Қамданған қапы қалмайды

0
1106

«Өлмеген құлға» құлағы қылтиып, көктемнің көркі көріне бастады. Күннің күрт жылынуы тосын апаттарға апаратыны жасырын емес-ті. Әсіресе, қар қалың түскен таулы аймақтардағы қардың еруі, сай-саладағы тоңның жібуі, ауа райының жауынды-шашынды болуы тасқындарға ұласады. Табиғат апатына қанша жерден сақадай саймыз дегенмен, кейде ырық бермей кететіні бар. Бұл әсіресе, жайбасарлыққа салынып, «күннің көзі жылынса, арық-тоғандарды қалыпқа келтіріп аламыз» дейтіндерге үлкен сабақ болуы керек.

Мәселен, өткен жылы ақпан мен наурыз аралығында облыс аумағында жер тоңының қатуы 1 метр тереңдікте болуына байланысты, сонымен қатар ауа райының күрт жылынуынан қардың еруі, жауыншашынға ұласып, (Ақсу, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Қарасай, Көксу, Сарқан, Талғар аудандарында және Талдықорған қаласы) аумақтарындағы тұрғын үйлердің аулаларын су басып қалған-ды. Осы табиғат апаттары биыл да қайталанбас үшін Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті облыс аумағының тұрғындарына алдын-ала дабыл қағып, сақтық шараларын назарда ұстауды ескертуде. Биыл да, таулы өңірлерге қар қалың түсті, қыстың көзі қырауда жауын-шашынға ұласып, ақ қар көк мұзға айналды. Тоңның қалдыңдығы былтырғы деңгейден кем емес. Сондықтан, «қамданған қапы қалмайтынын ескертеміз» – дейді төтеншеліктер. Тосын жағдайларға дайындық мәселесін тілге тиек еткен төтеншеліктер биылғы су тасу кезеңіне Жетісу өңірі бойынша әзірленген жоспарға сәйкес ауа райы мен қауіпті деген аймақтар тұрақты бақылауда екенін айтуда. Мәселен, су тасқын қауіпті жағдайдың бағалау мақсатында 96 гидропост қойылыпты. Оның 65-і «Қазгидромет» және 31-і «Қазселденқорғауға» бағытталған. Су тасқыны жағдайы шиеленіскен жағдайға жалпы саны 3553 адам мен 969 бірлік техникасы, 30 жүзу құралдары және 155 бірлік мотопомпадан тұратын облыстың азаматтық қорғау мен жергілікті атқарушы орган қызметтерінің күштері мен құралдарының топтары құрылғанын айтуда. Сондайақ, қажетті ақпаратты халыққа бір мезетте жеткізу үшін, облыс және аудандар орталықтарында теле-радиохабар тарату (эфирлі және кабельді) арналарын ұстау мүмкіндігі бар. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті жедел-кезекші қызметтері ұялы операторлар арқылы мәтіндік SMS-хабарламаларды таратуды жүзеге асыратын болады» – деген Төтенше жағдайлар департаменті, халықты су тасқыны кезіндегі іс-әрекеттерге үйрету және ақпараттандыру жүргізіліп жатқанын хабардар етті. Бүгінгі күнде облыс бойынша су тасқыны жағдайы тұрақты және күнделікті бақылауда болғанымен, «Құдай да сақтанғанды, сақтаймын» деген ғой. Құдай, жамандықтың бетін аулақ қылсын. Әйтсе де, көктем келіп, күн көзі жылынғанда жылда әбігерге түсетін жергілікті билік өкілдері қазірден қ а м — қ а р е к е т жасауы тиіс. Себеп, табиғат апатын қанша жерден бақылауда ұстап тұрмыз дегенімен, кез келген жерден бұрқ ете қалуы мүмкін. Сонымен бірге облыс тұрғындары да қар суын болдырмау үшін аула-ларындағы арық тоғандардың су өткізу құбырларын қар мен қоқыстан уақытылы тазалап тұруы тиіс. Өйткені қауіптің басы осында тұр. Қар көшкініне қатысты 2018 жылы бекітілген қар көшкіні паспортына сәйкес, Алматы облысы бойынша Сарқан, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында және Текелі қаласында қар көшкіні аймақтарының ошағы бар. Қар көшкіні қауіпті кезеңіне байланысты халықтың және аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қар көшкіндері болатын өңірлерде 24 ақпараттық ескерту щиттары (Еңбекшіқазақта – 7, Сарқанда – 2, Текелі қаласында – 7, Талғарда – 7, Жамбылда – 1) орнатылған. Бұл бағытта да халықты ақпаратпен құлақтандыруда 1500-ге жуық брошюралар мен жаднамалар таратылған. Қар көшкіні орын алған жағдайда қарлы беткейде қайғылы оқиғалардың алдын алуға Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері «Қазселденқорғау» ММ қызметкерлерімен бірлесіп таулы аймақтарда орналасқан демалыс орындарында, шаруашылық жүргізуші субъектілеріге, тұрғындарға 600-ге жуық ескерту парақшаларын таратыпты. Әзірлік жұмыстарын нығырлай түсу мақсатында жергілікті атқарушы органдар және басқа да мүдделі ведомстволар мен ұйымдарының бірлескен іс-қимылдарын барлауда. Жыл басынан облыс аумағында өздігінен түскен 1 қар көшкіні тіркелгенін, жалпы түскен қардың көлемі 105 м3 құрайтынын айтты.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ