Күреңбелден түлеген қанат

0
1460

Қанат бауырыммен 1998 жылы Талдықорған облысы тарап, Алматы облысына қосылып, дүние астаң-кестең болып жатқанда, журналистік сапармен Қоғалыға әдейі іздеп барып таныстым. Ол кезде шағын бизнес дегеннің аты да, заты да жоқ. Әркім өзінше тыраштанып, ұжымшарлар тарап, ауылшаруашылығы талан-таражға түсіп, ауыл тұрғындары шілдің қиындай шашырап жатқан кез еді. Қараша қауымның күн көруі қиындап, базар жағалап, алып-сатарлықты ар көретін қазаққа осы кәсіпті меңгеру қажет болған дәуір туған. Күн көру қиындап, дәрігер де, мұғалім де, қаламгерлер де, қыл аяғы мемлекеттік қызметкерлердің өздері шарадай бастары шақшадай болып, елді ұйыстыра алмай, әуре-сарсаңға түсіп жатқан-ды.

Телевидение камерасын көтеріп, операторды жетектеп, Күреңбелдің баурайындағы Тезектөренің ауылына, Қанатқа бардым. Әрі журналистік сапармен әрі күнкөріс қамымен жылу сұрай барғанымды несіне жасырайын. Жаркенттен шыққан жампоздың «Қарлығаш» деп аталатын өндіріс мекемесінде 200-дей жұмысшы істейді екен. Картоп өнімінен крахмал; қарақұмық, күнбағыстан сықпа май алып, астық егіп, нан өнімдерін өндіріп, Алматыдағы кілем фабрикасына, Шығыс Қазақстанға, қарақұмықты әскери бөлімшелерге өткізіп, алыс-беріс жасап, кәсіпорынның шаруасын дөңгелетіп отырыпты. Көңілі көктемдей, мінезі Қоғалының қоңыр салқын самалындай ағаммен мен осылай таныстым. «Бұл өңірге қалай келіп қалдың?» деген сауалыма «Ата-анам бес жасымда осында көшіп келіпті. Осында түледік, шаруаның баласымын, 1966-1976 жылдары аралығында мектепті оқып, үздік тәмамдадым. Одан кейін совет әскері қатарында Северный флотта үш жыл әскери борышымды өтедім. 1980-1985 жылы Алматы қаласының Қазақ ауылшаруашылығы институтын бітіріп, «Қоғалы» совхозында жұмысшыдан бастап осы ауылда және «Голубиновский» сохоздарында автогараж меңгерушісі, совхоздың бас инженері қызметтерін атқардым. Жалындай жанып тұрған кезім, студент кезімде де топтың жетекшісі едім. Ұйымшылдықты, тәріпті жаным қалайды. Осындай іскерлігімді аңғарған аудан хатшысы Яковлов Петр Дмитриовичтің шақыруымен ауданда ауылшаруашылығы бірлестігінің орынбасары болдым. Арада Мәскеуде директорлық қызметтің алты айлық курсына оқуға жіберді. Ол кезеңдерде кадр мәселесіне аса мән беретін. Қолынан іс келетін азаматтарды жоғарылату үшін арнайы курстардан өткізіп, резервке қоятын. Қайта құру басталғанда Талдықорған облысының обком партиясы мен Гвардия ауданының райком партиясының ұсынысы бойынша жас маман ретінде ауылшаруашылығы тауарларын өндіру мекемесі құрылып, мені директорлыққа тағайындады. Міне, содан бері осы мекемені басқарып келемін», – деді. Сөзі де, мінезі де жұмсақ, қолға алған кез келген істі дөңгелетіп алып кететін тау тұлғалы азаматпен одан кейін де араласып-құраласып, туыстық қарым-қатынасымыз ұлғайды. Өткен күндерге көз салып қарасам, Қоғалы ауданы кезінде 30 мың тоннаға дейін картоп өндіретін. Соның 10 пайызға дейін кесілген ұсақ картоптарын сорттап, крахмал шығаратын осы Қанат Ботайұлы басқарған өндіріс орны болатын. Ол кезде Қазақстанда крахмал шығаратын бірде-бір өндіріс орны осы Қоғалыдан басқа жерде болған жоқ. Қарақұмық (гречка) қоймаларда мал азығы ретінде жататын. Соның көзін тауып, есебін біліп, әскери горнизондарға өткізіп, қоластындағы жұмысшылардың еңбекақыларын азықтүлікпен есеп айырысқан кезеңде, Қанат Бекиев жұмысшыларына жеңіл және ауыр автокөліктерін сыйға тартып, үй алып беріп, ынталандырып, ауданның балабақшасына, мешітіне және әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созып тұрды. Астықты өлке болса да ауданда диірмен деген атымен болмаған, сол диірменді іске қосып, астықтан нан өндіріп, Қоғалы өңірін ас атасы нанмен қамтыды. Мұны қазір айтуға оңай болғанымен сол уақыттарда елдің кебек шылап жегендерін ел ұмыта қойған жоқ шығар. «Елде болса ерінге тиер», бұл да бір өтпелі кезең ғой» дейтін, құдды бір көріпкелдей. Сол айтқаны айдай келді. Тәуелсіз елдің іргесі бекіп, шаңырағы шайқалмай, экономикасының қарышты дамуына Қанат Ботайұлы да елеулі үлес қосты. Оның ұйымдастырушылық қабілетін білген Елбасы онымен екі мәрте кездесіп, шығарып жатқан өнімдерін көрген-ді. Дүниенің бәрі жекешеленіп жатқанда өзі басқарған мекемені ол да жекешелендірді. Кейіннен құдай қосқан қосағы Гүлжәмила жеңгеміз босанып қызды болғанда кәсіпорынның атын «Қарлығашты» перзентіне қойған-ды. Бұл күнде сол Қарлығаш бұраңбел арулардың қатарында. Қарлығаш деген киелі құс қой. Оның айырқұйрық атануы туралы ертегі бар. Балапаны үшін шырылдап, жыланмен алысады. Нарық та сол жылан сияқты сұсты. «Нарықты бағындыру, «Қарлығаш» өндіріс орнын аман сақтап, ұжымды ұйыстырып ұстау, солардың қайысқан қабырғасын түзету менің мойнымда болды» деген Қанат Ботайұлының нарық салған сүрлеуден оңайлықпен өтпегенін көруге болады. Қолма-қол есеп айырылысатын қаражаттың жоқтығынан алыс-беріс әрекеттерге көшіп, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» алып шығу бұл іскерлікті, білімді ұштастыра білген, әр істі парасат пен пайымды шеше білетін басшыға ғана тән қасиет. Бұл бағытта Қанаттың жолы болды. Ол тек қана ауылшаруашылығымен ғана тоқталып қалған жоқ, құрылыс саласында бағын сынап көрді. Нарықта не сұраныс болса саған орай бейімделе білді. Қапшағай қаласында бір үлкен компаниямен бірлесіп, өзінде бар ауыр техникаларды ұсынып, бірлесіп жұмыс жасады. Бүгінде Алматыға қарай жол тартсаңыз Қапшағайдағы көл жағасындағы демалыс саябағы «Freedom», «Ривьера», қаладағы «ХҚКО» және төртінші шағын аудандағы 38-тұрғын үй, «Самал» кафелерінде Қанаттың қолтаңбасы тұр. 2006 жылы Кербұлақ ауданында тасқын болып, күре жолдардың бойындағы көпірлерді шайып кетті. Ауданда ол кезде бірде-бір құрылыс мекемесі жоқ болатын. Ауданды басқарған Азат Нұрахметұлы Қанатқа қолқа салып, «Сарыөзек», «Сарыбастау» және «Жоламан» ауылдарына қатынайтын көпірледі жөндеуге қол ұшын созды. Қай салада жүрсе де тайға басқан таңбадай ізігілікті істері жарқырап жатқан азамат ауылшаруашылығынан қол үзген емес. Елу жылдығына орай, Кербұлақ аудандық мәслихатының шешімі бойынша Кербұлақ ауданының құрметті азаматы төсбелгісі берілсе, Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан «Ауылшаруашылығының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Гүлжәмила жеңгеміз де ауылшаруашылығы институтын бітірген, жолдасы салған сүрлеу жолды ол да шиырлап келеді. Бүгінде жеке шаруа қожалықтарында 100 гектар жер бар, оның сыртында жалға алып 1000 гектарға дейін астық, жуа, қызылша дақылдарын егіп, қоластындағы жұмысшыларға жұмыс көзін ашып беруде. Өнімді өндіру бар да, оны өткізу бар. Міне бұл бағытта жолдасы көрсеткен бағытбағдардан жаңылмаған жұбайы, Шеңгелдідегі жуа өндірушілердің бастарын біріктіріп әрі Алматы облысындағы «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп, ЖШС АГРО сервис құрып, 150 гектарға тәтті түбір егіп, маңайындағы 30-дан астам кіші шаруалардың жерін жыртып, егінін егуге әрі науқан кезінде жинап алуға техникалық көмектерін беріп келеді. Осы сервис орталығының басшысы да – Гүлжәмила жеңешеміз. Жеңгеміз Гүлжәмила – Орынбордың қызы. Отбасының тұңғышы, үлкен әулеттен шыққан сегіз баланың үлкені. «Аңсағанға сусаған жолығыпты» дегендей, Қанат та – үйдегі тоғыз баланың тұңғышы. Екі әулеттің тұңғыштары жоғарғы оқу орнында жүріп, қол ұстасып өмірге қадам басқандарына биыл – 35 жыл. Кіндіктерінен өнген бес баладан 4 немере сүйіп отыр. Қанаттың анасы, Гүлжәмиланың енесі Күмісхан апа құрсағынан өрген тоғыз баласының қызығын көріп, немерелерінен шөбере сүюде. Қанат пен Гүлжәмила үйлерінің тұңғышы болғандықтан өзінен кейінгі ініқарындастарын, сіңлілерін отаулап шығару да солардың жауапкершілігінде. Татулықтары мен берекесі ұйысқан Қанат пен Гүлжәмила жеңгеміз 14 келін түсіріп, 7 қыз ұзатып отыр. Қанаттың соңынан ерген Қайрат, Бейбіт, Алдан, Рүстем «Қызылшоқы», «Ақбастау», «Мәди» шаруа қожалықтарын біріктіріп Кербұлақ ауданы көлемінде 7000 гектар жерді иегеріп, мал шаруашылығымен айналысуда. 100-ден астам отбасыларға жұмыс көздерін ашып беріп, үлкен нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізуде. Бұл шаруа қожалықтары Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолынан жеңіл автокөлік пен құрмет мақтау қағаздарымен марапатталған. Ал, Айтқали Бекиев інім ауылшаруашылыққа қажетті техника мен автомашиналарды шаруаларға ұсынуда. Оңал мен Алмас ішкі істер органдарында лауазымды қызмет атқаруда. Өмір дейтін алып кеменің капитаны Қанат Ботайұлы асқаралы 60 жасқа толуда. Алпысты қазақ тал түс деген. Алты белесті бағындырған «тал түсіңіз» құтты болсын, бауырым! Мемлекеттің ауылшаруашылық саласында сайдың тасындай ірілік танытып, алғырлықтарымен көзге түскен Қанатқа «Мемлекеттік қызметте жүрген пайдалы ма, жоқ жеке кәсіппен айналысқан пайдайлы ма? – дедім. – Кәсіп деген сан-салалы. Өзің би, өзің қожа. Әр адамның Алла Тағала берген қарымқабілеті бар. Етік, көйлек тіксең де, өз таңдауын жасаса ұтылмайды. Қазір ауылшарушылығына миллиардтаған субсидия беріліп жатыр. Бірақ үлкен мәселе бар. Әр министр келгенде алдыңғы кеткен министрдің реформасын жалғастырса нұр үстіне нұр болар еді. Міне, бізде ауылшарушылығында әлі жүйе жоқ. Кейде бөлінген субсидия шаруаларға жетпей қалатыны рас. Ол әсіресе шағын бизнестегілерге қиын. Мемлекеттік қызметте жүрген әріптестерім субсидияны бермейін деп отырған жоқ, соның ережелері дұрыс емес. Жылда өзгереді. Жыл аяғында тексеру басталады. Өйткені бір заңға бір заң қарама-қарсы, – дейді.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ