Ұлағатты ұстаз – ұлт тірегі

0
1504

 Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан келе  де бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп қазақ халқы  бағалаған.

Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ұстаздың борышы. Бала жаны жаңалыққа құмар, білмегенін білгісі келіп, белгісіз нәрсені ашуға тырысатын болғандықтан, бастауыш сынып мұғалімі олардың осы талпынысын дамытуға көңіл бөлу маңызды. Себебі, әр бала өз ойын еркін  айтып, тұлға болып қалыптастыру – басты міндет.

Жұмыс барысында әр үйдің бір-бір еркесін басынан сипап, әрбір айтқан сөзіне жауап беру  оңай шаруа емес екені анық. Бірақ,  оқушының оқу, жазу сауаттылығын, математикалық сауаттылығын, компьютерлік сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған арнайы жұмыс қалыптастыру бастауыш мұғаліміне артылар жауапкершілік. Оқушылардың оқуға деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, оны ұйымдастыру формасын түрлендіріп отыру – мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Мұндай жағдайда мұғалімнің шеберлігі, қабілеті үлкен рөл атқарады.

Бастауыш сынып мұғалімі оқушылармен қатар ата-анамен тығыз байланыста болу керек. Себебі, жас жеткіншек жеке адам болып қалыптасуы кезінде қоршаған ортамен қарым-қатынас жасап, орта тәрбиесі арқылы белгілі бір мазмұнға ие болады. Сонда баланың психологиялық  қасиеттерінің қалыптасуында оқу-тәрбие үрдісі бірінші орында.

Кіші мектеп оқушылары үшін мұғалім олар еліктейтін, үлгі алатын абыройлы жан. Олар ұстазының бүкіл іс-қимылына, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, адаммен қарым-қатынасына еліктейді. Сондықтан да, жауапкершілігі мол, адал да мейірімді, әділ де парасатты, рухани дүниесі бай педагогтар ғана балаға білім мен тәрбие беріп, оның жан дүниесіне әсер ете алады.

Қарлығаш ДАНАБЕКОВА,

№2 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.


ПІКІР ЖАЗУ