«Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің…»

0
872

Жаратқан иеміз жарық дүниеге әкелген әрбір адамның бұл өмірде өзіндік жолы мен мақсаты,  міндеті, арманы мен аңсары болатыны аян. Ал, халықтың ойын бейнелейтін, сөзін айтатын табиғатынан ақын болып жаратылған адамның миссиясы тіптен ерекше дерсің.

Төлеген (А) ақын айтқандай  «ақын боп өмір кешіру оңай деймісің». Ақын болу үшін жұрт байқамағанды байқап, көпшілік сезе білмейтінді сезе білуің тиіс. Ең маңыздысы сананың саралығы, көкірек көзінің байқампаздығы, түйсіктің сұңғылалығы қажет-ақ.  Әлбетте, бүгінгі күні «шөп те өлең, шөңге де өлең» деп, жоқтан барды құрап, шимай-шатпақ жазып, онысын жанталасып жарыққа шығарып, өзінің «ақын» екенін жарнамалап жүргендер де аз емес-ті. Дей  тұрғанмен олардың қатарына өлең әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылған жетісулық ақындар  Айтақын Бұлғақов пен Төлеужан Ғұмаровты қоса алмайсың. Бұл екеуі де талай жыр жинағын жарыққа  шығарып, ел  ықыласына бөленген ақындар. Осы жылы Алматы облысы әкімінің қолдауымен  қос  ақынның кітаптары жарық көрді.

Мәдениетіміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген айтыскер ақын  Айтақын  Бұлғақовтың  «Кәусәр»  және   Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәдениет, өнер шараларын ұйымдастыру, мониторинг бөлімінің басшысы, ҚР Мәдениет қайраткері Төлеужан  Ғұмаровтың «Елуінші  көктем» атты  жыр жинақтары  ақындардың мерейтойына орайластырылып шығыпты.  Қос ақын кітаптарының тұсаукесері  С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасында өтті.

Жақсы өлең –жақсы адамның көңіл толқыны демей ме. Жақсы өлеңдерімен  аты шыққан ақындардың кешіне де жақсы адамдар жиналды.  Шараны  Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев ашып, жүргізді.

Сұлу сөзден сәуле терген жыр кешіне ақын ағаларын туған жерінен, яғни, аудан  жұртшылығы атынан  аудан әкімінің орынбасарлары Роза Мағрупова мен Ғазиз Есжанов арнайы құттықтап келіпті. Ең алдымен   сахна төріне ақын ағасын  арнайы  құттықтауға келген Панфилов  ауданы  әкімінің орынбасары Роза Азаматқызы шығып, жүректен шыққан көркем кестелі ойларын ортаға салды.

«Жазиралы  Жаркент  жері өнер  майталмандарынан, қоғам қайраткерлерінен кенде емес. Ақын-жазушы, суретшілер, айтыскерлер шыққан киелі мекен. Солардың бірі алпыстың асқарына шыққан айтыскер ақын  ағамыз  Айтақын  Мұхамадиұлы. Аудан  халқы осындай біртуар азаматтарын мақтан тұтады.  Өнер сахнасында  ордалы орны бар  ағамызды  аудан әкімі мен ел-жұрттың атынан арнайы  құттықтап, ұзақ ғұмыр мен шығармашылық табыс тілеймін. Ағамыздың туған жерге деген сүбелі үлесі мен қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан  еңбегін  аудан  халқы жоғары бағалап, Панфилов ауданының Құрметті азаматы  атағын беруді жөн көрдік.  Ел жүрегінен орын алған айтыстың  ардакүреңіне  Жамбылдың жасын берсін» – деген ақ жарма тілегінен соң Роза Азаматқызы  айтыс ақтаңгерінің иығына  шапан  жауып, Панфилов ауданының Құрметті азаматы деген  арнайы төсбелгі мен куәлікті  салтанатты түрде табыс етті.

Осындай жылы  лебізден кейін құттықтау сөз Ақсу ауданы әкімінің орынбасары  Ғазиз  Отарбайұлына берілді.

«Ақсу – қазаққа аты мәлім қобызшы Молықбай, жыр жампозы Ілияс, сұлу сөздің иесі ақын Сара сынды саңлақтардың туған топырағы. Ақсу – қазаққа аты мәлім талай талантты тербеген топырағы құнарлы, суы нәрлі, қасиетті мекен. Осындай қасиетті жерден түлеп ұшқан ақын бауырымыз Төлеужан Нүсіпжанұлы да поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылып келетін ақын. Күллі  ақсулықтардың атынан ағамызды  50 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, шығармашылық шарықтау тілеймін. Осы орайда  аудан жұрты ақын ағамыздың өңірге қосқан сүбелі үлесі үшін ауданның Құрметті азаматы  атағын беруді құп көрді. Төлеужан Ғұмаров Ақсу ауданының ең жас Құрметті азаматы болып отырғанын да айта  кеткен жөн. Ақын ағамызға өміршең өлеңдеріңізбен бірге мәңгі жасай беріңіз демекпін» – дей келе ол   да ақын ағасының иығына шапан жауып, аудан атынан Құрметті азамат деген арнайы төсбелгі мен куәлігін табыстады.

Шара барысында  қос ақынға шынайы тілектерін жаудырған жандар аз болмады. Мерейлі жаста мерейін асырғандарға  ақын ағалар  да  өздерінің алғыстарын білдіріп, жырдан шашу шашты.

 Өлең менің серігім өмірдегі,

Кірбеңдікті шаятын көңілдегі.

Ағыл-тегіл мұңымды ақтарып ем,

Жан-жарасы жанымның жеңілдеді.

 

Сырласым да осы өлең, мұңдасым да,

Қиял қуып шығамын қыр басына.

Жеткізе алмай ойымды әлек болам,

Ұяң жігіт секілді қыз қасында.

 

Ақ періштем, ақ өлең аңсағаным,

Шабыт буса басылар шаршағаным.

Ұйқысыз түндерімді ұзатып сап,

Атар таңның шапағын қарсы аламын.

Өлеңмен  өрнек салған   Айтақын ағамыздың бұл жыр-шумағы  кешке жиналғандардың жүрегіне жетті.

Алақандай ауылдан шығып, Алатаудай биікті бағындырып үлгерген ақындарымызға  көрікті ойларыңыздан туған көркем өлеңдеріңізбен ел көңілінен шыға беріңіздер. Жырларыңыз  қашанда  бабында  болсын дейміз.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

Бөлісу:
ТегтерӨМІР-ӨЛЕҢ