бұл РЦКУ ұсынған бағаның нарықтан 2 есе арзан екенін көрсетеді.
Алайда, мекеме басшысы Азамат Исмагуловтың айтуынша, соған қарамастан тұрғындардың көпшілігі қызмет ақысын уақытылы төлемейді, кейде мүлде төлемеуге тырысады. Бұрын мекеме 12 айға бөліп төлеу жүйесін ұсынса, қазіргі таңда дебиторлық қарыздың шектен тыс жиналуына байланысты, бұл мүмкіндік алынып тасталған.
«Бұрын 12 айға бөліп төлеуге болатын. Қазір дебиторлық қарыз көбейіп кеткен соң, бірден төлеу талабын қойып отырмыз», – дейді басшы.
Мәселе тек бағада емес тұрғындардың төлем мәдениетінде. РЦКУ барынша қолжетімді қызмет ұсынып отыр, бірақ ең арзан қызмет те ақталмай жатса, бұл жүйелі дағдарыстың белгісі. Егер коммуналдық қызметке жауапкершілікпен қарау қалыптаспаса, жүйенің өзі күйрей бастайды. Бұл жағдайда зардап шегетін тек мекеме ғана емес, түптеп келгенде тұрғындардың өздері болады.

БАСҚА ҚАЛАДАҒЫ РЦКУ – БІР ЖҮЙЕ, ОРТАҚ ҚИЫНДЫҚ

Талдықорғандағы жағдай – еліміздің өзге өңірлеріндегі РЦКУ мекемелеріне де жақсы таныс. Мәселен, Атырау қаласындағы РЦКУ слесарь мамандары күн сайын үйлерді аралап, газ жабдықтарын тексеріп, техникалық қызмет көрсетумен айналысады. Бірақ олар да дәл сол қиындықтарға тап болады – кей тұрғындар есік ашпайды, ал кейбіреулері мүлде техникалық тексеруден бас тартады.
Атырауда қызмет көрсету бағасы 4000 теңге, Талдықорғаннан сәл қымбатырақ. Соған қарамастан, көпшілік бұл жұмысты қажетсіз деп қабылдайды. Ал шын мәнінде, бұл – тексеру емес, қауіпсіздікке кепілдік беретін шара. Газ – ойнап отыратын нәрсе емес, дұрыс қызмет көрсетілмесе, арты үлкен апатқа әкелуі мүмкін.
Слесарь мамандарының жұмысы сырттай қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ ол – дәлдік пен тәртіпті қажет ететін ауыр шаруа. Атырауда да, Талдықорғанда да бұл мамандар күніне ондаған үйге барып, техникалық тексеру жүргізіп, есеп құжаттарын толтырып жүреді. Кейде бір күндік жұмыстың соңында ешбір төлем түспеуі олардың еңбегін жоққа шығарады.
Сол себепті, бүгінде бұл салада жұмыс істеп жүрген мамандарға тек жалақы ғана емес, түсіністік пен құрмет те керек. Өйткені олар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген, көзге көрінбейтін майданның алдыңғы шебіндегі адамдар.

WHATSAPP – ЖАҢА БАҚЫЛАУ ҚҰРАЛЫ

Тұрғындармен қарым-қатынасты жақсарту және қызмет сапасын бақылау мақсатында РЦКУ жаңа цифрлық жүйе енгізуде. Енді қызмет көрсету процесі WhatsApp мессенджері арқылы қадағаланады:
Алдымен тұтынушыға ескерту хабарлама жіберіледі – техникалық маман белгілі бір күні келетінін хабарлайды.
Мамандар келген соң, АКТ яғни, орындалған жұмыстын хаттамасы толтырып, тұтынушыдан қол қойдыртып алады.
Келесі күні сол WhatsApp арқылы тұтынушыға тағы да хабарлама жіберіліп, қызмет сапасына қатысты кері байланыс сұралады.
Бұл жүйе, бір жағынан, көрсетілген қызметті дәлелдеу, екінші жағынан – тұтынушының пікірін тыңдау және сенімді арттыру үшін енгізіліп отыр.
Цифрлық бақылау – қазіргі коммуналдық салада аса қажет құрал. WhatsApp арқылы жүргізілетін бұл жаңа тәсіл даулы жағдайларды азайтып, «ешкім келген жоқ» деген секілді шағымдардың алдын алады. Сонымен қатар, тұтынушының пікірін тіркеп отыру — РЦКУ жұмысына деген қоғамдық сенімді қалпына келтірудің алғашқы қадамы. Бұл бастама сәтті жүзеге асса, басқа аймақтарға да үлгі боларлық тәжірибе болуы мүмкін.

ТҰРҒЫНДАРДАН ГАЗ АҚШАСЫН ҚАЛАЙ
АЛАМЫЗ?

Талдықорғандағы РЦКУ – бұл тек коммуналдық қызметтерді есептесу орталығы емес. Бұл тұтынушы мен газ саласының ортасындағы көпір, күнделікті жұмысында түрлі әлеуметтік, техникалық және адамдық қиындықтармен бетпе-бет келіп отырған ұйым.
Қызметкерлердің бір тобы қарызды өндіруге тырысса, екінші тобы тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үшіншісі техникалық қызметтің орындалғанын дәлелдеумен айналысады. Бұл жай ғана шот шығару емес, үлкен жүйені ұстап тұру. Уақыт, адами ресурс және төзімділік қажет.
«Контроллерге «қарызды жина» дейміз, ол «тұтынушы үйде жоқ» деп шырылдайды. Ал қызметкерлерге жалақыны кешіктірмеу үшін бұл ақшаны қалай да жинау керек», – дейді Азамат Исмагулов.
Мұндай жағдай тек РЦКУ қызметкерлерінің емес, жалпы жүйенің шаршауына әкелуі мүмкін. Өйткені жұмыс атқарылғанымен, кей тұтынушылардың тарапынан түсіністік аз, сенім төмен, жауапкершілік жоқ.
Қазір РЦКУ-ға қолдау көрсетіп отырған бір ғана күш бар, жауапкершілік танытатын тұрғындар. Коммуналдық жүйенің тұрақты жұмыс істеуі тек бір тараптың ғана мойнында емес. Егер тұтынушы есігін ашпаса, түбіртекті елемесе, қызмет көрсетушіге сенбесе бұл байланыс үзіледі.
Мәселе мынада: РЦКУ қызмет көрсетуші ғана емес, қоғаммен жұмыс істейтін жекеменшік мекеме. Ал қоғамның сеніміне жету үшін ашықтық керек, ал сенімді сақтау үшін, өзара түсіністік қажет. Қазіргідей кезеңде:
Газ жүйесінің қауіпсіздігін сақтау, қарыздарды азайту, қызметке әділ баға беру – мұның бәрі тек цифрлық жүйеге ғана емес, азаматтық мәдениетке де байланысты. Демек, РЦКУ-ға кім көмектеседі? Ең алдымен – тұтынушының өзі.
P.S. Сұхбат беруге уақыт тауып, ашық әрі шынайы жауаптарымен бөліскені үшін РЦКУ басшылығына алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да тұрғындар тарапынан қойылатын сауалдарға бірлесе жауап беріп, ашық ақпарат алмасу дәстүрін жалғастырамыз деген сенімдеміз.

Мұрат КҮМІСБЕК

 


ПІКІР ЖАЗУ