Өз заманының заңғар ұлы

0
2079

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында, қызметкердің отбасында дүниеге келген. Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, елу жыл ел ағасы болған, Қазақстанның гүлденіп, дамуына үлкен үлес қосқан, үш мәрте Социалистік еңбек ері атанған ұлы тұлғаның туған күніне орай Талдықорған қаласындағы Дінмұхамед Ахметұлының ескерткіші маңына жиналған қауым қоғам қайраткерінің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Сонымен бірге ұлы тұлғаның ел дамуы жолындағы ерен еңбектерін айтып, еске алды.
– Дінмұхамед Қонаев ақсақалымыз дана кісі еді. Бүгін міне, Талдықорған қаласының төрінде тұрған ескерткішінің басына Жетісу өңірінің әр жерінен ақсақалдар мен жастар келіп, басымызды иіп, тағзым етудеміз. Мен Алматы облысы Кеген ауданында қызмет етіп жүргенде ауданға екі мәрте ат басын бұрды. Бұл 1965 және 1976 жылдар еді. Алғаш келгенде-ақ көліктен түсе сала ерінбей жалықпай жиналып тұрған әрбір адамның, тіпті балалардың қолын алып амандасқаны да есімізде. Оның жүрегі таза, көңілінде кірбің жоқ, ақ ниетті жан екеніне сол кезде куә болдық. Шотландиядан, Англиядан 25 бас сиырдың ерекше тұқымын алдырып, табыстап кетті. Біз сол тұқымды жеткізу үшін шаруашылық құрып 15 жылдың ішінде 3500 басқа көбейттік. Сонда жылда бақылауға келгенінде, құрметі сондай керемет азамат, ең алдымен малшының қолын алып, сенің қолың май ғой, сенің арқаң деп малшымен амандасып, одан кейін барып басшылармен амандасатын. Ол кісі Қазақстанда 63 қаланың іргесін қалаған. 50 жылдың ішінде 63 қала салып, жоқтан бар жасады, – дейді қала тұрғыны Жақан Ақаев.
Ескерткіш алдына жиналған қауым арасында Дінмұхамед Ахметұлының қарапайымдылығын сөз еткен жандар аз болмады. Ол кісіге деген құрметі, сыйластығы сондай, қай жылы кездескендерін де ұмытпай есте сақтаған. Ақсақалдар пікірінше, халқы үшін аянбай еңбек еткен азаматқа қоғамда лайықты құрмет көрсетілмей келеді. 63 қаланы тұрғызған адамға бір қаланың аты берілу керек деген ниеттерін де жасырмады.
Жиналған қауымның арасында Қонаевтанушы, Қонаев мұражайының жетекшісі Хания Есдәулетқызы да болды. Жастарға осы кісінің атқарған қызметтерін, қандай азамат болғанын жеткізсем деген Хания апайымыз Д.Қонаевқа арнап өз қаражатынан 100 дана брошюра шығарған.
– Димаш атамыз қайталанбас ерекше тұлға. Қазақты қазақ етіп, біздің ұлттық санамызды, қазақи парасаттылығымызды бүкіл әлемге, 17 республикаға танытқан азамат. Осы кісінің адамгершілігін кейінгі жас ұрпақ білсе екен деп Қонаев атамыз жайлы төрт кітап жаздым. Қазір Қонаев мұражайында қызмет атқарамын. Кейінгі жастар дәл сол атасындай әділ де адал, сөзіне тұрақты, ісіне жауапкершілікті, саналы болса деген ниетпен үлгі көрсету мақсатында іс-шаралар өткізіп жүрмін. Бермен деген інісі жаңа жылдың алдында Бақанас ауылына ескерткіш қоймақшы еді елдегі жағдайларға байланысты кейінге қалдырылды. Алматы облысы бойынша былтырға дейін 17 ескерткіш болған, қазір 21-ге жетті. Алакөл ауданында, Ақшиде тас орналасқан, Зейнеп Қойшыбаева театрының алдында ескерткіші бар. Соған орай брошюра шығарған едім. Ішінде Қонаевқа байланысты үш сұрақтың жауабы бар. Бірінші Қонаев кім, таза қазақпа деген сұрақ. Екінші ол кісі имандылық жолына қалай келді және үшінші ол кісінің парасаттылығы кімнен, қалай келді деген сұрақ. Бұл кісінің еңбегін ешкім ұмытуы мүмкін емес. Сондықтан осы келген елдерге рахмет айта отырып, Қонаев атаның аруағы қорғап қолдап, жолы ашылып, біздің қазақ екенімізді білдіретіндей, саналы да білімді, жан-жақты азаматтарымыз көбейсе екен деймін. Бұл кісінің сызып кеткен жолымен жүретін азаматтар бар екеніне мен сенімдімін. – дейді мұражай жетекшісі. Қызығы Хания апайымыз мұражайдағы қызметі үшін ешкімнен ақша алмайтын көрінеді. Тек Д. Қонаевқа деген құрметімен ризашылығын білдіру мақсатында қызмет атқарып жүр.
Қазір Талдықорған қаласында «Дінмұхамед Қонаев қоғамдық қоры» жұмыс істейді. 2014 жылы құрылған қордың жетекшісі Кәдіржан Жексенов. Айтуынша қордың мақсаты теңдесі жоқ қасиетті тұлғаның қалдырған ұлағатты істерін ұрпаққа үлгі ету. Осы мақсатта облыстағы белгілі азаматтардан жиналған 11 адам қорға мүшелік етіп, жұмыс атқаруда. 2015 жылы қоғам қайраткерінің құрметіне 400 адамға ас беріліп, көрме ұйымдастырылған. 2019 жылы Панфилов ауданында мектепке Д.Қонаевтың есімі берілді.
Өз заманының ұлы саясаткері бола білген Димаш атамыз билік басында болған уақыт қаншалықты қиын болғанымен елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді.
Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырған. Дінмұхамед Ахметұлы арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды.

Мадина АКМАТОВА

Кілтсөздер:МӘСЕЛЕ


ПІКІР ЖАЗУ