Ажырасу алаңдатып тұр

0
904

Қазақ қоғамында әлеуметтік түйткілді мәселелер көп. Атын атап, түсін түстесек, соның бірі – ажырасу мәселесі. Өкінішке орай, түрлі себептермен шаңырағы ортасына түсіп, екіге бөлініп жатқан отбасын көру,  қоғамда қалыпты жағдайға айналды.

Қазіргі таңда «балам бір-ақ рет үйленеді» деген ата-аналар қарызданып  несие алып, дүркіретіп той жасап береді. Алдын ала тума-туыстарды жинап, үлкен қуанышқа  дайындықты бастайды, күнін белгілейді. Көптен күткен күнде жетеді. Осылайша, қызыққа және шығынға толы той да  бір сәтте өте шығады. Алайда, отау құру тек жалғыз тоймен аяқтала салатын дүние емес. «Үйлену оңай, үй болу қиынның» әңгімесі  алдағы уақытта жалғасын табады. Ал жақсылықта айтылған «жұптарың жазылмасын» деген тілектер қаншалықты шындыққа жанасады?!

Кей жас жұбайлардың уақыт өте келе, тіпті, сол шаңырақ құрған жылы-ақ ажырасып кеткендігін естіп жатамыз. Сол сәтте ойға бірден мынадай сұрақтар тізіледі. Мұндай шешім қабылдауларына не себеп болды екен, кім кінәлі, перзенттерінің арғы тағдыры не болады, оның зардабы қандай болмақ?! Көкейдегі осы сауалдарды алға тартып, оның себебіне үңіліп көрдік.

Әлеуметтанушылар мен психологтар-дың соңғы онжылдықтағы зерттеулерінше, құрылған әрбір екінші отбасының ажырасуы қалыпты жағдайға айналғанын көрсетеді. Британдық «The Economist» басылымының әлемдік  рейтингі бойынша ажырасудың жоғары деңгейі 5,3 көрсеткішімен АҚШ иелігінде, екінші орында Ресей 4,7 үшінші орында Беларусь  4,1 көрсеткішімен тұр. Ал, Қазақстан бұл сандық нәтиже бойынша, 2,7 көрсеткіште. Яғни, еліміз алдыңғы ондықтың ішінде. Сарапшылар неке бұзылғаннан кейінгі балалардың тұратын жері мен ата-аналардың баламен қарым-қатынас уақыты туралы, дау-дамайдың да айтарлықтай өскенін жеткізді.

Әр үйдің сыры басқа демекші, отбасылардың ажырасу себептері де, түрліше. Сауалнама бойынша білгеніміз  ажырасудың себептері мынадай болды: перзентсіздік, түсініспеушілік, қызғану, ішкілікке салыну, отбасылық құндылықтардың болмауы, тұрақты баспананың жоқтығы, жұмыссыздық, некеге жеңіл, ат-үсті қараушылық. «Маған қыз жоқ па, азар болса тағы үйленермін», «маған жігіт табылады, тағы да тұрмысқа шығамын» деген ұшқары ұғымға салынатындардың тірлігінен бұл мәселе жетер жеріне жетіп бір-ақ тоқтайды. Мұның себебі – жаһанданып бара жатқан санамыздан ежелден  қалыптасып қалған киелі де асыл ұғымдардың жоғала бастауы. Ажырасқан жұптарға осы сұрақ қойылғанда көпшілігі «бір-бірімізді түсіне алмадық» деген жауап қайырған. Өткен заманда ата-ана тәрбиесі қатал болды. «Қайтып келген қыз жаман» деп, қыздарын барған жеріне  сіңісіп кетуге тәрбиелеген. Ал қазіргі уақытта «ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» деген ата-аналар көбейген. Ажырасудың бір себебі де осыған келіп тіреледі. Мамандар пікірінше,  екі жаққа кету арқылы барлық қиындықты жеңеміз  деу қате пікір. Бұл  шешімді қабылдау  арқылы   жаңа бір қиындықтың  тап болатынын  олар біле бермейді.  Негізінде,  әйелі отағасын, ері әйелін сыйлап, бір-біріне ізеттілік пен құрмет көрсетпей отбасында береке болмайды. Қазір осындай көптеген отбасыны көріп жүрміз, ері бүгежек, әйелі адуын. Әркім өзінің орнын, жауапкершілігін әу бастан сезіну керек болар.

Отбасы – шағын  мемлекет деп алсақ, оның ішіндегі сәтсіздіктер мен қиындықтар, материалдық дағдарыс секілді жайттардың орын алмауына ешкім кепілдік бермейді. Сол себепті, оны құру үшін алдымен терең ойланып шешім қабылдау қажет. Отанды сүю, оған қамқор болу сенің берік отбасыңнан басталады. Жоғарыда келтірген мәселелер баршамызды толғандыруы қажет. «Кемедегінің жаны бір» – дегендей,  Отанымыз бір болғандықтан, онда болып жатқан жағдайдың бізге де қатысы бар. Ең алдымен, отбасы құндылығын барынша дәріптеу керек. «Отбасы, ардақты ана, асқар тау әке» ұғымдарын жалпы жұрт қызығатын, құрметтейтін, мойындайтын құбылысқа айналдыру қажет.

Арайлым НҰРЖАПАР

 


ПІКІР ЖАЗУ