Алматы облысына Бауыржан Байбек келді

47

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Облыс орталығы Талдықорған қаласына арнайы ат басын бұрған партияның бірінші орынбасары Алматы облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына қатысты. Партия филиалының жаңа төрағасы ретінде делегаттар облыс әкімі Қанат Бозымбаевты сайлады. Экс-әкім Амандық Ғаббасұлы Баталовтың қызметінен босауына байланысты Алматы облысының тізгінін қолына алған Қанат Бозымбаев бұған дейін Павлодар, Жамбыл облыстарын табысты басқарған. Енді,  Жетісу өңіріндегі филиалдың жаңа басшысының алдында партияның сайлауалды міндеттемелерін одан әрі сапалы орындау, қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру және халықпен кері байланысты нығайту міндеттері тұрғанын айтты.

Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Елбасы,  партия  лидері Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай,  Қазақстан Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басуда. Бұл ауқымды өзгерістерге, қиын да жауапты шешімдерге толы кезең болары анық. Мұндай жағдайда билеуші партия ретінде «Nur Otan-ға» елдегі сабақтастық, саяси тұрақтылық және одан әрі дамуды қамтамасыз ететін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағыты төңірегінде  қоғамды  топтастыру  жөніндегі ерекше міндет жүктелгенін атап өтіп,  «Nur Otan» Саяси кеңесі Бюросының шешімімен «Белсенді қызметі үшін» партиялық наградасымен марапатталған филиалдың бұрынғы төрағасы Амандық Баталовқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Бұдан кейін, Бауыржан Байбек партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында ашылған бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Алдымен Оқушылар сарайына барып, ондағы 140-тан астам балаға 3D  және интерактивті модельдерді жасау, бағдарламалау,  құрастыру дағдыларын үйренуге мүмкіндік беретін жаңа «FAB LAB» инновациялық зертханасының жұмысымен танысты. Ондағы  жол картасы аясында ашылған физика, робототехника және бағдарламалау бойынша  «Fab lab» инновациялық зертханасында білімін жетілдіріп жатқан оқушылармен жүздесті.

– Біз қашанда дарынды балаларды қолдаймыз. Олар мемлекеттің негізі.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IT-саласын дамытуды тапсырды. Сондықтан дарынды, білімді балалар Қазақстанның болашағы. Мен көріп отырған оқушылар өте білімді, көп тілді меңгеріпті. Осында келіп, қосымша сабақ алады. Әрине қосымша сабаққа қатысу қажет. Оқушылардың 20 пайызы ғана ақылы, қалғаны тегін білім алады. Бұл үлкен қолдау. Мемлекет тарапынан сіздерге барлық жағдай жасалған, – деп,  зертханада әртүрлі робот жасап шығарған дарынды балалардың алғырлығына ризашылығын білдірді.

Партия төрағасының алдында өз өнерлері мен біліктілігін көрсеткен балалар арасында №20  арнаулы лицейдің 11 сынып оқушысы Алина Пак болашақта бағдарламашы болғысы келетінін,  робототехниканы өміріне серік етіп,  еліміздің IT-саласын дамытуға ат салысқысы келетінін айтты.

Оқушылар сарайынан кейін  «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары  Бауыржан Байбек Талдықорғандағы  көрме  кешенінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың республикалық  «Жол картасы»  аясында  ашылған «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» орталығына барды. Онда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры  Ләззат  Шыңғысбаева  «Атамекен»  ұлттық  кәсіпкерлер палатасы әйелдерді кәсіпке баулу үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатқанын тілге тиек етіп,  «Бастау Бизнес» жобасы арқылы өз кәсібін ашып жатқан жандардың көптігіне тоқталды.  Әсіресе,  партия өткізген праймеризге әйелдердің белсене қатысқанын, көпбалалы аналардың да іріктеліп шыққанын айтқан Бауыржан Байбек мемлекет экономикасын өрістету жолында кәсіпкер әйелдердің де алар орны бөлек екендігін атап өтті.

Кәсіпкерлікті жаңадан бастаған әйелдердің жеңілдікпен несие алу,  сату нарығын кеңейту,  бизнес-жобаларды іске асыруда тәжірибелік көмек алуға көп септігін  тигізіп жатқан орталықтың жұмысына қанағаттанған Бауыржан   Қадырғалиұлы ризашылығын білдірді.  Алматы облыстық филиалының жаңа төрағасы болып сайланған облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың жұмысына сәттілік тілеп, «Кәсіпкерлік орталықта партия сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың 11 айдағы қорытындысы бойынша өңірде 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй,  12 мектеп пайдалануға беріліп, 538 км жол салынды және жөнделді,  27 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Осындай жұмыстарды партия еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асыруда екенін де атап өтті.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Бөлісу: