Өңірде жиналған жүгері 580 мың тоннадан асты

0
2904

Алматы облысы диқандары басымдық беретін дақылдардың бірі – жүгері. Биыл облыстағы жүгерінің егістік алқабы 4,7 мың гектарға арттырылып, 86,4 мың гектарға жеткізілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде 581,3 мың тонна жүгері жиналып, гектарына 67,3 центнерден өнім берген. Ал дәндік жүгері 15 аудан мен 2 қала аумағында өсіріледі.
Биылғы жылы Панфилов ауданында 166,1 мың тонна жүгері жиналса, Еңбекшіқазақ ауданы да жақсы өнім алып, 24,8 мың гектардан 178,9 мың тонна жүгері жинады. Облыста жүгері шикізатын өңдеу мен одан түрлі өнім алу ісі де қатар дамытылып келеді. Мәселен, өңірде жүгері өңдеумен Панфилов ауданындағы «Жаркент крахмал-сірне зауыты» мен Қарасай ауданындағы «Азия Агро Фуд» АҚ айналысады.
Жаркент крахмал-сірне зауытының өндірістік қуаты тәулігіне 300 тонна өнім шығаруға жетеді. Кәсіпорын крахмал-сірне өнімдерінің 20-дан астам түрін шығарады. Атап айтқанда, жүгеріден мальтоза және глюкоза шырындары, глютен, жүгері майы, жарма, түйіршіктелген құрамажем жасалады. Өткен жылы зауыт 120 мың тоннадай жүгері өңдеген. Қазір зауытта биылғы жылдың өнімін өңдеу жұмысы қарқынды жүруде.
Осындай жұмыс «Азия Агро Фуд» АҚ-да да атқарылуда, оның өндірістік қуаты тәулігіне 200 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Кәсіпорын өнімнің 10-нан астам түрін дайындайды. Өткен жылы зауытта 50 мың тоннадай жүгері өңделсе, биыл бұл көрсеткішті 70 мың тоннаға жеткізу көзделген.

* * *
Сонымен қатар биыл Алматы облысында 790,1 мың тонна картоп жиналды. Ал орташа өнімділік әр гектарына 196 центнерден айналды, егіс алқабының көлемі 40,3 мың гектарға жеткізілді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәлімет бойынша облыста картоп өсірумен 17 аудан, 2 қала айналысады. Соның ішінде картопқа басымдық беретін өңір – Райымбек ауданы. 2018 жылы аталмыш ауданда 5,6 мың гектардан 111,8 мың тонна өнім жиналып, шығым әр гектарына 197,8 ц. құраса, 2019 жылы 6,0 мың гектардан 125,0 мың тонна өнім алынып, өнімділік 208,4 ц/га болған. Ал биыл 6,0 мың га жерден 130,0 мың тонна картоп жиналып отыр, бұл ретте орташа өнімділік гектарына 215,2 центнерге жеткен. Мұндай көрсеткішке көрсетілген мемлекеттік қолдаулардың арқасында қол жеткізілді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 


ПІКІР ЖАЗУ