Жүкті әйелдер арасында індет өршіп тұр

357

Дәл қазіргі таңда  Жетісу  өңірінде жүкті әйелдер көптеп вирус жұқтыруда. Қаңтардан бері 2000-ға жуық ана ковидке шалдыққан.

Жыл басынан бері төрт жас босанған ана коронавирустан көз жұмды. Осы уақытта стационарда ем қабылдап жатқан 139 жүкті әйелдің 10-ы ауыр халде. Сорақысы, аяғы ауыр және жаңа босанған жас аналардың 4-уі аты жаман аурудан көз жұмған.  Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында белгілі болды.

Жиында  сөз алған Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева қос өкпенің қысып, демнің жетпеуі кішкентай періштені құрсағына көтеріп жүрген нәзік жанды түгілі, қол-аяғы балғадай адамдар үшінде оңайға түсіп жатпағандығын тілге тиек етті.

«Қазіргі таңда аяғы ауыр әйелдерде жұқтыру деңгейі күннен-күнге жоғарылап келеді. Сақтық шараларын ескермей тойға, асқа баруда. Аяғы ауыр әйелдер жауапкершілікті сезінсе екен. Үнемі көшелерде бетперде тағып жүруін талап етемін. Антисептик себуге жүректері айныса, қолын жиі-жиі жуған жөн. Тағы да қатаң түрде ескертетін жағдай, үй жағдайында емделмеу керек. Ол үлкен қателік. Өзіннен коронавирустың белгілерін байқаса,  сол мезетте ауруханаға келгені дұрыс», – дейді   маман.

Коронавирус індетінен және соған байланысты енгізілген карантин шектеулерінен жүкті әйелдер мен өмірге енді келген сәбилер де зардап шегуде. Дәрігерлер  сөзінше, аяғы ауыр әйелдің ағзасы онсызда әлсіз келеді, сол себепті вирусты жұқтыруы оңай, ал емделуі қиын. Аяғы ауыр  әйелдер жай адамдар  сияқты вирус пен бактерияға қарсы күшті дәрілерді құрсақтағы балаға зиян болғандықтан  іше алмайды. Сондықтан,  сақтық шараларын қатаң түрде ұстанудан басқа  амал  жоқ.

 

Ардагүл  ҚҰСЫМАНҚЫЗЫ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ