Өңірдегі барлық мектеп интернет желісіне қосылған
Алматы облысының білім беру жүйесін цифрландыру тұрақты түрде жүргізілуде. 2020 жылы білім нысандарын интернетке Wi-Fi технологиясы арқылы қосу үшін жергілікті бюджеттен 156 мектепке 454 млн. теңге бөлінсе, интернеттің жылдамдығын арттыру үшін 522 млн. теңге бөлініпті. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Өңірдегі 760 мектептің барлығы интернет желісіне қосылған. «Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету» республикалық жобасы аясында 2020 жылы жоғары жылдамдықты интернетке 77 мектеп қосылды. Сонымен бүгінгі таңда 527 (69,3%) мектеп оптикалық-талшықты, мыс кабелі (4 Мбит/с және одан жоғары) арқылы және 233 (30,6%) мектеп спутниктік байланыс (4 Мбит/с және одан төмен) арқылы қосылған. Аудан орталықтары мен қалалардың барлық мектептері жоғары жылдамдықты (4-10 мб/с) интернетпен толық қамтылған. 483 мектеп немесе 63,5% Wi—Fi технологиясы арқылы интернетке сымсыз қатынай алады (2018 жылы – 41%). 2020 жылы жергілікті бюджеттен 156 мектепке 454 млн. теңге бөлінді. 2020 жылдың соңында Wi-Fi технологиясы негізінде Интернетке қосылған мектеп саны 639 немесе 84% болады» –делінген хабарламада.
Жалпы өңір мектептерін компьютерлік техникамен жабдықтауда 50453 компьютердің 39903-і, яғни 79 пайызы ауыл мектептеріне тиесілі екен. Ал, ақпараттандыру бағдарламасы бойынша 2019 жылы 1639 компьютер сатып алу үшін 376,9 млн.теңге бөлінсе, биыл 1802 компьютер сатып алынған. Мұнымен қоса 2020 жылы 1155 мұғалімді компьютермен жабдықтауға 311,8 млн. теңге бөлініпті.
«Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне бүгінгі таңда облыстағы 704 білім беру ұйымы қосылса, «BilimLand» білім беру платформасына қосылу 100 пайызды құраған. Сол сияқты 2019 жылдың қыркүйегінен бастап барлық мемлекеттік колледжде Платонус жүйесі енгізілген. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 52,5 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 34 колледж «Platonus білім беру процессін автоматтандыру» жүйесін пайдаланады.
«Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы мен облыстық білім басқармасының арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес қабылданған шаралардың нәтижесінде 2021 жылдың басында IT-сыныптардың жалпы саны 119-ға жетеді деп күтілуде.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»