Ильичтің жарығына жарымадық

0
981

Іле ауданына қарасты Междуреченск ауылдық аймағындағы саяжайдың электр желісіне қатысты дау-дамайы 10 жылдан бері басылмай келеді. Қыстың қақаған сары аязында, жарықсыз қалып, соқыр теке ойнағандай майшамның жарығымен күн кешкен тұрғындар ақпарат құралдарын шулатып, көгілдір экранда көздерінің жасын көлдетіп жүр.

Алайда, саяжайда жарықсыз қалған бар жоғы 6-7 тұрғынның талаптары орынсыз дегендерге «Балтакөл» бақ өсірушілер серіктестігі» тұтыну кооперативінің төрағасы Ерсайын Ерқожа: «Балтагүл» мен «Балтакөл» атауы бөлек болғанымен, құжат бойынша екеуі бір серіктестік және ол өзіме тиесілі. Ай сайын жарық, су және саяжай бірлестігінің жарнасын төлеп отырмын», – деп жауап берді. Сонымен қатар, «Бұл жерді 2006 – 2007 жылдары басып алған. Жерді заңсыз иеленіп, кооператив құрған әйел сотталып кетті. Мұнда жан-жақтан көшіп келгендер қоныстанған. Аудан әкімшілігінен оларға жер берілді. Саяжайда 14 адам қалатын болды. Енді олар саяжайға мүше болып кіруі керек. Саяжайда тұрғандар бізге ештеңе төлегілері келмейді. Мұнда арыз жазып жүрген үш адам. Қамаш Таңатарова, Айшолпан Әзірбаева, тағы бір Власинка дегендердің қарыздары шаш етектен. Бұлар әлі қарызын төлемей отыр. Соңғы рет 29 сәуірде ескерттім, ешнәрсеге көнбейді, тегін тұрғысы келеді. Осы арыз жазған үш адамды саяжайдың мүшелігіне қабылдамаймыз деп шештік. Олар шуылдап Астанаға, анда-мында жазған. Прокуратура да, Ішкі істер органдары да біздің ішкі ісімізге араласа алмайды. Кооперативтің өзінің заңы бар, мен осы заңға және Құдайға ғана бағынамын. Мен заң бұзсам сотқа берсін. Бұл жерде ең бірінші Іле ауданының әкімдігі кінәлі. Саяжайдың арғы жағындағы тұрғындар біздің кооперативке мүше болып кірді. Солардың екі-үшеуі Әлмұратова мен Әзірбаеваның үгіттеуімен «Біз сендерге жарықты тегін әпереміз» дегенге еріп жүр. Екінші Іле ауданының кемшілігі «Біз сендерге трансформатор әпереміз» деп шу шығарған. Содан олар бізге трансформатор әпереді, бәрі тегін болады дейді. Бізде 16 бағана бар, оған тартылған сымға ешнәрсе қоса алмайсыңдар, ал үйдің ішіне трансформатор қойсаңдар біздің келісімдерімізді аласыңдар деген шарт қойдық. Өйткені, жер – кооперативтікі. Бізге 14 адам 3 миллион 337 мың теңге қарыз. Оның барлығы – бұрынғы сотталып кеткен әйелдің құрған кооперативінің мүшелері. Біз оларға қызмет көрсетуді міндетімізге аламыз. Тек олар бізбен келісімшартқа келіскен жағдайда ғана», – дейді. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» дегендей, жарықсыз қалып, туған-туысты сағалап жүрген саяжайдың тұрғындары 150 мың теңге төлеп, Ерсайын Ерқожа құрған «Балтакөл» бақ өсірушілер серіктестігі» тұтыну кооперативіне кіргілері жоқ. Себеп, қалт-құлт етіп күндерін әрең көріп отырған 6-7 тұрғынның қомақты қаражат төлеуге шамалары жоқ көрінеді. Осы жайдың анық-қанығын білмек болып біз Іле аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының төрағасы Қанат Рахимовқа хабарластық. Оның айтуынша, бұл саланы бақылау оның құзырына жатпайды екен. Бұл мәселе бойынша ауыл әкімі Серік Әбдібекұлымен байланысуымды өтінді. Ауыл әкімінің берген мәліметіне жүгінсек, электр желісі Қарасай ауданынан келеді. Мұндағы  барлық мүліктік қатынастар тұтыну кооперативінің ішкі жарғысына сәйкес жүргізілуі тиіс. Он жылдан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан бұл дау-дамайдың кесірінен саяжайдағы тұрғындар қыстың көзі қырауда жарықсыз қалуда.  Осы мәселеге қатысты біз демеушілер арқылы бес бағана да алып бердік. «Балтакөл» бақ өсірушілер серіктестігі» тұтыну кооперативінің төрағасы Ерсайын Ерқожаның өз ұстанымы бар. Әрі бұл бізге емес аудан балансына қарайды. Ауылдың маңайында тұрғандықтан саяжай тұрғындарымен бұл серіктестік береке-бітімге келгенін қалаймыз. Алайда, Ерсайын Ерқожаның қара суықта тұрғындарды жарықсыз қалдырғаны еш қисынға келмейді, – деген пікірін айтты. Кезінде төрт-бес мың долларға сатып алған үйлеріне жарық кіргізе алмай әуресарсаңға түскен саяжай тұрғындарының бармаған тауы, аттамаған босағалары қалмапты. Арқадағы Ақордаға дейін шағымданып, өркениеттің көшіне ілесе алмай қараңғы үйде, пілте шаммен отырған тұрғындар «Владимир Ильич Лениннің жарығына жарымадық» деп жылайды.

Айтақын  МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ