Хоббиін кәсіпке айналдырған жандар

132

 Алматы   облысының   тұрғындары  шағын және орта бизнестің дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Басым көпшілігі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында өзінің хоббиін жеке кәсібіне айналдырып үлгерді. Солардың  қатарында Қарасай ауданының тұрғыны Ғалия Қожамбергенова да бар. 

Мамандығы бойынша инженер-құрылысшы болса да тігін ісіне қызығушылық танытып, сүйікті ісіне айналдырды. Сөйтіп, өзінің тігін цехын ашты. Облыс бойынша «Еңбек» бағдарламасы бойынша мыңнан аса бизнес жоба қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие иегері атанған. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кәсіпкердің айтуынша, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы оқуға қатысып, жобасын  қорғап, «Еңбек» бағдарламасы аясына 583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алған. Осылайша, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде жеке цех ашыпты.

«Грант бойынша берілген қаражатқа маманданды-рылған тігін машинасы және қажетті құрал-жабдықтар, маталар сатып алдым. Қаскелең қаласындағы бизнес орталықтардың бірінде цех ашуға жарайтын ғимарат жалдадым. Бүгінгі күні үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Тапсырыстар жергілікті тұрғындардан ғана емес, басқа да қалалардан түсуде»,  – дейді кәсіпкер Ғ. Қожамбергенова.

Кәсіпкерлер Палатасы Қарасай аудандық филиалы директоры Орынбай Жанәділдің берген мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы Қарасай ауданында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 484 аудан тұрғыны оқып, оның ішінен 70 бизнес-жоба қаржыландырылыпты. Бұдан  бөлек Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының жас кәсіпкері мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, автөкөліктерге техникалық қызмет көрсететін орталық ашқан.

Жиырма тоғыз  жастағы Алпамыс Жақұпов та «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, былтыр 550 мың теңге көлемінде грант ұтып алыпты. Бүгінде оның  ашқан орталығы  автокөлікке арналған техникалық байқаудық барлық түрінде қызмет етеді.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімі берген мәліметке жүгінсек, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша биылғы жылы 350 адам оқуға ниет еткен. Оның 280-і кәсіпкерліктің  қыр-сырын үйренуді бастап та кеткен. Микро несиені 80 тұрғынға беру жоспарланса, оның 60-ы 235,8 млн. теңге микронесие алып үлгеріпті. Тағы 115 тұрғын мемлекеттік грант иесі атанса,  оның 85-і жобасын қорғап, 50 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініпті.

 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 

Бөлісу: