«Әйелге құрмет — қоғамның даму деңгейінің көрсеткіші»

0
37

2026 жылғы 26 ақпанда Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Жетісу облысы бойынша департаментінде «Әйелге құрмет — қоғамның даму деңгейінің көрсеткіші» атты ақпараттық науқан аясында семинар-кеңес өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – некеге мәжбүрлеу, сталкинг және әйелдерге қатысты өзге де зорлық-зомбылық түрлері бойынша құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру.

Семинарға Жетісу облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі С.Ө. Байгозинов қатысып, қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Атап айтқанда, 2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі-не 115-1-бап – «Сталкинг» ұғымын енгізу туралы заңға қол қойғаны атап өтілді. Заң 2025 жылғы 16 қыркүйекте күшіне енді.

Жаңа бапқа сәйкес:

  • адамды келісімінсіз қудалау, аңду, қалаусыз байланыс орнату немесе жеке өміріне заңсыз араласу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады;
  • 200 АЕК-ке дейін айыппұл;
  • 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
  • 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған.

Егер қудалау қорқыту, бопсалау немесе зорлық-зомбылықпен ұштасса, кінәлі тұлға өзге баптар бойынша неғұрлым қатаң жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар, некеге мәжбүрлеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қылмыстық кодекстің 125-1-бабына сәйкес, некеге тұруға мәжбүрлеу – қылмыс болып табылады.

Аталған құқық бұзушылық үшін:

  • 2000 АЕК айыппұл;
  • түзеу жұмыстары;
  • не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген.

Іс-шара барысында қатысушыларға заң талаптары түсіндіріліп, зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары мен құқықтық қорғау тетіктері туралы ақпарат берілді.

Ұйымдастырушылар азаматтарды құқық бұзушылықтарға бей-жай қарамауға және мұндай жағдайлар туындаған жағдайда дереу ішкі істер органдарына хабарласуға шақырады.