Этно шеберханасы ашылды

89

Алматы облысында жүн өңдейтін және ұлттық көрпелер шығаратын этно шеберханасы іске қосылды. Ақсу ауданы әкімдігінің мәліметі бойынша, шеберхана «Тамшыбұлақ» қорының жетекшісі Жанат Есімбековтың бастамасымен Қапал ауылында ашылды.  Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қор жетекшісінің айтуынша ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, жастарды кәсіпке үйретуге бағытталған әлеуметтік маңызы бар жоба «Азаматтық бастамаларды» қолдау орталығы ҚЕАҚ-ның арнайы конкурсы шеңберінде берілген грант есебінен жүзеге асқан.

– Қазіргі уақытта өз кәсібіңді ашып, еңбек ету керек. Сондықтан біз уақыт ағымына қарай өз кәсібімізді бастауға бел будық. Бағдарлама жеңімпазы атанып, қайтарымсыз несиге қол жеткіздік. Ендігі кезекте ұлттық өнердің қайта жаңғырып, дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, – дейді Ж. Есімбеков.

Жобаның жалпы құны 500 мың теңге. Бүгінгі күні 2 жұмыс орны құрылып, 10 адам ұлттық өнердің қыр-сырын оқып-меңгеруде. Басты мақсат – ұлттық өнерді әдемі көрпелерге кестелей отырып дәстүрді қайта жаңғырту. Алғашқы кезеңде этно шеберхана ауыл халқын өніммен қамтамасыз етуге бағыттайды.

Сондай-ақ, Қапшағай қаласында көп балалы ана Жанат Медетқызы да «құрақ көрпе» құрақ бұйымдарын жасаудың ескі технологиясын ойдағыдай дамытуда. 15 жылдан астам тәжірибесі бар қолөнер майталманы қапшағайлық бойжеткендерге өз білгенін үйретуде.

Жанат Медетқызының айтуынша, бір күнде цех тігіншілері 40-50 қалыңдыққа арналған жасау жүктерін тіге алады. Әрбір өнімге тігіншілер білек сыбана кірісіп, тапсырыстың сапалы шығуына барын салады. Тігіншінің ойынша, құрақ тігісі көп уақытты қажет етсе де, көркемдік талғамды қажет ететін өте қызықты іс. Өйткені, түстер мен пішіндерді бір-бірімен үйлестіріп, үйлесімді үлгіге айналуы үшін таңдау керек. Құрақ жастықтар, көрпелер, жапқыш өзінің қанық түсті, сан түрлі оюларымен көптің таңдайын қақтырады. Цехта барлығы 20-дан астам өнім түрі шығарылады.

 «АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 

Бөлісу: