Жақсы кітап — жан азығы
Газетіміздің өткен санында Көктал ауылында қатымхана ашылғанын және осы салтантты шарада жазушы Ырым Кененбайдың «Батыр бабалар ізімен» атты тарихи-танымдық жинағының тұсауы кесіліп, көпшілікке тарту етілгенін жаздық. Сол кітап турасындағы ағалар пікіріне құлақ түріп көрелік.
Тортай ІЗБАСҚАНОВ, Еркін ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
–«Батыр бабалар ізімен» тарихи – танымдық жинағы өте орынды шықты деп есептеймін. Себебі, жинақта жазылған әрбір дүние біздің келешек ұрпақтың кемел тұлға болып өсуіне үлкен септігін тигізеді. Әсіресе, көптен бері есімі аталмай ұмытылып бара жатқан Есберлі бабамыз жайлы жазылғаны көңілге қуаныш сыйлайды. Заманында ол кісіні «Ел қорғаны Есберлі» деп атаған екен. Әлі күнге дейін ұрпақтары есімін ұлықтап келеді. Елім, жерім деп жан аямай күрескен осы батырлар болмаса қазіргі жағдайымыз қандай болатынын тіпті елестетудің өзі қорқынышты. Сондықтан бұл кісілерді ұлықтап, олардың есімдерін ұмытпай, ел тыныштығы жолында жасаған істерін ұрпаққа жеткізіп отыру біздің міндетіміз деп білемін. Аталарымыз «Тарихқа мылтық атсаң, болашағың сені зеңбірекпен атады» деген. Тарихымызды дәріптеп, ұлтымыздың мәңгі сақталуы үшін осындай тарихи кітаптар шығып жатқанына қуаныштымын.
Қажет АНДАС, облыстық «Жетсіу» газетінің тілшісі:
– «Жақсы кітап – жан азығы» дегендей, қолымызға қандай да бір жаңа туынды түссе, әсіресе, тарих пен елдік шежіреге қатысты дүниелер болса жалықпай ақтарып шығу әдетке айналған. Міне, қолыма тағы да бір керемет еңбек түсті. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен, «Қадырғали би Қосымұлы Жалаири» Халқаралық қоғамдық қорының жанындағы редакция алқасының құрастыруымен жарыққа шыққан «Батыр бабалар ізімен» атты тарихи-танымдық жинаққа Жетісу жерінен шыққан данагөй батыр бабаларымыз: Орақ батыр, Жолбарыс батыр, Сыпатай батыр, Ескелді, Балпық, Қабылиса әулиелер, ел қорғаны Есберлі, Тәттібай мерген туралы мақала, күні кеше сұрапыл Ұлы Отан соғысының жаужүрек батыры Кемел Тоқаев туралы естелік, арнау өлеңдер беріліпті. Жалпы, жинақты құрастырған жазушы-баспагер Ы. Кененбайдың көп тер төккенін кітапты парақтап көрген адам түсінеді.
Бұл кітаптағы Қалқа Жапсарбаевтың «Орақ батыр», Құлтай Нұрқалбайұлының «Ұрпаққа ұран болған», Кенен Әзірбаевтың «Сыпатай батыр», Өмірәлі Жалаиридің «Ескелді батыр», Сәрсенбі Дәуітовтің «Қабан жырау», «Балпық би», Наурыз Қылышбаевтың «Тәттібай мерген», Ырым Кененбайдың «Ел қорғаны Есберлі», Ораз Исмайловтың «Жолбарыс батыр», Әзілхан Нұршайықовтың «Ер есімі ел есінде» Сайлау Тойлыбаевтың «Кемел Тоқаев туралы толғау» тақырыбында жазған туындылары әркімді бей-жай қалдырмайды. Оқырманға берері көп дүниелер деп санаймын. Әрине, әр оқырман оқыған кітабынан өзіне керекті, жанына жақын ақпараттарды іздейтіні белгілі. Менің көзіме ең алдымен «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Әміре Әріннің «Бабалар ізімен» атты Қытай еліне барғандағы сапарнамалық, тарихи-танымдық еңбегі түсті. Осы сапарнаманың ұйымдастырылуына себеп болған Мұқалы бабамыздың мәлім де, беймәлім өмірін түгендеген жазушы-тарихшы, Қытай Халық Республикасы Жазушылар одағының мүшесі Ақбар Мәжитұлының «Мұқали және жалайырлар» атты мақаласын да сүйсініп оқып шығуға тура келді.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын», – деп келіп, шетелдегі архивтермен жұмыс жүргізіп, қазақ тарихына қатысты дүниелерді жинақтауды тапсырды. Жоғарыдағы екі мақала осы міндеттің үдесінен шыққан дүниелер деп бағалауға болады.
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алғалы бері Қытайдағы қазақ тарихына қатысты мұрағаттарды жинастыру, оны елге оралту жайлы тиянақты жұмыстар істеліп жатыр. Үкіметтің көмегі, ғалымдардың еңбегінің арқасында тарихымызға қатысты біраз дүние түгенделді. Бірақ, ол арқылы біз Қытай мұрағаттарындағы тегімізге қатысты дүниені түгелімен түптеп алдық деп айта алмаймын. Жазба тарихының ұзақтығымен және сақталған қыруар тарихи архивтердің молдығымен ерекшеленетін Қытай елінде сақтардан, ғұндардан, үйсіндерден қалған мұралар, қазақ ұлтына қатысты деректер өте мол. Рас, Қытайдағы біраз дүние Кеңес одағы немесе одан да бұрын орыс немесе Еуропа тарихшылары мен жиһанкездері тарапынан осы жаққа жетті. Бірде Қытай мұрағаттары туралы қытайдағы қазақ тарихшылары аударған нұсқамен, орыс және Еуропа ғалымдарының аудармасы арқылы қазақшаланған нұсқаны салыстырып көріп едім. Екеуінен екі түрлі ұғым қабылдайсың. Оны қытайша нұсқасымен салыстырып көретін болсақ, тағыда парықтылық мен мұндалап тұрғаны байқалады. Өкінішке орай, ондағы ел, жер атауы, хандықтар мен патшалардың есімдері, тіпті қазақты құраған ру-тайпалардың атауына дейін орыс тіліне бейімделіп жазылған. Былайша айтқанда, бізге жеткен деректің өзі дерексіз ұғымға қарай жетелейді. Шын мәніне келетін болсақ, ежелгі Қытай архивтеріндегі құнды мұраларды орыс түгілі, осы күнгі қытайдың жас тарихшылары да оқи алмайды. Өйткені, Қытай мұрағатындағы ежелден сақталған мұрағаттар көне қытай жазуымен жазылған. Оны сауатты оқып, салыстырмалы түрде бүгінгі тілде түсіретін аудармашылары тым аз.
Осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы болып тұрған жылдары оның төрағалығымен өткен Сенат отырысында сенатор М. Бақтиярұлының: «Цин династиясы кезіндегі архивтердің көбі алдымен мәнжур тілінде жазылып, кейін Қытай тіліне аударылған. Қытайдағы архивтерді ақтаруда тек Қытай тілін білу аздық етеді. Керісінше Қытай тілін, көне Қытай жазуын жетік білумен қатар, мәнжур тілін білетін маман ауадай қажет. Жаңа қытай жазуымен аударылған архивтерді Қытай өз мүддесіне бейімдеп аударып жібереді. Сондықтан түп нұсқаны қарау керек», – деген ойына толық келісемін. Ал, Ақбар Мәжиттің «Мұқали» атты тарихи-танымдық еңбегі қолымызға көп түсе бермейтін Қытай архивтеріндегі мұрағаттардың түп нұсқасы бойынша дайындалып, ұсынылған бағалы дүние. Сондықтан ондағы әрбір дерек құнды, қазақ тарихындағы ақтаңдақтарды толықтыратын тұшымды дүние ретінде пайдалануға әбден болады.
Қытайдағы қазақ мұралары жайлы тағы бір айта кетейін дегенім, қазіргі Қытайда мемлекеттік қызметке қабылдау үшін қытай тілі мен 24 тарихтан сынақ алады. 24 тарих дегеніміз – Қытай тарихындағы 24 патшалық тарихының жалпы баяны. Сол 24 тарихта біздің ата-бабаларымыздың ерлік күрестері жазылған. Тіпті, соның бірнешеуін біздің қандастар жазған. Осы 24 тарихтың ішіндегі Суң, Лияу, Жин патшалықтарының тарихын жазған Тото Мазартайұлы Баян немересі қазақтың меркіт руынан шыққан тарихшы. 1314-1355 жылдары өмір сүріп, Юуан патшалығының Узуң (Бөржігін Хайсан), Рын Зуң (Бөржігін Рибадида) патшалардың тұсында қызмет еткен саяси қайраткер. Ал осы үш кітаптың бас сарапшысы Теміртас қазақтың қаңлы руынан шыққан оқымысты. Су Би Хай мырза айтқандай: «Меркіт руынан осыншама маңызды, әйгілі тарихи және мәдени тұлғаның шығуы Фуан патшалығы дәуіріндегі қазақ мәдениеті тарихындағы жарқын шұғыла болып қала береді». Бұдан асырып айта алмаспыз. Бұл ретте айтарым, сол бабаларымыздың ұлы мұрасын бүгінде миллиардтар елінде үлкен еңбектер істеп жүрген Ақбар Мәжит ағамыз жалғастырып келеді. Алдағы уақытта да біздің қолымызға түспеген талай тың дүниелерді тауып, тарихқа сусаған шөлімізді қандыратыны белгі.
Жалпы, Егемен елдің әрбір перзенті алдымен тарихын толық тануы, сосын ана тілін барынша құрметтеуі керек. Оқырманға жол тартқан бұл бағалы еңбек сол екі қастерлімізді қадірлеу үшін рухани көмекші болатындығы анық. Ендеше, «Батыр бабалар ізімен» атты кітапты сіз де бір парақтап шығыңыз.
ТҮЙІН ОРНЫНА: Тарих өткеннің ғана емес, болашақтың да тұтқасы. Танып тағылым алар шынайы тарихы болмаған ел, зағип жандай, бір күннің көлеңкесінде өмір кешеді. Оған қоса бұрмаланған тарихы болса, одан асқан қайғы жоқ шығар сірә. «Халықсыз – тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ» дегендей, ұлттың қалыптасуында шынайы тарихтың алатын орны бөлек. Ел егейлерінің ерлік істері мен халықтың тыныштығы үшін жасаған әрекеттері баяндалатын «Батыр бабалар ізімен» тарихи – танымдық жинағының халыққа берері көп.
Мадина МҰРАТБЕКҚЫЗЫ