Апатты үйдегі апа жанайқайына құлақ түріле ме?

0
1700

Тозған үй, тоқыраған үміт. Қанша жерден сылап-сипап жасырғанмен жасының егделігі менмұндалап тұратын кәрі адамның бет-әлпетіндей тозған, көнерген үйлердің сиқы қаланың сұрқын кетірмесе, сәнін асырмайтыны рас. Мәселе сән-салтанатта емес, халықтың жай-күйінде, тұрмыс-тіршілігінде. Көнерген, тозған үйлерде тұруға халық шіркін төзіп келгенімен, үйдің өзі қаншалықты шыдас береді?!

ОСЫНДАЙ апатты деп танылған ескі үйдің тұрғындарының бірі өзінің жанайқайын жеткізіп, үніне құлақ түрілсе дейді.
«Мен, Цай Лидия Петровна, Талдықорған қаласындағы Шевченко көшесіндегі №133 үйдің тұрғынымын. Екі бөлмелі пәтерде қызым, күйеубалам және 18 жастағы немереммен тұрып жатырмыз. Үйдің іргесі 1958 жылы қаланған. Бүгінгі күні қабырғасы қақырап, іргесі де сөгілуге жақын, қысқасы жарамсыз қалыпта. Орталықта тұрған бұл үйді тексеруге келген арнайы комиссия мүшелері ресми түрде «апатты» деп таныған еді. Шынын айтқанда бұл үй жөндеуге келмейді. Шатырдан су тамшылап, үйдің қабырғалары жарылған. Ал оны сылап-сипап жасырғанымызбен, жаңбыр жауса сол баяғы таз қалпына қайта түседі. Бөлменің төбесі де салбырап, терезелерден жел үрлеп тұрады. Қанша от жақсақ та, ескі үй жылуды ұстап тұрмайды.
Өзім де, қызым да бірінші топтағы мүгедекпіз. Мәселемді айтып өткен жылы Талдықорған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесіне барғанмын. Олар маған барлық құжатты жинауға қолұшын созды. Үйді жарамсыз деп танудың алдында арнайы комиссия құрылып, келіп көрді. Сонымен қатар қалалық соттың арнайы шешімі де шығарылды. Яғни, бұл менің меншігімдегі үй болғандықтан баламалы тұрғын үймен қамтамасыз етуде соттың арнайы шешімімен бұл үйден бас тартуға тура келді. Қазір үй менің атымда емес, ендігіде жаңа баспана беріле ме деген үмітпен жүрмін. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесінің басшысы жаңа жылдан кейін арнайы қаражат бөлінсе, мәселеңіз шешілер деген-тін. «Мүмкін жаңа баспана салынар» деп еді. Бірақ, үйді салып біткенше қай уақыт, оны күтуге менің уақытым аз. Неге? Себеп, сол денсаулығыма байланысты. Жасым болса 73-те, қазіргі жағдайым мынау: жүрекке операция жасалып, арнайы аппарат арқылы жүрмін. Мына суықтан жүректі жұмыс істетіп тұрған аппарат, тігістің орны шіріп жатыр. Мұндай аппаратпен ұзақ жүре алмайсың. Менің осы үніме биліктегілер құлақ түрсе екен деймін. Ендігі қалған күндерімді жарық, жылы жерде өткізіп, адамша өмір сүргім келеді. Жоғары жақта отырған жақсылар қарт анаға қайырымдылық танытар деп сенемін» – деген Лидия апамыз өткен жылдың басында қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың қабылдауында болғанын, сол кезде шаһар басшысы қарамағындағыларға осы іс бойынша бір жетінің ішінде құжаттарды жинап, үстеліне қоюларын тапсырғанын айтты.
ӨКІНІШКЕ орай, қажетті құжаттарды жинауда арада төрт-бес ай өтіпті. Іс алға жылжымай, апамыз күн аралатып қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесіне қоңырау шалумен болған. Ескі үйдің жырына денсаулығын қосып қабаттастыруымен ондағыларға әбден сүйкімсіз болыпты.
«Адамгершілік танытып, менің жайыма құлақ түріңіздерші. Қазіргі жағдайым күрт төмендеп барады. Денедегі тігістің орны қабынып, шіруде. Егер, бұл ішкі ағзаларға жайылып кетсе, хәлім не боларын, кім білсін?! Сондықтан, мүгедетігімді ескере отырып тездетіп шаруамды шешіп берсе деймін. Әрине, менің мәселемнен бөлек бұл үйде көмекке мұқтаж тағы 8 пәтердің тұрғыны бар. Олардың құжаттары да қалалық ТКШ-да жатыр. Бірақ, менің құжаттарым денсаулығыма орай қалалық сотқа жолданды. Екі рет сот өтіп, екеуінде де маған мемлекеттен пәтер немесе тұрғын үй массивінен баспана беру туралы шешім шығарды. Бірақ, мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағыларға тұрғын үй массивіндегі үйге бара алмайтынымды айттым. Себебі, мына түріммен маған тұрақты температурадағы үй қажет. Ал, жеке үйлерде газ болғанымен ол бірде бар, бірде жоқ. Сондай-ақ, қалалық ТКШ басшысына пәтер бергенде өзімнің жалғыз емес, қызым, күйеубалам және немереммен тұрып жатқаным ескерілуі қажеттігін айтқанмын» – дейді ол.
Апатты үйдегі апаның айтуынша 63 жылдан бері тұрған үйге осыдан жеті-сегіз жыл бұрын жөндеу жасалыпты. Мұнда тұрып жатқандардың өздері де қолдарынан келгенінше үйді жөндеп, жамаумен келеді екен.
«Бірақ, одан еш пайда жоқ. Себебі, үй каркастан салынған. Жөндеген жер артынша опырылып, түсіп жатады. Барлық үйге газ тартылды. Біздің үйіміз өртке қауіпті болғандықтан кіргізілмеді. Пеш жағып, үйді жылытамыз, тамақ істеу үшін газ балонын пайдаланамыз. Басқаларында әр бөлмеде батарея орнатылған, менде ол да жоқ. Сол суық бөлмеде күнелтіп, тұрып келеміз. Сырттан суық үрлемесін деп терезені одеялмен тұмшалап, жауып жүрміз. Осындай суық, жағдайсыз жерде күнелтіп, күн кешудеміз» – деп қамыққан қарт ананың жанары жасқа тұнып сала берді.
Жаңа жылдың алдында Лидия Петровна қалалық ТКШ-ның басшысымен сөйлескенінде ол қала әкіміне кіріп, бар жағдайды айтқанын, жуық арада нақты шешім шығып қалатынын жеткізген. Ал, өткен жылдың басында шаһар басшысына өзі жолыққанында ол сондай жылы қарсы алып, мәселені шешіп беруге уәде еткен екен.
«Қолдағы жинаған құжаттарыңызбен қала әкіміне қайта кіріп көрмедіңіз бе?» – деген сауалымызға орай ол: – Әлбетте, кіруге талпынып көрдім. Алайда кезекте тұрған адам көп болғандықтан, мен 267-ші болып жазылдым. Кезегім қашан келер дейсің деген оймен мәселемді тезірек шешу үшін тұрғын үй мәселесіне жауапты әкім орынбасары А. Бегмановқа жо-лықпақ болдым. Өкінішке орай оған да кіре алмадым… Қала күнінде үй берілді. Егер әкімге жолыға алғанымда сол кезде-ақ ілігіп кетер ме едім, кім білсін?».
ШЕВЧЕНКО көшесіндегі №133 үйді біз де аралап көрдік. Іргетасы шіріп, шөккен үйдің ескі терезелерін суық кірмесін деп одеялмен қымтап қойыпты. Қабырғасы әр жерден сөгіліп, ағаштан жасалған еден мен баспалдақтың әбден тозығы жеткен. Шатырдан ағатын жаңбыр суынан қабырғалар да сарғайған.
Осы орайда біз апатты үйдегі апаның жанайқайын жеткізуде Талдықорған қаласы әкімдігіне қоңырау шалдық. Қабылдау бөлмесінде отырған қыз бізді қала әкімінің көмекшісіне қосты. Өзін Мухамат Қуанышұлы деп таныстарған жігіт айтылған мәселені тыңдап, әкімге жеткізетінін және біздің телефон нөмірімізді жазып алып, өзі хабарласатынын айтты. Бұл аптаның дүйсенбі күні болатын.
Сейсенбі күні түске дейін жауап болмаған соң әкімнің қабылдау бөліміне қайта телефон шалуымызға тура келді. Телефон тұтқасын көтерген қызға «Алатау» газетінен қайта хабарласып тұрғанымды, әкімнің көмекшісіне қайта қосуын сұрадым. Ол болса, кеше бұл жерде басқа қыз отырған еді, мүмкін болса не мәселемен хабарласып тұрғаныңызды айтсаңыз екен деген соң, оған да бар мәселені егжей-тегжейлі түсіндіріп бердім.
Ол әкімнің көмекшісі жоқ екендігін айтып, осы іске тікелей жауапты орынбасар Асқар Әбдіғалиұлына хабарласыңыз деді. Сөйтіп, хатшы қыз берген әкім орынбасарының телефонына қоңырау шалдым. Тұтқаны орынбасар емес, көмекшісі көтерді. Өзін Аманжол Нұрланұлы деп таныстырды ол. Осылайша, оған да апатты үйде тұратын апаның жағдайын жайып салдым. Сөзімді бөлмей, мұқият тыңдаған көмекші жігіт мән-жайды Асқар Бегмановқа жеткізіп, өзі хабар беретінін айтты. Айтқанындай, хабарласты.
ҚЫСҚАСЫ, Шевченко көшесіндегі №133 үйдің тұрғыны Лидия Цайдың мәселесі бойынша әкім орынбасары Асқар Бегманов онлайн түрінде жүздесетінін айтты. Онлайн қабылдау бейсенбі күнгі сағат 16:00-ге белгіленгендіктен, бұл мәселе бойынша нақты қандай шешім шығарылғандығы туралы газетіміздің келесі нөмірінде хабардар етіп, жазатын боламыз. Бастысы, қарттың сөзіне құлақ түрілсе болғаны да…

Шевченко көшесіндегі апатты деп танылған екі қабатты ескі үй.

Р.S. Қала әкімінің есеп беру жиынында Талдықорғанда жалпы саны 103 апатты пәтер бар екені айтылды. Олардың жалпы алаңы 4 мың шаршы метрден астам, онда 254 адам тұрады. Бұл үйлер Кивилев, Абылай хан, Шевченко көшелері мен Подхоз 1-бөлім-шесінде орналасқан. Оларды сүру және тұрғындарына басқа баспана сатып алып беру мәселелерін шешуге бюджеттен 5,2 млрд. теңге қажет. Облыс әкімі бұл жұмыстарды бірнеше кезеңге бөліп, атқаруды тапсырған болатын.

С. ӘЙТЕНОВА.

 

Кілтсөздер:МӘСЕЛЕНАЗАР


ПІКІР ЖАЗУ