Тарих айдынындағы ізденістер

Әр заманның еліне танылған өз тұлғалары бар екенін ескерсек, Жетісудың ағынды Ақсуы бойында өмір сүрген қазақтың аты елге мәлім Ахмет бидің ел арасындағы тараған аты «ашық алақан» екен. Өйткені ол кейбір бай, дәулетті адамдар сияқты «алақанын қысып» отырмай, көмек сұрағандарға жанашырлықпен қарап, жағдайына қарасқан дәулетті жан екен дейді елге тараған аңыздар.
Сол Ахмет атаның ұрпағы (шөбересі) Ләйла Сейсенбекқызы Ахметованың есімі жасы үлкен қауымға белгілі болғанымен тарихшы ғалымды Жетісудың жас ұрпағымен де таныстыра кетудің артықтығы болмас. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқып, одан ұстаздық етіп, ғылыми ізденістерге толы жылдарда қызмет сатысымен проректорлыққа дейін көтерілген, қазір де Әл-Фараби атындағы қазақтың қара шаңырақ ұлттық білім ордасында еңбек етіп жүрген Ләйла Сейсенбекқықызы елу жылдан астам уақыттан бері университеттің «Журналистика» факультетінде дәріс беріп, осы мамандықты уақытқа байланысты жетілдіруге күш салып, білім беріп келе жатқан ғалым. Ахметованың ғалым ретінде де, тарихшы зерттеуші ретіндегі соғыс туралы еңбектері Қазақстанға ғана емес, Еуропа, АҚШ, Африка елдеріне дейін таралып, бағалануда. Солардың бірі де, бірегейі де Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерін зерттеген әйгілі Брест қамалы туралы көп жылғы еңбегі еді.
«Брест 1941, Қазақстан»
Осы кітап қолыма тигенде қызыға оқып шығып, Кеңес одағы кезіндегі ҰОС-ы туралы СОКП-ның берген тарихи деректерінен ғана білетін оқырман үшін ентелеген фашистердің қамалды алудағы жанталасы, Брестті қорғаған совет жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігі, сол сұрапыл шайқасқа қатысқан Қазақстандық жауынгерлерді іздеп, тауып, қандай жағдайда, қамалдың қай жерінде көз жұмғанына дейін анықтау үшін бірнеше жыл Брестке келіп, архивтерден іздегені, керемет таңқаларлық фактілерді тауып жазған Ләйлә Сейсенбекқызына деген ризашылық сезімдерім шексіз.
Менің ойымша, соғыс тақырыбын зерттеуге ғалымдар, тарихшылар ішінде ер адамдар көбірек ізденетін сияқты. Әйтеуір маған солай көрінетін. Ал Ләйләның зерттеулері мен ізденістері, қираған қамал үйінділері арасынан дәлелдер мен дәйектерді, архивтердегі құжаттарды ақтарып саралап, сараптап, салыстырып отырып есімдері ұмыт болған қаншама жауынгерлерді тауып, олардың ерліктерін паш ету, «хабарсыз кетті» деген жауынгерлердің есімдерін тарихқа қайтару — әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Брест жауынгерлері Отанын қорғаса, Ләйла неміс-фашистерімен өткен соғыста жаумен шайқасқан жауынгерлердің аруағын қорғап, есімдерін елге қайтарды.
Осы орайда айта кетейін дегенім, Кеңес одағы кезінде біздің санамызға сіңдірген сол кездегі соғыс деректері бойынша Брестте жаумен соғысқан қазақстандық жауынгерлер саны 29 ғана деп көрсетілуші еді. Қазір Ләйләның зерттеулері анықтаған Брестті қорғаған қазақстандық жауынгерлер саны өлгені бар, тұтқындалғаны бар — 701 жетіп отыр. Бәрінің аты-жөні тарихтан орын алды, өшпеді. Бұл керемет еңбек! Басқасын айтпағанда Талдықорған өңірінен Брестті қорғаған жауынгерлердің саны 70-ке тарта. Бәрінің аты-жөні толықтай белгілі. Біз олардың есімдерін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай газетімізде жарияладық.
Әскери тілші қазақстандық Матқали Дәуренбаев
Ләйлә Ахметованың оқу-әдістемелік «Соғыс журналистикасы 1940-41 жылдары» деген еңбегінде сол кезде Брест қамалындағы жауынгерлердің өмірін, ерлігін баспасөзге («Часовой Родины» газетіне) жариялап жүрген, жариялауға дайындап жүрген қазақ әскери тілші Матқали Дәуренбеков туралы жазады. «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Надежда Шильманмен сұхбатында Ләйлә былайша әңгімелейді:
— Менің кейіпкерім Матқали Дәуренбеков сержант, әскерге Алматыдан 1939 жылы шақырылған жоғары білімді, орысша-қазақша бірдей сауатты сөйлейтін, жазатын, екі баласы мен әйелі бар азамат болған. Әскерде жүріп партия қатарына қабылданады. Үш жылдан кейін мерзімі аяқталып үйге қайтатын кезде соғыс басталып кетеді. Әйеліне 1941 жылдың желтоқсанында «хабарсыз кетті» деген қағаз келеді. Өзім сияқты іздеушілер көмегімен бірнеше жылдың нәтижесінде Матқали Дәуренбековтың әскери газетке жазған 45 мақаласын таптым.
Әскери тілшінің дайындаған материалдары әлі де соғыс туралы деректердің толық зерттелмегенін байқатады. Ғалым Ләйлә Ахметова әскери тілшінің еңбектерін бүгінгі болашақ журналистерге таныстыру арқылы соғыс тілшілерінің ерекше жағдайдағы қызметін талдайды. Соғыс кезіндегі әскерилерге қойылатын талаптар, ату алаңдарындағы мергендікті жетілдіру, тыңшылардың жеткізген ақпараттары туралы жазылған соғыс тілшілерінің материалдары арқылы соғыс майданындағы шайқастар нені байқататынын зерделеп зерттеуді үйретеді.
Брест туралы кітапта әскери тілші Матқали туралы да жазылған еді. «Кейін Матқалидың туыстары менімен байланысқа шығып, Брест туралы кітапты қайдан алуға болатынын сұрағаннан кейін мен оларға кітабымды сыйға тарттым. Кейін олар өздерінің «Қара шаңырақ» деп аталған Матқалықтың ұрпақтары жазылған кітаптарын шығарған», — дейді Ләйлә Сейсенбекқызы тілшіге берген сұхбатында. Кейін бұл әдістемелік материал толық кітап болып шықты.
Тарих майданындағы тынымсыз еңбек
Ресейдің ардагер-шекарашысы, новосибирскілік Ефименко Андрей Викторовичтың естелігінде ол Ләйла Сейсенбекқызымен Новосибирск қаласында Ләйләның Панфилов дивизиясы туралы ізденістерінен құралған баяндамасын тыңдау кезінде қатты әсер алғанын, содан кейін баяндамашымен танысқанын еске түсіріп, баяндамаға өте жоғары баға береді.
— Сіздер білесіздер ме? — дейді әңгімесінде Ефименко, — оның баяндамасынан Ләйлә тарих майданында тынымсыз еңбек ететін жан екенін байқадым. Оның архивтерді ақтарған материалдарын есептесек — олардың саны есепсіз деуге болады. Ең негізгілеріне тоқталсақ, олар — Ресей Қорғаныс министрлігініңОрталық архиві, Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архиві, Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архиві, Ресей мемлекеттік тарихи-әлеуметтік архиві, басқасын қойғанда Ресей мен қатар Беларус, Қазақстан және Қырғызстан, Германия, Польша, Чехия архивтерін айтуға болады. Осының бәрінен өткен адам ғана Ләйлә Сейсенбекқызының еңбегінің, ізденістерінің бағасын біліп, оның еңбегін бағалай алады. Ізденіс қана емес, бұл еңбектің баға жетпес құны да қаржылай шығындардан тұрады десек, ол да Ләйләның жеке қаржысы екені түсінікті. Ал техникалық жағына келсек, архивтік материалдардың көшірмесін алудың өзі де, суретін түсіру — қолдағы заманауи жабдықтарды пайдалана алуды талап ететіні белгілі. Ләйлә болса соның бәрін меңгерген және игерген тарихшы, ізденгіш ғалым.
Ләйләның Брест туралы жинақтаған материалдары болмағанда Ростислав Алиевтың «Брест. Июнь. Крепость» сияқты үштомдығы, сол сияқты Юрий Фоминнің Брест қамалы туралы интернет-жарияланымдары, жалпы осы тақырып төңірегіндегі ізденген адамдар өзіне керекті деректерді Ләйлә Сейсенбекқызының материалдарынан алатыны — Ләйлә зерттеген зерттеулердің құндылығының дәлелі десек те болады. Сондықтан мен Ләйләнің осы еңбектері үшін оның алдында бас иемін! Өйткені Брест қамалын қорғау тақырыбын жете зерттеген Ләйлә Сәрсенбекқызының ізденістері ең алғашқы және толыққанды ғылыми дәлелденген зерттеулер болды.
700 қазақстандық жауынгердің есімін (бұл бір полктың саны) елге қайтарған Ләйләнің еңбегі — ерлікке татиды. Брест жауынгерлері қамалды қалай қорғаса, олардың ерлік рухы Ләйлә Сәрсенбекқызына қонғандай әсер-демін — дейді Ефименко Андрей Викторович.
Сегіз қырлы, бір сырлы ғалым
Әдетте қазақта бұл теңеуді ер адамдарға байланысты қолданатыны белгілі. Ал Ләйләнің бойындағы қасиеттерді електен өткізген әріптестері оның жан-жақты адам екеніне байланыс-ты осы теңеуді қолданғанда қателеспейтініне сенімді екенін байқаймыз.
— Ләйлә — зерттеуші-ғалым, педагог, журналист, өз пікірін ашық айта алатын азамат, 100-ден аса кітаптың авторы, монографиялар мен оқу-әдістемелік оқулықтар, 1000-нан астам ғылыми-публицистикалық мақалалар авторы. Оның Ұлы Отан соғысы жауынгерлерін іздеудегі еңбегі айтарлықтай. Соғыста «хабарсыз кетті» деген Брест жауынгерлерінің есімдерімен қатар басқа да атын әйгілеген хабарсыз кеткен жауынгерлердің жалпы саны 15 мың адамға жеткені туралы деректерді КБТУ профессоры Әбдіхалықов Қайыржанның Ләйлә Сейсенбекқызы туралы жазған мақаласынан оқуға болады (366 бет).
Ғалым, зерттеуші, тарихшы Ләйла Сейсенбекқызының сөз қорында «мүмкін емес!» деген сөз жоқ! — дейді әріптесі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Құрманбаева Алмагүл. Автордың айтуынша, Ләйлә соғыста қайтыс болған жауынгерлер туралы мәліметті 5-ші сыныптан бастап жинаған. Мектепте ардагерлерге арнап мұражай ашуға себепші болған. Қазіргі таңда Ләйлә Сейсенбекқызы Қазақстанның белгілі тарихшысы, академик және қоғам қайраткері, «Қазақстан тарихы», «Имиджелогия», «Конфликтология», «Қоғаммен байланыс», «Журналистика», гендер, кәсіподақтар және сайлаулар туралы 700-ден астам мақалалар мен брошюралардың авторы.
Әріптестерінің айтуынша, Ләйлә ғажап адам. Жүрегінің жарығымен басқаларға сәулесін таратып жүретін қасиеті және бар. Оның адамгершіліктегі тазалығы үлгілі отбасынан алған тәрбиесі екенін көрсетіп тұрады — дейді айналасында жүргендер. Қазір де жасы зейнеттің біразына келсе де оның ғылымға қосары әлі де бар екеніне әріптестері кәміл сенімді. Өйткені оның қолындағы зерттеулерінің бәрі түгелдей жарық көріп үлгерген жоқ.
«Алатау» газеті де зерттеуші ғалым Ләйлә Сейсенбекқызы құрған «Отанға сый» (Подарок Родине) атты Ұлы Отан соғысы туралы жобаға екінші жыл қатысып, неміс басқыншыларымен өткен соғыс майданындағы Жетісулық жауынгерлер есімінің ескірмейтінін жазып отырғанымызды мақтан етеміз. Жобадағы биылғы тақырыбымыз «Ұлы Отан соғысындағы әскери тілшілер» және штаттан тыс тілшілер арасында ҰОС-на арналған байқау өткізу.
П.С. Ақпанның 12-ші жұлдызында дүниеге келіп, жасына жас қосылып жатқан ғалымға біз де тарихқа қосар үлесінің мол болып, шығармашылық пен жас журналистерді тәрбиелеу жолында биіктерге жете беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Баян ТАҢАТАРОВА
