«ASYL JÚREK» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

0
2658

Алматы облысында 3000 астам жас көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға дайын. Олар күн сайын қиналғандарға демеу боп, көмек көрсетіп келеді. Еріктілер  еңбегі елеусіз қалмады. Талдықорған қаласының  Б. Римова атындағы драма театрында  «Asyl Júrek» жеңімпаздары  Алматы облысы әкімінің арнайы   сыйлығымен  марапатталды.

Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен  еріктілер азық-түлік тасып, дәріханалардан қажет дәрі-дәрмекті іздеп, көмекке зәру отбасыларға тамақ жеткізді. Осылайша, көмектің барлық түріне атсалысты. Коронавирус пандемиясы еріктілердің дайындығы мен бірлігін көрсетті.

Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Елдар Сапаров құттықтау сөзінде еріктілердің қайрат күші, ерік жігері жастарға  әр азаматқа үлгі екенін атап өтті.

«Мейірімділік әлемді құтқарады деп бекер айтылмаған. Мемлекет басшысы: Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз деп атап өтті. Біреуге қолұшын созып, көмек көрсету біздің қанымызда бар. Ата-бабамыз ежелден жетімін жылатпай,  жесірін қаңғыртпай өсірген халық. Сол үрдіс бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Еріктілер, әсіресе, пандемия кезінде ерлік көрсете білді. Сондықтан дәл осы бағыттан таймай, еңбек ете беріңіздер», –деді  басқарма басшысы.

Алматы облысында жыл басында 1000-нан  аса ерікті болса, қазір олардың саны 3000-нан  асқан. Арасында табиғат, жануар жанашырлары , құтқару қызметі мен медицина саласындағы батырлар бар.

Айта кету керек, бұл шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған еріктілер жылының ресми жабылуына орай ұйымдастырылуда . Бұл мақсатта, ұйымдастырушылар  1 ай бұрын байқау жариялаған болатын. Нәтижесінде, облыстың әр-аудан қаласынан 100-ден аса өтінім келіп түскен.

Салтанатты шарада ерікітілер:  Asyl Júrek: мұрагер, жан жылуы табиғат сүйер, жануарлар қорғаушысы, көзсіз ерлік , ТЖ волонтерлік, білгенімен бөліскен, шипагер сынды 8 номинация бойынша марапатталып, 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық, диплом мен сертификаттармен марапатталды.

«Asyl Júrek: Жан жылуы» номинациясы  «Харекет» қайырымдылық қорының Талдықорған қаласы бойынша жетекшісі Амангелді Толемісовқа бұйырды.  Айта кету керек, биыл бұл қордың жұмысын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жоғары бағалап, Алғыс хатпен марапаттаған болатын.

Жүректі елжіреткен «Asyl Júrek» шарасында көпбалалы, жалғыз басты ана Ақмарал Наурызбековаға көптен күткен баспананың кілті табысталды. Бұл  сыйлықты республикалық «Харекет» қайырымдылық қоры жасады.

Қайырымдылық шара  соңы «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі мен эстарада әншісі Қуандық Рахымның қатысумен мерекелік  концертке ұласты.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ